Жаңа Қазақстанның алғашқы күні дегенде меңзеп отырғаны – кешегі өткен Президент сайлауының қорытындысы екені кім-кімге де белгілі. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала есебі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 81,31 пайызы дауыс берген. Ел болашағы аламан таңдауға түскен сайлаудағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осынау сенімді жеңісі жаңа Қазақстанмен байланыстырылуы заңды әрі табиғи. Өйткені «мың өліп, мың тірілген» халқымыз жаңа, әділетті Қазақстанды қалап отыр. Сол себепті де сайлаушылардың көпшілігі алдағы жеті жылда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болғанын қалайды. Бүгін сол халық қалауының нәтижесін көріп отырмыз.
Сайлау алдында кесір, керауыз сөздер де айтылды. Бүлікке шақырған әумесерлер де табылды. Мұндайларды халыққа жаны ашиды, елдік мүддені ойлайды деп әсте айта алмас едік. Халық та мұны түсінбейтін ақымақ емес. Өзіне кімнің дос, кімнің қас екенін айырады. Болашағының кіммен бірге екенін халық тамыршыдай тап басып, дәл анықтап болжайды. Халық сенімі алдамайды. Сол себепті де ел азғырғандарға ермей, сайлауға үлкен белсенділікпен қатысты. Аламанға түскен үміткерлер арасында іс басындағы Президенттің оқ бойы озықтығы көрініп тұрды. Мұны сайлаушылар да растап берді.
Қ.Тоқаев жаңа, әділетті Қазақстанды елмен бірге қалай құрудың жоспар, бағдарламасын тиянақтап баяндап берді. Халық соған сенгендіктен де зор үміт артып отыр. Осы арада ұлы Абайдың мына бір шумақ өлеңі ойға оралады:
«Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
Апыр-ай деп терлесе,
Ар емес пе өзіңе?!»
Хакім айтса айтқандай, халық жақсы көрмесе, ел басшылығындағы ерен еңбегін елемесе, сайлауда сенім білдірмес еді, ел Президенті етіп таңдамас еді. Сенім білдірді демек, халық жақсы көреді. Әрине, енді осы сенімді ақтау керек. Абай айтқандай, өзіне сенім білдірген туған халқын апыр-ай дегізіп терлеткізбей, азаматтық арын жоғары ұстайтынына сенім мол.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын, ардагер журналист,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты