Пікір • 23 Қараша, 2022

Қоғамның сайлау жауапкершілігі артты

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда сайлау құқығы деңгейі айтарлықтай өсті. Халықтың белсенділігі жоғары, біз бұған әсіресе референдум кезінде куә болған едік. Кешегі кезектен тыс президент сайлауындағы халықтың белсенділігі бұл пікірімізді нақтылай түсті. Себебі бұл жолы да қоғамның сайлауды әділ өткізуге деген сұранысы жоғары болды.

Қоғамның сайлау жауапкершілігі артты

Жалпы қарапайым халықтың сайлау мәдениетінің өсуі, сайлау құқығының жоғары болуы түпкі нәтижеге әсер етеді. Бүгінде көптеген мәселе шешімін тауып жатыр. Қаңтар оқиғасынан кейін Конституцияға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Біз қазір адам құқы­ғын қорғау функциясының артып келе жатқанын, Конституциялық сот­тың құрылғанын, құқықтық қорғаудың жоғары деңгейін, адам құқық­тары жөніндегі Конституциялық заңның үстемдігін көріп отырмыз. Мұ­ның бәрі бізде азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарының өте жоғары қорғалуына ықпал етеді. Жалпыхалықтық референдумнан кейін қолға алынған бір ғана факторға тоқталсақ. Мәселен, бос жатқан жерлерді мемлекет игілігіне қайтару, жер қойнауы байлығының халыққа тиесілі болуы – өте маңызды реформалар.

Біз бұл мәселені бірнеше рет талқылап, оның іске асатынын айтқан едік. Осы реформалардың барлығы нәтижелі іске асса, еліміздің болашағы – өскелең ұрпақ табысқа ие болмақ. Түсіне білген жанға бұл да ауқымды шаруа. Халықтың әл-ауқаты көптеген елдердегідей, соның ішінде араб елдеріндегідей өсетініне күмәнім жоқ. Кіріс көбейіп, азаматтарымыз жер қойнауындағы пайдалы қазбалардан табыс табады. Алайда негізгі сұраныс – әлеуметтік әділеттілік пен олигархиямен күреске қатысты. Егер әділет салтанат құрып, шетелдегі қаржы толық қайтарылса, қоғам оны қуана қабылдайды. Егер қоғамның үміті ақталса, болашақта сайлаушылардың тұлғаларды қолдауы бұдан да артады деп санаймын.

 

Еркін ОҢҒАРБАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор