Экономика • 21 Қараша, 2022

Әйелдер кәсіпкерлігі – дағдарыстағы драйвер

477 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Экономикалық дағдарыс жағ­дайында микро, шағын және орта бизнес субъектілеріне арты­лар сенім жоғары. Өйткені аталған сектор қысылтаяң шақта жаңа жұмыс орындарын ашудың драй­вері бола алады. Соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігінен көп үміт күтілетіні де жасырын емес.

Әйелдер кәсіпкерлігі – дағдарыстағы драйвер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Расында да, бизнестегі бұрымдылардың орны бөлек. Сол себепті әлем елдері әйел­дер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше ден қойып отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біздің ел әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыра отырып, оны экономиканы нығайтудың бірден бір құралы ретінде пайдалана бастады. Шағын және орта бизнес әйелдер үшін негізгі кіріс көзіне айналып келеді. Өйткені олардың көпшілігі өз істерін отбасыларына көмек ретінде бастайды. Кейін көкжиегін ке­ңейтеді. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтқан­дай, әйелдердің кәсіпкер ретіндегі қызметі елде бизнес жүргізуге жасалған жағдайдың тиімділігіне тәуелді. Бұл ретте еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі қанатқақты жоба өз бизнесін бастайтындар мен оны одан әрі дамытатындар үшін экономикалық мүмкіндіктерді арттыруға бағытталған.

– Әйелдер кәсіпкерлігі бел­гілі бір кедер­гілерге тап болатыны белгілі. Өкініш­ке қарай, мұндай кедергілерді ең­серу ер адамдарға қарағанда әйелдерге әл­де­қайда қиын соғады. Негізгі кедергілердің қатарында ақпарат­тың жеткіліксіздігі, қаржы­лан­дырудағы шектеулер, әкімшілік рәсімдердің күрделілігі секілді мә­селелер бар. Сондықтан оларға бұл істе көмектесу – ел Үкіметінің міндеті. Дәл осындай ниетпен осы жыл­дың наурызынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында еліміздің барлық өңі­рінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмысын бас­тады. Бұл жоба Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріп­тестікте әрі COVID-19 пандемия­сымен күресте Қазақ­стан үшін Ынты­мақтастық қоры шең­берінде Азия даму банкінің қар­жылық қолдауымен іске асырыла бас­тады. Бұл әйелдердің экономикалық бел­­­сенділігін ынталандыруға, сон­­дай-ақ Әйелдер кәсіпкерлігі орта­­лықтарын тұрақты дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде «amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр аза­матқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының 24-тар­мағына қол жеткізуге мүм­кін­дік береді, – дейді Т.Жақ­сылықов.

Орталықтарда әйелдерге 7 қызмет түрі көрсетіледі. Олар – қажеттіліктерді бағалау; бейіндік оқыту, бағыттар бойын­ша оқы­ту (әлеу­меттік кәсіпкерлік, тұты­ну кооперациясы, краудинвес­тинг, SMM); менторлық; биз­несті бағалау; ақпа­рат­тандыру; әйел­дерге арналған ха­лық­аралық жо­баларға қатысу, жаб­дық­тарды ірік­теу бойынша консультациялар беру. Әйелдер орталықтарға телефон немесе чат арқылы офлайн және онлайн режімде жүгіне алады. Барлық облыста әйелдермен тұрақты байланыста болу, олардың өтініштерін өңдеу, облыстық дең­гейдегі іс-шараларды жариялау және ағымдағы мәселелер бойын­ша кеңес беру үшін жергілікті чаттар құрылған.

