Өнер • 21 Қараша, 2022

Зергер

604 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ел іші – өнер кеніші» деп, жүрген жерімізде ағаштан түйін түйетін, темірді қайыстай илейтін шеберлерді сұрастыра жүреміз. Ұшыраса кетсе, сұхбаттасамыз. Өйткені өнер адамының әлемі өзгеше...

Зергер

Өткенде Самарды аралап жүріп, аудандағы жалғыз зергер Оралбек Бекқалидің шеберханасына бас сұққанбыз. Бұрын ұста, зергер көп еді, қазір ілеуде біреу. Алайда ұлттық бұйымдарға деген сұраныс жоғары. Наурыз­да ғана еске түсетін шапанды күнделікті киіп, тақияны сән­ге айналдырдық. Бұрымына кү­міс шашпау байлаған қыз­да­рымыз бен құс тұмсық сақи­на, зерлі білезік таққан апа, әже­лерімізді көріп қуанамыз. Саптама етік киіп, күміс бел­дік тағынған жігіттеріміз қа­лай айбарлы көрінер еді?! Руха­ни жаңғырудың бір белгісі осы дер едім. Енді ұлттық құнды­лық­тарымыздың сапасын сақ­тай отырып, санын көбейтсе шір­кін. Ол үшін Оралбектей шебер­лерді қолдауымыз керек. Иә, қолдаудың түрі көп. Ал өнер ада­мына шынайы қолдау керек.

Оралбек зергердің шеберханасына бас сұқтық дедім ғой, сөйтсек шеберхана дейтіндей еңселі ғимарат емес, үйінің аядай ғана бір бөлмесі. Қолы күнделікті тірліктен қалт етсе, шағын шеберханасында сақина, білезік секілді ұлттық бұйымдар соға­ды. Күміс тапшы болғандықтан, көбінесе тапсырыспен ғана жасауды жөн көреді. Тапсырыстың өзінен табыс табайын деген ойы жоқ. Өнерден қол үзіп қалмау үшін әшекей жасаймын дейді өзі.

– Әкем Бекқали Нияшұлы ұста кісі болған. Ауылда таға соғу, ат тағалау әкемнің жұмысы-тұғын. Сандық, кебеже секілді жиһаздарға дейін жасады. Содан болар, темірден түйін түюге қатты қызықтым. Алматыда Абай атындағы педагогикалық университетте суретшіліктің оқуын оқып жүріп, дипломдық жұмысты зергерліктен қорғай­мын деп шештім. Педагогикалық мамандық болғандықтан, соңғы екі-үш ай ішінде ғана оқыдым, үйрендім, дипломды ойдағыдай қорғадым. Кейін шынайы айналыссам деген ниет болды. Үй ішінен шеберхана аштым. Бірақ бұл жұмыстан қыруар қаржы түспейді. Мен үшін ақшасы да маңызды емес, өнерден қол үзбесем болды, – дейді Оралбек Бекқали.

Өнерді қасиет тұтқан, қадір тұтқан азамат екен. Шығармашылығы қанатын кеңге сермеу үшін рас, кеңдеу шеберхана керек-ақ. Ол енді уақыт еншісінде шығар. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бекзат өнерді өлтірмейін деп жүрген Оралбек зергер Қытайдың Алтай өңірінде, Шығыс қыстағы деген жерде туып-өскен. 2005 жылы елге өтіп, 9-11 сыныпты Күршімнің Бурабайында оқыған. Мектепті тәмамдай сала арман қуып, Алма­тыға аттанған. Сонда Кәм­шаттай сұлуды жолықтырып, отбасын құрған. Бүгінде балалы-шағалы бақытты отбасы. Жары Кәмшат Айтау да суретші. Қолөнермен айналысады.

ош

Оралбектің шеберханасында әрі кетсе, жарты сағат қана әңгімелесіп отырдық қой деймін. Сол уақыт ішінде зергер алқаның салпыншағын жасап көрсетті. Қараған көзге оп-оңай сияқты. Қыл арамен күміс пластинадан шаблонға сызылған оюды ойып алды-дағы, қабыршық­ты күміске жапсыра қойды. Оны отқа ұстады, күйдірді, әйтті-бүйтті... Әңгімелесіп отырып, кішігірім әшекейді зерлеп, әрлеп жасап бере қойды.

– Бұл жай ғана шеберлік сағаты болсын. Әйтпесе, құс тұмсық жүзікке, құдағи жүзікке, неке сақиналарына ұзақ айналамын. Оюының өзін ұқып­пен әдемілеп саламын, – деп қобдишасында жатқан құдағи жүзік пен зерлі білезікті үстелдің бетіне қойды.

Құдағи жүзік дегені қос саусаққа тағатын жүзік екен. Бет­кі жағы екі таспен зерленген. Әдемі. Әдемілігінен бұрын терең пәлсапаны айтыңыз. Атам қазақ екі балам қатар болсын деген мағынада құдағиына осындай жүзік сыйлаған ғой. Иә, қазақ­тың әр дүниесі терең мағынаға, тәрбиеге толы. Сондай дүниені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан зергерлердің, ісмерлер­дің сабақтастығы үзілмесе екен дейміз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы