Қоғам • 23 Қараша, 2022

Республикалық кәсіби дода

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен ережесіне сәйкес Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКББ) ұйымдарының педагогтері арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтті. Оған еліміздің 13 өңіріндегі 15 колледжден ветеринария және агрономия мамандықтары бойынша 22 педагог қатысты.

Республикалық кәсіби дода

Еліміздегі ауыл шаруашылығы секторын дамыту жағдайында аталған саладағы ТжКББ ұйымдарының неғұрлым талантты педагогтерін анықтау және қолдау мақсатын көздейтін конкурстың барысында қатысушылар алты модульді қамтитын теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады. Байқауға қатысушылардың кәсіби шеберлігін бағалау электрондық түрде жүргізілді. Ал байқаудың бірінші теориялық кезеңі тәжірибелік жұмысты орындау кезіндегі іс-қимылдардың бірізділігін құрастыру модульдері бойынша өткізілді.

Екі күнге созылған ауыл шаруашылығы саласындағы ТжКББ педагогтері арасындағы республикалық кәсіби шеберлік конкурсының қорытындысында агрономия саласы бойынша бас жүлдені Түркістан облысындағы Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің оқытушысы Бейбіт Мәмбет; І орынды Түркістан облысындағы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Азамат Қалдасов; ІІ орынды Жамбыл облысындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқытушысы Марат Ятаев; ІІІ орынды Павлодар облысындағы Ертіс жоғары инновациялық аграрлық колледжінің оқытушысы Нұржан Абдинов иеленді.

Ветеринария саласы бойынша бас жүлдеге Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Гүлжан Назиева; І орынға Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқытушысы Жанар Байсақалова; ІІ орынға Алматы қаласындағы Еуразия аграрлық колледжінің оқытушысы Айдар Мұхаметқалиев; ІІІ орынға Жамбыл облысындағы Қордай ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы Талғат Нуриев лайықты деп табылды.

Қатысушылар Құлан агротехникалық жоғары колледжі ұжымының республикалық конкурсты ұйымдастыру деңгейіне ризашылықтарын білдірді.

 

М.БАҒЫЛБЕКОВА,

Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының орынбасары

 

Жамбыл облысы