Сайлау • 21 Қараша, 2022

Қазақ елі өз жолын айқындады

192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы ел өміріндегі маңызды саяси оқиға – кезектен тыс президент сай­лауына түскен кандидаттарға дауыс беру аяқталды. Дауыс беру еліміздегі сайлау учаскелерінің негізгі бөлігінде 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында 10033 сайлау учаскесінде Қазақстанның 8 299 501 азаматы өз таңдауын жасады. Бұл – сайлаушылардың 69,43 пайызы.

Қазақ елі өз жолын айқындады

Өңірлерден жеткен деректерге көз жүгіртсек, Абай облысы бойынша – 80,18, Ақмола облысы бойынша – 78,87, Ақтөбе облысы бойынша – 72,81, Алматы облысы бойынша – 72,10, Атырау облысы бойынша – 70,87, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 68,67, Жамбыл облысы бойынша – 79,57, Жетісу облысы бойынша – 81,42, Қарағанды облысы бойынша – 78,39, Қостанай облысы бойынша – 79,28, Қызылорда облысы бо­йынша – 81,7, Маңғыстау облысы бойынша – 66,99, Павлодар облысы бойынша – 77,58, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 79,1, Түркістан облысы бойынша – 80,37, Ұлытау облысы бойынша – 75,48, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 79,49, Астана қаласы бойынша – 48,60, Алматы қаласы бойынша – 28,72, Шымкент қаласы бойынша 59,79 пайыз тұрғындар дауыс берді.

Сонымен қатар 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 мыңнан астам Қазақстан азаматы дауыс беруге мүмкіндік алды. Дауыстарды санау нәтижелері аумақтық сайлау комиссияларының отырыстарында белгіленіп, Орталық сайлау комиссия­сына екі күндік мерзімде жеткізіледі. Сайлаудың алдын ала қорытындылары 22 қарашаға дейін жариялануға тиіс. «Ел ішіндегі барлық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Бүкіл кезең бойы дауыс беру үдерісін кандидаттардың сенім білдірген өкілдері, саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары бақылады. Қорытынды статистика бүгін ұсынылады. Сайлаушылар тізіміне қосылмаған және тіркеуі жоқ азаматтарға да дауыс беру мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде, 2 260 сайлаушы сондай мүмкіндікке ие болды», деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Сағат 22.00-дегі жағдай бойынша шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанынан ашылған 68 учаскенің 24-і жұмысын аяқтады. Дауыс беру тек 44 учаскеде жүріп жатыр.

Жалпы, сайлау күні таңғы 7.00-ден бастап Абай облысында – 475, Ақмола об­лы­сында – 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жеті­су облысында – 447, Қарағанды облысын­да – 642, Қостанай облысында – 745, Пав­ло­дар облысында – 528, Солтүстік Қазақ­стан облысында – 640, Түркістан облы­сында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қала­сында – 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ал қалған 5 өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Аты­рау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызыл­орда облыстарындағы 1 883 сайлау учас­ке­сінде дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 07-00-де, яғни астана уақытымен сағат 08-00-де басталып, сағат 21.00-де аяқталды.

Сайлау заңнамасында көзделген тәр­тіп­пен аумақтық комиссиялар дауыс бе­руді бастаудың өзге уақытын бел­гі­леу жөнінде шешім қабылдағанын атап өткен жөн. Облыстардың, Астана, Ал­маты, Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларынан ұсынылған жедел мә­лі­меттер бойынша тиісті аумақтық комис­сиялардың шешімдерімен 86 сайлау учаскесінде да­уыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06.00-де басталды. Қала құраушы кәсіпорындардың ауысымдық жұмыс кестесі ескерілді. Оның 47-сі азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі учаскелер. Бұдан бөлек, 514 сайлау учаскесінде дауыс берудің аяқталу уақытын сағат 20-00-ге дейін шектеу туралы шешім қабылданған жоқ. Яғни әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, алыс және жету қиын аудандарда, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерінде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау орындарында, сондай-ақ Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан құрылған учаскелік сайлау комиссиясы тізіміне енгізілген барлық сайлаушылар дауыс берген жағдайда кез келген уақытта «дауыс беру аяқталды» деп жариялауға мүмкіндік берілді.

Ішкі істер министрлігі сайлау кезеңі қалыпты жағдайда өткенін мәлімдеді. «Сайлау күні құқық қорғау органдары елдегі қауіпсіздік шаралары мен құқық­тық тәртіптің сақталуын күшейтілген ре­жімде қамтамасыз етті. 10 мыңға жуық сайлау учаскесінде 20 мың полиция қызметкері қызмет атқарса, бұдан бөлек қоғамдық орындарда 14 мыңдай сақшы жұмыс істеді», деді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Жандос Мұраталиев.

Заңнамада сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған президентті тіркеу сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген. Бұл жолы сайлау қорытындыларын анықтап, сай­ланған президентті тіркеуге 7 күн бері­ліп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қарашада Орталық сайлау комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат беріп отырды, сондай-ақ әрбір екі сағат сайын ОСК мүшелері дауыс берушілердің келуі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының деректерін жариялады.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталса, республика аумағындағы сағат белдеулерінің шекараларына сәйкес бес өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру елорда уақыты бойынша сағат 21.00-де аяқталды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2022 жылғы 20 қарашада Астана уақытымен сағат 22.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 69,43%-ы бюллетень алған.