Медицина • 21 Қараша, 2022

Балалар денсаулығы – басты назарда

813 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

МӘМС жүйесін енгізу балалар ден­сау­лығын сақтауға және емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Бір бала үшін жұмсалатын денсаулық сақтау жүйесінің шығын­дары 22%-ға өсті. Жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында балаларға медициналық көмекке қанша қаражат жұмсалғаны туралы есеп берілді.

Балалар денсаулығы – басты назарда

Аталған қор қазақстандық балалар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылғанын еске салды. Олар үшін жарналарды ЖСН алған сәттен бастап кәмелетке толғанға дейін мемлекет төлейді. Бұл балаларға ТМККК аясында ғана емес, МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмекті де алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қорында хабарлағандай, емхана­ларға тіркелген балалар саны жыл са­йын артып келеді. 2020 жылы туғаннан бастап 17 жасқа дейінгі 6 млн 290 мыңға жуық, 2021 жылы 6 млн 467 мың­нан астам, ал 2022 жылдың 9 айы­ның қорытындысы бойынша 6 млн 568 мыңнан астам бала тіркелген.

«Былтыр балаларға ТМККК және МӘМС аясында жалпы 350 млрд теңгеге медициналық көмек көрсе­тіл­ді. Биыл 33 %-ға өсім күтілуде. 2022 жыл­дың 9 айында 324 млрд теңгеге медициналық қызметтер көрсетілді», делінген қор ақпаратында.

Шығыстардың негізгі үлесін амбула­ториялық-емханалық көмек (53%) құрайды. Биылғы жыл­дың 9 айында оған 232 млрд теңге жұм­салды. Осы кезеңде балалар тәулік бойғы стационарларда 300 мың жағ­дайда 70 млрд теңгеге жуық, күндізгі стационарларда 39 мың жағдайда 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа ем­делді. Бұдан басқа, ауылдық ста­цио­­нарларда 15 млрд теңгеден астам сомаға 120 мыңға жуық бала ем алды. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге 768 жағдай бойынша шамамен 3,4 млрд теңге бөлінді.

МӘМС жүйесі енгізілгелі меди­ци­налық оңалту сынды маңызды бағыт қарқынды дамып келеді. Балалар көрсеткіштері бойынша оңалтуға тегін жіберіледі. Аталған кезеңде тәулік бойғы және күндізгі стационарлар жағдайында 70 мыңға жуық бала 12,6 млрд теңгеден астам қаражатқа емделді.

Сондай-ақ аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Аталған кезеңде балаларды профилактикалық тексеруге шамамен 30 млрд теңге бағытталды. 9 айдың қорытындысы бойынша мектеп медицинасы қызметтері үшін 20 млрд теңге төленді, күндізгі стационар жағдайында бағдарлама­лық гемодиализ қызметтері 13 млрд теңгеден астам сомаға көрсетілді. Балалар­ды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 5 млрд теңге бөлінді.

«МӘМС жүйесі халықтың әлеу­меттік осал топтарына тегін стома­тологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік беретіні белгілі. Талдау көрсеткендей, МӘМС бойынша стоматологиялық көмектің негізгі тұтынушылары – балалар. 2022 жылдың 9 айында 25,1 млрд теңгеге 8,8 млн-ға жуық сто­матологиялық қызмет көрсетілді», деп мәлімдеді қор өкілдері.

Жалпы алғанда, 1 балаға арнал­ған шығыстар 2021 жылғы 54,1 мың теңгеден 2022 жылы 65,8 мың теңгеге дейін ұлғайды.