«Орталықтарға бизнес ашу, қаржылан­дыруды тарту және өнімді өткізу арнала­рын кеңейту мәселелері бойынша жұ­мыс істеп жүрген кәсіпкер әйелдер де, кә­сіпкерлік бастамасын жүзеге асы­руға ниетті бұрымдылар да жүгінеді. Олар негізінен кәсіпкерлік бастамасы бар, бірақ бизнесі жоқ әйелдер (55 пайыз) және бизнес субъектілері (45 пайыз). Әр аймақта орталықтарда кем дегенде бір ментор бар. Ол тәлімгерлікпен орта есеппен 10 әйел кәсіпкерді қамтиды. Бүгінде 207 әйел кәсіпкер ментор қызметімен қамтылған. Еуропалық сапа менеджменті қорының әдіснамасы бойынша Бизнесті сыртқы бағалау 170 кәсіпорын арасында жүргізілді. Оқытылған әйелдердің жалпы саны – 2 929. Олардың дені Түркіс­тан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыс­тары мен Астана және Шымкент қалаларына тиесілі», деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Оқыту бағыттары бойынша оқыту курстарының бір бөлігі орталық аппарат деңгейінде өткі­зілгенін атап өт­кен жөн. Мысалы, әлеуметтік және коопе­ра­тив­тік кәсіпкерлік бойынша оқыту, SMM курстары, киім конструкциялау және көкөніс шаруашылығы курс­тары Ал­­маты облысының Шелек ауылын­да ұйым­­­дастырылған. Тігін, тамақ және нан-то­қаш өнім­­дерін өндіру, бьюти индус­трия секілді салалық курстар өңір­­лік деңгейде өткізілген. Жо­ға­рыда аталған курстарды таңдау әйелдердің сұранысы мен қажет­тілігіне байланысты болған. Бар­лық оқыту курсы әйелдердің қа­жет­тіліктеріне сәйкес өткізіледі.

– Сондай-ақ әйелдерді оқытуды өзек­тендіру және оларды қажетті құ­зырет­терді алу мен бизнесті жүр­гі­зуге ын­таландыру мақсатында бүкіл рес­пуб­лика бойынша жеке өсу және биз­нес-құзыреттерді дамыту жөніндегі ынтымақтастық негізінде вебинарлар өткізіледі. Ол үшін ZOOM-плат­форма мен бенефициарлар ұсынылатын және барлық ниет білдірген әйелге апта са­йы­н онлайн мастер-класстар өткізетін сарапшы спикерлер өтеусіз негізде ша­қырылады. Нақты факт ретінде Текелі қаласындағы тігін цехын келтіруге болады. Жетісу облы­сының Текелі қаласында орта­лықтың қол­дауымен тігін цехы ашылды. Бұл өңірде іске қосылған үш тігін цехының бірі, – дейді Т.Жақсылықов.

Цехтың негізін қалаушы – «Алтын ине» ЖШС директоры, көпбалалы ана Қымбат Қасейн. 2022 жылғы наурыз айында Қымбат Алматы облысында орналасқан орталыққа жүгінген. Онда консультация беріліп, бизнесін ілгерілетуге жәрдем көрсетілген. Енді орта­лықпен және Іскер әйелдер ке­ңесімен әріптестік орнатқан іс­кер әйел алғашқы тігін цехын ашты. Онда 10 тәжірибелі әйел жұмыс істейді, олардың көпшілігі көпбалалы аналар. Одан бөлек, үйден жұмыс істейтін тағы бес әйел бар. Олар кәсіпорындар үшін арнайы киімдер, ұлттық бұйымдар және басқа да тоқыма бұйымдарды тігеді. Сон­дай-ақ ателье форматында жұмыс істейді, ер­есектер мен балаларға арналған киімдер тігеді.

Орталықтың менторы Свет­лана Оңғар­баеваның айтуынша, осындай тігін цехтары Ақсу және Көксу аудандарында ашылып, онда көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен жас қыздар жұмыс істейтін болады.

