Аймақтар • 23 Қараша, 2022

Жұмыс бергеннің жүзі жарқын

271 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде «Жұмыс беруші күні» өтті. Іс-шара техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында сапалы кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру және жұмыс берушілермен арада болған келісімшарт негізінде өзара іс-қимыл мен байланыстарды жақсарту мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева және колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты.

Жұмыс бергеннің жүзі жарқын

Сонымен бірге «Жұмыс беру­шілер күніне» орай «Alliance Buildings» ЖШС директоры А.Кадиров, «Югдорстрой» ЖШС басшысы М.Махкамбаев, «Altai Bulding LTD» жетекшісі С.Хайтметов және ЖК «Дил­баржон» басқарушысы Д.Ми­рякубова арнайы қонақ ретінде шақырылды. Салтанатты іс-шара барысында қатысушылар ал­дымен колледж студенттері әзір­леген қолөнер көрмесінің жұ­мысымен танысты. Содан соң жиын­ның ресми бөлігі колледж­дің акт залында жалғасты. Кә­сіптік білім беру ұйымының директоры Марс Елекеев арнаулы оқу орнының атқарып жатқан жұмыстары мен студенттерді кәсіпке баулуда жеткен жетіс­тіктері жөнінде қысқаша баян­дап өтті. Осыдан кейін қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан сөз алып, жастарды техникалық кәсіпке үйретудің маңыздылығына тоқталып, осы бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жеңілдіктер жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ қала әкімінің бірінші орынбасары бірнеше жұмыс берушіні Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовтің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында кәсіпкер «Югдорстрой» ЖШС директоры М.Махкамбаев, ЖК «Турсунбаев У» басшысы У.Тұрсынбаев бар. Бұдан өзге, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің Алғыс хаты «Alliance Buildings» ЖШС директоры А.Кадировқа тапсырылды.

Келесі кезекте сөз тізгі­нін алған қалалық білім басқар­ма­сының басшысы Жанат Тәжиева жиналған қауымды «Жұмыс берушілер күнімен» құттықтап, ЖК «Дилбаржон» фирмасының жетекшісі Д.Мирякубоваға өзінің атынан рахметін айтып, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Өз кезегінде колледж дирек­торының орынбасары Н.Ерғазы «Кәсіпорындармен өзара іс-қи­мыл жасау үшін қажетті негізгі нормативтік-құқықтық актілер» тақырыбында баяндама оқып берді. Жиын барысында бірқатар жұмыс беруші мен кәсіпорын басшылары колледж директоры М.Елекеевтің Алғыс хатына ие болды. Осы тұста колледж және ЖК «Дилбаржон» мен «Югдорстрой» ЖШС меке­мелері арасында екіжақты мемо­рандумға қол қойылды. Жиын соңы келген қонақтардың құрметіне дайындалған колледж көркем өнерпаздарының концертіне ұласты.

Осы күні шаһардағы Поли­тех­никалық колледжде «Жұмыс берушілер» күнін тойлады. Осыған орай қала әкімінің бі­рінші орынбасары Ш.Мұқан мен білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева аталған білім ордасына арнайы бас сұқты. Мұнда да колледждің тыныс-тіршілігімен танысқан Шыңғыс Жұмабекұлы жұмыс берушілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Оқу-ағарту министрі және қала әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.

«Жастар – біздің болаша­ғымыз. Оларға қамқорлық жасау – мемлекеттің басты міндеті. Өйткені елдің ертеңгі ұстыны – жастар. Сондықтан оларға бар жағдайды жасауымыз керек. Бірінші кезекте, ол әлеумет­тік жағынан қамсыздандыру ­мә­се­­лесі. Осы мәселе шешімін тап­са, демек жастарға жағдай­дың жасалып жатқандығының белгісі. Бұл тұрғыда мегаполис­те мақтауға тұрарлық жұмыс­тар көп. Колледжді бітірген тү­лек­тер бүгінде кәсіпорындарда, басқа да мекемелерде қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр. Дуальді жүйе де өз нәтижесін беруде. Колледж шәкірттері теориялық сабақ­пен бірге кәсіпорынның өзінде тәжірибеден өтіп, шеберлігін арттырып келеді. Бұл ертеңгі күні дайын маман ретінде жұмыс­қа орналасу үшін өте қажет. Шетелде кәсіптік оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын бұл практиканы біз де мүмкіндігінше пайдалануымыз керек. Әлеуметтік қамсыздандырудың бір түріне жастарды баспанамен қамтамасыз ету жағы да кіреді. Бұл тұрғыдан алғанда республиканың үшінші мегаполисінде бәрі де ойдағы­дай шешілуде. Мемлекеттік бағ­дарлама арқылы қаншама жас маман қалада баспаналы болып жатыр. Соның нәтижесінде жастар тапқан табысының бір бөлігін жинап, жеке баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алды. Бір кездері гуманитарлық са­лаға көп мән берілді. Оқу бітір­ген түлектер шетінен экономист, заңгер болып шықты. Қа­зір қоғам өзгерді. Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Елде дамудың, экономикалық өрлеудің дәуірі басталды. Осы тұста елімізге техникалық сала­дағы мамандардың қажет еке­ні түсінікті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекет бұдан-былай техникалық мамандықтарға ерекше көңіл бөлетінін, қолдау көрсететінін қадап айтты. Осы арада кәсіптік колледждермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, қолына диплом алып шыққан түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуда елеу­лі еңбек сіңіріп жатқан жекемен­шік кәсіпорындар мен компа­ниялардың рөлі мен қызметін бөлекше атап өткен жөн», деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

