31 Мамыр, 2014

Сана сілкінісі

261 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
1243759929_vodka_145 «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген, елімізде тәуелсіздіктің көк туы желбірегеніне жиырма үш жылға аяқ басты. Рас, егемендігіміздің алғашқы жылдары халыққа тым ауыр тиді. Жаңа заманның лебін түсіне алмай, желдің қайдан, қалай соққанын білмей, дағдарып қалды. Бірақ, арадағы 23 жыл халықтың санасын күрт өзгертті. Бәлкім, ұсақ-түйек нәрсе де болар, бірақ кей-кейде кешегі күн мен бүгінгі күнді салыстырып отырып, мына бір жағдайларға бір жағы қайран қаламын, бір жағы сол күндердің алыстап кеткеніне қуанамын. Осыдан кейін Тәуелсіздігімізге мың тәубе дейсің! Сонау 90-жылдардың ортасында ауылдағы біздің үй біраз уақыт арақ сатумен айналысты. Әрине, бұл жағдайға сол кездегі ел ішіндегі жоқшылық, тапшылық мәжбүр еткені анық. Әйтеуір, күн көру керек. Сол кезде таң қалатыным, ауылда арақ ішетіндер де көп, арақ сататын үйлер де көп. Ауылдың жалғыз күнкөріс көзі – зейнетақының алты айлап, жылдап қолға тимейтін кезі. Бірақ, елдің көбі қарыз болса да арақ сатып алудан беттері қайтқан емес. Кешегі колхозда трактор-машина айдап дүрілдеген көкелеріміз: «Айналайындар, сендер келсеңдер «қызарып» қаламыз, қайтып кетсеңдер «бозарып» қаламыз», деп әзілдеп, ауылдың автобусынан түскеннен тиісуші еді. Нені жұмбақтап тұрғанын бірден түсінесің. Қалада енді-енді жұмыс істеп жүрген шағымыз ғой. Қалтаңнан 200 теңгені суырып алып, қолдарына ұстата қойсаң, ешқайсысы алмайды. Сөйтсем, клубтың алдында дөңгеленіп отыратын сол ағаларымыз, араларында біз қатарлы жігіттер де бар, бәрі арақ сатушыларға қарыз екен. Егер біреуі 200 теңгені алып барса, арақ сатушы дәптердегі қарызын өшіреді де, құр қол қайтарады. Содан амал жоқ, өзің барасың. Кей-кейде арақты қарызға алушылардың аты-жөндерін жазып қоятын үйдегі қалың дәптерді парақтаймын. Ойпырмай, ішінде кімнің есімі жоқ десеңізші... Осы екі өзеннің бойындағы қыз алыспайтын, бір-біріне ағайын төрт ауылдан жазылмаған бірен-саран-ақ үй қалған-ау шамасы. Шешеміз дәптер бетіндегі айбақ-сайбақ жазылған есімдерге қарап отырып, арақ алушының қай күні, қай уақытта келіп, тіпті не үшін алып кеткенін қолмен қойғандай етіп айтып береді. Сонау Жеті ата ауылынан кешке келген пәленше деген жас бала «Үйге аяқ астынан бір құдалар келіп қалды, көкем жіберді» деп, үш бөтелкені қарызға жаздыртып кеткен. Өзімізге сабақ берген бір ағайдың бажасы қонақ боп кеп, екеуі екі шишаны тауысқан. Майбұлақтың мен танымайтын, атын естімеген бір кісілерінің тойдан кейін басы ауырған, арақ іздеген... Сол жылдары ауылдың ортасындағы клуб жаққа күндіз де, кешке де барсаң, бітті, сау қайтпайсың. Қолдары удай бос, құр әңгімемен уақытты өткізіп, бір-бірін сөзбен қажап тұратын топқа қосыласың да, қалай арақ ішкеніңді өзің де сезбей қаласың. Бір шишаның тығыны ашылып, іш қыза бастаған соң, жігіттер қатардан қалғысы келмей, мырзаланып, кезек-кезек арақ сататын үйлерге жүгіріп барып келе береді. Бұл кешегі жағдай. Арада қаншама жылдар өтті. Қазір біздің ауыл қатты өзгерген. Баяғы бос сандалбайлар ықтап тұратын клуб жөнделіп, онша-мұнша мерекелік іс-шаралар сонда өтеді. Бір бұрышында кітапхана жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ауылда «там жарыс» деген бәсеке бар. Яғни, елдің бәрі жаппай ескі үйлерін бұзып, жаңадан там салуда. Сәулеті, сәні бірінен бірі асады. Сайып, Болат, Төребек, Ербол ағаларымыз екі қабатты үй салып тас­тады. Марқұм Әбжаппар көкеміздің «көзі» болып тұрған үлкен