Аймақтар • 23 Қараша, 2022

Картаға енбей қалған

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мерейлі Меркі өңірінің жоғары жағында орналасқан Андас батыр ауылдық округінің халқы бұрын мектеп салу мәселесін жиі көтеретін. Әйтеуір жергілікті жұртшылық білім саласына айрықша бас ауыртып жататын. Бүгінде бәрі өзгерген...

Картаға енбей қалған

Қырғыз Республикасының Шу облысымен шекаралас ор­наласқан ауыл тұрғындары бұ­рындары көтеріп жүрген мәсе­лелерге ендігі бас ауыртуға аса бір құлықты емес. Қоңыржай бел­деуде мамыражай ғұмыр ке­шіп жатқан халық енді картаға енбе­ген үйлердің мәселесіне ден қойып отыр.

Айдың-күннің аманында ауылдағы 20 шақты үй картаға енбей қалған. Кімнен қандай қа­телік кеткенін кім білсін?! Бел­гілісі, жергілікті халық бұл мәселенің сағызша созылмауы­н, дер кезінде оң шешілгенін қа­лайды. Құжатсыз тұрғын үй иелері үшін бұдан асқан мәселе жоқ десек те болады. Олар жер учас­келерін рәсімдеуге ниетті. Үйле­рінің картаға енбегені үшін қа­палы.

Үйлері есепте болмаған соң шеткері жатқан 18 үй маңын жарықтандыру, жол салу мә­селесі мұңға айналғаны рас. Ел­ді мекен есебінде жоқ тұрғын үй иелері елімізде өгейдің күйін кешіп отырғаны үшін кімді жаз­ғы­ратынын білмей дал.

«Мәселемізді шешуге қан­дай да бір ықпалы болатын шығар деген оймен жергілікті әкім­дікке барсақ, олар бізді аудан­дық әкімдікке жібереді. Ал ондағылар құжаттарды Аста­наға жолдағанын, алайда құ­жаттарда қандай да бір ол­қылық бар деген желеумен кейін қайтарылатынын айтады. Алайда құжатта не дұрыс емес екенін біз қайдан білеміз? Оны бізге ешкім айтып жатқан жоқ», дейді ауыл тұрғыны Мақсат Жанетов жағдайды түсіндіріп.

Расында, Меркі ауданының бірқатар ауылында әлеуметті толғандырған мәселелер аз емес. Алайда Андас батыр ауы­лындағы өткір проблеманы шешуге кімнің шамасы келеді? Әзірге белгісіз. Үй-жайы елді мекен картасына енбеген ел ызаға булығып отыр.

«Мен өзі жасы келген азаматпын. Уақыт өткен сайын арт­қа қарайлай береміз. Үйді бала­ларға дұрыстап тастап кетсем бе деген жалғыз ой мені мазалай береді. Сол күнге қашан жете­ті­німіз бір Құдайға ғана аян. Бойымды үрей билеп алған», дейді тағы бір тұрғын Бейсенбек Қаң­тарбаев көкейдегі ойын айтып.

Өзекті мәселе кімді де болсын ойландырмай, толған­дырмай қоймайды. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, жер телімдері әуел­де ауыл шаруа­шылығы мақ­сатында берілген көрінеді. Алайда ауданды бас­қарған бұ­рынғы басшылар оған қатты бас ауырта қоймаған се­кілді. Салдарынан тұрғын үй салатын азаматтардың қатары артқан. Алдағы жылы 290 гектар жер ауыл шекарасына қосылмақ.

«Жалпы алғанда, бұл мәселе енді көтерілген жоқ. Бүгінде нақты жұмыс атқарылып жатыр. Әр құжат уақытқа сай рет­теледі. Енді Астанадан Әділет басқармасына келісім келуін күтіп отырмыз. Содан кейін мәс­лихаттың отырысын өткізіп, тұр­ғындардың құжаттарын реттеп беретін боламыз», дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ар­ғынбаев.

Расында да, бұл мәселе бүгін көтеріліп отырған жоқ. Тұр­ғын үйлердің телімі ауыл шека­расынан асқандықтан, әзірге ин­фрақұрылым тарту мүмкін емес. Әйтсе де жергілікті халық бірінші кезекте үйлерінің ресми түрде рәсімделгенін қалайды. Аудан әкімі Жорабек Баубеков осы мәселенің бауын шешіп, ха­лықтың алғысын ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы