Қазақстан • 21 Қараша, 2022

Мәулен Әшімбаев: Демократиялы және әділетті Қазақстан құрамыз

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында Президент сайлауының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Демократиялы және әділетті Қазақстан құрамыз

«Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Президенті сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Соған сәйкес ел азаматтарының 81,31 пайызы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс бергені белгілі болды», деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, сайлау нәтижелері Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен бастамалары халық арасында қолдау тапқанын көрсетеді.

«Бұл - азаматтарымыздың бекем бірлігінің арқасында қол жеткізілген жарқын және айқын жеңіс. Мұндағы халықтың белсенділігін де атап өткен жөн. Сайлауға 8,3 млн адам немесе барлық сайлаушының 69,44 пайызы қатысқан. Дауыс беру барысын бақылаған отандық және халықаралық байқаушылар сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ұлттық заңнамалар мен халықаралық стандарттарға сай өткенін мәлімдеді», делінген жазбада.

Осы ретте Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Кемелұлын айқын жеңісімен құттықтады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлын және барша жақтастарын айқын жеңіспен тағы да құттықтаймын! Президентіміздің саясаты аясында бәріміз бірге жаңа, өркендеген, демократиялы және әділетті Қазақстан құрамыз деп толық сенемін», деп жазды Сенат Төрағасы.