П

Жалпы, аталған колледж­де бүгінгі таңда 63-тен астам зертхана, кабинеттер мен дәріс­ханалар бар. Оқу ордасы 350 орынды мәжіліс залы, 80 орын­ды оқу залы, спорт зал, медициналық пункт, асхана мен 200 орынды жатақхана­мен қамтылған. Кітапхана қоры 75 458 дана кітапты құрайды. Бұ­дан бөлек колледж оқытушы­лары­ның құрастырған оқулық­тары мен кітаптары жарыққа шығып, студенттер оларды оқу құралы ретінде сабақтарында қолданып келеді. Сондай-ақ оқу орнының кітапханасында кітаптар мен ғылыми оқулықтарды электронды нұсқаға жүктеу жұмыс­та­ры қарқынды жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласы бойынша 7 колледж «Жас маман» жобасына іріктеліп алынған. Соның ішінде Политехникалық колледж де «Жас маман» жобасы аясында екі мамандықтың біліктіліктері бойынша кәсіби жұмысшы­лар­ды дайындап келеді. Олар – «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «телекоммуникациялық жаб­дық­тар мен байланыс арналарын электромонтаждаушы-рет­теуші», «электрмен қамтамасыз ету» және техник-электрик маман­дықтары.

Айта кеткен жөн, аталған білім ошағында құқық бұзушылық­тың алдын алу мақсатында көпте­ген іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Соның нәтижесінде оқу-тәрбие процесі кезінде колледж­де оқушылар арасында құқық бұзушылық, қылмыс жағдай­лары болған емес. Қазіргі таңда студенттердің әрбір қимылын 48 бейнекамера бақылап отырады. Өз кезегінде олардың бар­лығы қалалық полиция депар­та­­ментінің жедел басқару орта­лығына барып түседі. Тәртіп орнату мен қауіпсіздікті қадағалау мақсатында мұнда турникет және дабыл батырмалары орнатылған.

Бұдан бөлек 2018 жылдың 31 мамырында Политехника­лык колледжi «Аккредиттеу және рейтингтiк, тәуелсiздiк агент­тiгi» коммерциялық емес меке­месi тарапынан халықара­лык, институтционалдық және клас­тер бойынша 7 мамандыктың куә­лiк иегерi атанды. Сондай-ақ ­колледж сапа менеджменті бойынша 2021 жылдың 21 қаң­тарында үш жылға жарамды мемлекеттік тізімінде тіркелген сәйкестік сертификатын иелен­ді. Бүгінгі таңда мұнда 11 маман­дық, 19 біліктілік бойынша тех­ни­калық-кәсіби мамандар даярланады. Оқу ордасының білім байқауларында жеткен та­быс­­тары да жоқ емес. Мәселен, «WorldSkills Shymkent-2021» ұлт­­тық чемпионатының Рес­пуб­ликалық кезеңінде үміткерлер ішінен алға суырылып шық­­қан колледж студенттері 5 құзы­рет­тілік бойынша сайысқа түсті. Олардың екеуі Алматы қала­сында, біреуі Атырауда өткен білім додасында бақтарын сынап қайтты. Сонымен қатар VI Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша жарысқа қатысқан Сәкен Үлжебаев жүлделі ІІ орын, бизнес үшін ІТ шешімдер тақы­рыбында мықтылармен сайыс­қан Константин Шепелев медальон иесі атанды.

 

ШЫМКЕНТ