Орталықтар ерекше балалардың аналарына үлкен көмек көрсетеді. Оларды оқу бағдарламаларына, мастер-кластарға және тренингтерге шақырады. Әйелдерге ар­налған бизнесті жүргізу мен кеңейтудің мүм­кіндіктері туралы хабардар етеді. Мысал ретінде ерекше ба­ланың анасы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының тұр­ғыны Назгүл Насиеваның кейсін айтуға болады. Назгүл – «Renewal.kz» ЖШС-ның директоры, «Толағай» сауда брендінің өкілі. Жа­ңадан құрылған компания Қазақстан, Жа­пония және Қытай арасындағы халық­аралық келісімшарттық өндіріс болып сана­латын балаларға арналған бір реттік жөр­гек­тер шығарумен айналысады. Ал тауар белгісі Жамбыл облысында патенттелген және Еуропалық экономикалық одақтың мем­лекеттік тіркеу туралы куәлігі бар.

– Жөргектердің құрамы 100 пайыз био­логиялық ыдырайтын шикізаттан тұрады, бактерияға қарсы жабыны бар, иісі жоқ, гипо­аллергенді болып саналады, – дейді Н.Насиева.

Компанияның жергілікті на­рықта жұмыс істеп жатқанына 2-3 ай уақыт бол­­ды. Сондықтан артықшылықтарына қарамастан, оларға брендті танытуға, сон­д­ай-ақ өнімді сатуға көмек қажет. Өңір­­лік кәсіпкерлер палатасының қол­дауы нәтижесінде орталықпен, Іскер әйел­дер кеңесімен бірлесіп Назгүл жас кәсіп­кер ретінде «Қазақ­стан­ның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсына қатысты. Осы сәттен бастап адамдар орталықтың теле­грам арнасында халықаралық оқу бағдарламалары, гранттар және басқа да мүмкіндіктер туралы үнемі уақтылы хабардар етудің нәтижесінде «Толағай» жөргектері туралы көбірек біле бастады.

– Қазіргі уақытта өңірлік кәсіп­керлер пала­та­сымен бірлесіп Жамбыл облы­сы­ның ірі сауда желілері мен дәріха­наларында жөргектерді сатылымға шы­ғару бо­йынша жұмыс жүргізілуде. Ерек­ше баланың анасы болған­дықтан, өзім сияқты басқа аналарға өзін танытуға көмектескім келеді. Дәл осындай ниеттің нәтижесінде сіңіргіштігі 900 мл дейінгі және 8-12 сағатқа дейін құрғақтықты қамтамасыз ететін жөргектер жасау идеясы пайда болды. Келесі қадам – оны сатуға арналған пор­тал-сайт құрып, онда ерек­ше балалардың аналарын жұмысқа орна­ластыруға да мүмкіндік жасау, – дейді ол.

Бүгінде өңірлердегі Әйел­дер кәсіп­кер­лігін дамыту орталық­тарында 7 335 әйел консультация алғанын және олар­дың қажет­тіліктерін анықтау жұмыс­тары жүр­гізілгенін атап өткен жөн. Көр­­­сетіл­ген қызметтер, оның ішін­де ха­­лық­тың әлеуметтік осал топтары санатына жататын әйел­дерге көрсетілген қыз­меттер саны – 21 500-ден асады. Жү­гінген әйелдердің арасында 30-49 жас ара­лығындағы әйелдердің және 17-29 жас аралығындағы жас қыздардың белсенділігі артқан. Консультациялық қызметтердің көбі әйелдерді одан әрі оқуы үшін проблемалары мен қажеттіліктерін анықтау (45 пайыз), қажетті оқыту­ды таңдау (23 пайыз), жабдықты (4 пайыз), бизнесті жүргізуді (15 пайыз), сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік пен кооперацияны оқыту (13 пайыз) бойын­ша консультация беруге тиесілі.

Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы шағын және орта бизнес­тегі бұрымдылардың көбеюі­мен расталып отыр. Ал Әйел­дер кәсіпкерлігін дамыту орта­лық­тарының қазіргі қызметі әйел­дердің оқуға және өз бизнесін да­мытуға деген қызығушы­лы­ғының зор екенін көрсетеді.