Аймақтар • 21 Қараша, 2022

Жастардың танымын кеңейткен жоба

310 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық студенттер күні аясында Шымкентте өткен арнайы іс-шара барысында «Smart student» сайысының жеңімпаздарына сый-сияпаттар тапсырылды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында өзін өзі басқару тетігі іске қосылған. Аталған жүйені дамыту мақсатында студенттер арасында байқау ұйымдастырылды. Түрлі мамандықта оқып жатқан жоғары оқу орындары тәлімгерлерінің білім деңгейін, таным-түсінігін арттыруға бағытталған сайыстың өтуіне қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы бастамашы болды.

Жастардың танымын кеңейткен жоба

Мерекелік іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Айсұлу Ерниязова арнайы келді. Қалалық ішкі саясат және жас­тар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов та байқаудың қонағы болды. Өз кезегінде шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттері толы зал жастар жиынының көрігін қыздыра түсті.

Іс-шарада алғашқы болып сөз бастаған А.Ерниязова студенттерді мерекелерімен құттықтап, мемлекеттің келешек ұстыны жастар екенін айтып, оларды толғандырған кез келген мәселе ашық талқылану қажеттігін атап өтті.

– Біз кеше ғана Түркістан қаласында болдық. Онда министрлік жанындағы студенттер кеңесінің алғашқы отырысына қатыстық. Тұтас республикадан келген 80-нен астам жоғары оқу орындары студенттерінің делегаттарымен бірге білім саласындағы күйіп тұрған бірнеше мәселені талқыға салдық. Сонымен бірге студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, олардың да ұтымды ұсыныстары мен ойлы пікірлерін тыңдадық. Ендігі жерде осы ұсыныстарды басшылыққа алып, сол арқылы ауқымды да маңызды жобаларды жүзеге асырамыз. Әлбетте, жастардың бойында бұла күш бар. Қоғамның айнасы да жастар. Сондықтан бүгінді өзгертетін, келешекті жарқын ететін, ел ертеңін қалыптастырушы студент жастар деп білсек, олардың да мәселесіне көңіл бөліп, барынша ашықтық пен еркіндік мазмұнында байланыс орнатуымыз керек, – деді Ғылым және жоғары білім министрінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі.

Осы тұста айта кеткен жөн, Шымкент қаласында жоғары оқу орындары арасында өзін өзі басқару жүйесінің енгізілгеніне біршама уақыт болды. Осы аралықта қыркүйек айынан бастап студенттер ортасында зияткерлік ойындардың сайысы басталды. Жастар осындай байқауда өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Өз ойларын ашық жеткізуді, пікірлесу барысында өз ұстанымына басқаларды сендіре білуді үйренді. Сонымен бірге көшбасшы студенттер өздерінің белсенділігін байқатып, жалпы жастар осы сайыстар арқылы өзара тәжірибе алмасты.

– Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы тұрғындардың 240 мыңнан астамын жастар құрайды. Мегаполисте Президент тапсырмасына сәйкес тиімді жастар сая­сатын жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірден-бір айғағы ретінде «Smart student» секілді ауқымды жобаны ерекше атауға болады. Ең маңыздысы, осындай жобалар арқылы жастардың өресі өседі. Білімін арттыру нәтижесінде келешекте бұдан да үлкен мүмкіндіктерге қарай жол ашылады. Қазіргі қоғамда жастардың табанды еңбек етуі маңызды. Қаламызды гүлдендіретін, әділетті Қазақстанды құратын ертеңгі жастар. Осы жолда бізге үлкен сенім артылып отыр. Яғни жастар мемлекетті өркендету ісіне белсене атсалысар болса, еліміздің жақын келешекте үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне өз басым кәміл сенемін. Жоғары оқу орнында тәлім алып жатқан жастардың студенттік шағы Қазақстанның тарихи кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалардың басталғанын білесіздер. Әр салада қолға алынып жатқан іс көп. Халқымыз ашық әрі әділ қоғам құруды қолдап, сол идея төңірегіндегі бірлік туы астында топтасып жатыр. Сондықтан елдің жаңғыруы әлбетте жастарға тамаша мүмкіндік сыйлайды. Сонымен бірге зор жауапкершілік жүктейтінін де естен шығармаған абзал. Ендеше, студент жас­тарды интеллектуалды жобаларда белсенді болуға, биікке самғауға шақырамын. Ал бүгінгі жоба жеңімпаздарының марапаты құтты болсын, әрдайым жолдарының ашық болғанын тілеймін, – деді басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы.

Мерекелік іс-шара соңында басқарма басшысы жобаға белсене атсалысқан және жүлделі орын алған жастарға арнайы сыйлықтар табыстады. Жарыс қорытындысына келсек, І орынды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті алды. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ІІ орын иеленді. Академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті ІІІ орынға тұрақтады. Зияткерлік сайыста оза жапқан барша жеңімпаздар дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

 

ШЫМКЕНТ