екі қабатты үйді балалары қайтадан жабдықтап, 100 орындық бала бақша етіп, ауылдың біраз келіндеріне жұмыс табылды. Қазір бұл үйдің ауласы бүлдіршіндердің шат күлкісіне толы. Бахадыр ағайдың балалары еңселі мешіт үйін салып берді. Жеті ата ауылына өмірде болмаған асфальт жол түсті. Ендігі кезек – қасындағы Қақпатас ауылыныкі. Қанат құрдасым кішігірім кірпіш цехын, Бекболат ағамыз ағаш тілетін цех, ағайынды Алпыс пен Жетпіс Анарбаевтар бала-шағасымен жабылып, көлік жөндейтін орын ашты. Одан бөлек, ауыл шетіндегі тас майдалайтын цех біздің жігіттердің біразын жұмыспен қамтып отыр. Нұрғали құрдасымның ет пен қымыздың саудасын қыздырып жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Майбұлаққа таза су келіп, құбырлар тартылып жатыр. Қайбір жылы марқұм Қуаныш Төлеметов, белгілі бокс бапкері Ақжол Асқаров бастаған азаматтар ауылға үлкен қақпа орнатып, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнап ескерткіш ашқан. Осы топырақтан қан майданға аттанып, аман-сау келгенінің де, сүйегі соғыс даласында қалғанының да аты-жөндері сол тасқа қашалып жазулы тұр. Ешқандай пайда болмай, ақырында арақ алғандарын талай адамдар мойындамай, аяғы айғай-шуға айналып кеткен соң анамыз «спирт» саудасын көп ұзамай доғарған. Қазір қара шаңырақтағы Досбол інім есіктің алдындағы «времянканың» есігін көше жақтан шығарып, Исабек көкемнен кейін екінші боп, жаңадан дүкен ашты. Азық-түліктің түр-түрін саудалайды, бірақ, «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген, арақ-шарап сатпайды. Біздің ауылдың үйлері бүгінде түгелдей дерлік бақша егеді. Сол бақшаның өнімін не өздері пайдаланады, не күзде саудалап, әжептеуір табыс табады. Әрине, ауылдың шешілмей жатқан мәселесі де бар. Әлі де болса жастар арасында жұмыссыздық, жерді пайдалануға деген енжарлық, үй көп болғаннан кейін ағын суға, мал көп болғаннан кейін жайылымға таласу секілді мәселелердің бар екенін жасыруға болмас. Бірақ, ең бастысы елдің санасы, көзқарасы, пікірі өзгерді. Үміт пен сенімді серік еткен біздің ауылдағылар бүгінде жоғарыға алақан жая бермей, еңбек еткеннің еңсесі биік болатынына көздері жетті. Менің туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында болған соңғы жылдардағы осынау оң өзгерістер ел санасында үлкен сілкініс, өзгерістің болғанын байқатады. «Береке басы – бірлік» деген, осының бәрі шағын ауылдың ынтымағы, бірлігі арқасында мүмкін болды. Ал, баяғы орталықта қолдарын қалтала­рына салып, ерігіп тұратын топ бірте-бірте жоғалып кетті. Шыны керек, сол топтағы кейбіреуінің қазір денсаулығы жоқ, былайша айтқанда арақ ішуге шамасы келмейді, кейбірін келіншектері «жеңді», енді біреулері өздері ақылға келді. Жақында Парламентте соңғы жылдары елімізде арақ ішетіндердің қатары көбейіп бара жатқаны айтылды ғой. Бәлкім, мен қателесетін шығармын, бірақ өз басым осыған сенбеймін. Және туған ауылыма барған сайын осы пікіріме сенімім беки түседі. Мүмкін қазір той-томалақтың тым көбейіп кетуі арақ ішетіндердің көрсет­кіштерін еселеп тұрған болар. Алайда қазіргі тойларда да баяғыдай жаппай ішіп, сүрініп-қабынып мас болып, жаға жыртысып жататын жастарды көрмейсің. Ауылда мүлдем арақ ішетін адам қалмады десем, өтірік болар. Бірақ, кешегі Кеңестің «көзін» көрген, одан нарықтың тұйығына тап болып, жаппай ішкілікке үйір болған бір толқын, бір лек өтіп бара жатқан сияқты. Айтпақшы, жақында бір ағайын ініміз туылған күнін қымызбен тойлапты. Ауыл­дағылар қазір соны үлгі етіп айтып жүр.  Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.