Аймақтар • 23 Қараша, 2022

Тәуелсіздік ұрпақтары марапатталды

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңім­паздары марапаталды. Өздері дайын­даған тың жобаларын ұсы­нып, байқаушылардың жоғары бағасын алған талантты жастар­ға 1 миллион теңгеден қаржы үлес­тірілді. Іс-шараға арнайы қатысқан қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұрат­жан Шотанов ­жастарды жеңіс­терімен құттықтап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Тәуелсіздік ұрпақтары марапатталды

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың өз идеясын жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл іс-шара биыл Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Соның өзінде шаһарда қаншама жас таланттар бар екені анық байқалды. Жоспарға сәйкес 2023 жылы грант бағыттары кеңейеді, сол арқылы бұдан да көп жас­тарды ынталандыруды көздеп отырмыз. Ал биік тұғырға көтерілген жас жеңімпаздардың жобалары қаламыздың мәдени-экономикалық дамуына үлес қосады деген үміттеміз. Бұл – жастарды қолдаудың бастамасы ғана. Осын­дай гранттық көмектер арқылы алдағы уақытта білімпаз, алғыр жастардан бұдан да ауқымды жобалар жасалады деген сенімдеміз, – деді басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы.

Жастарға арналған грантқа өтінім қабылдау қыркүйек айында басталған. Байқауда бақтарын сынап көру үшін 15 үміткер өз жобасын жолдаған. Со­дан міне, бүгін 3 бағыт бойынша 4 қатысушы жеңімпаз атанып, арман идея­сынан туған жобасын жүзеге асыратын қаражатқа қол жеткізіп отыр. Білім сайы­сының қорытындысына келсек, «Медиа» жобасын ұсынған Ернұр Нұрланұлы, «Мәдениет» бағытында ­идеясын қорғаған Салих Халиев, «Ерікті» бағытында тың жобасымен қазылар алқа­сының назарына іліккен қос үміткер Диана Жолдасбаева мен Тимур Ауданбаев жоғарыда аталған қомақты жүлдемен марапатталды. Же­ңім­паздар арасында ең жасы кіші қатысушы Диана Жолдасбаева өзінің ұсынған жобасы арқылы ДЦП, яғни сал ауруына шалдыққан балаларға арналған ойын алаңшаларын орнатуды мақсат тұтады. Небәрі он бес жастағы жеткіншек Диана бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы №23 мектептің 10-сыныбында оқиды.

Жас еріктінің айтуынша, екі жылдан бері өзінің білім алып жүрген мектебінде волонтерлер клубының мүшесі екен. «Еріктілерден құралған топ қаладағы балаларды оңалту орталығына барғанды ұнатамыз. Бір байқағаным – ол жерде науқас балаларға арналған ойын алаңы жоқ екен. Бұл менің жүрегіме қатты батты. Балғындарға қандай көмек көрсетсем болады деп көп ойландым. Гранттық жобаға үміткерлер қабылдап жатыр дегенді естігенде қатты қуандым. Жобам жүлделі орыннан көрініп, жеңімпаз атандым. Енді маған берген қомақты қаржыға ойға алған жоспарымды іске асырамын. Ол үшін алдымен оңалту орталығына ойын құрылғысын қойып беремін. Сөйтіп, науқас балалардың өзге балалар секілді алаңқайда алаңсыз ойнап, көңіл көтеріп, жүздерінің шаттықтан бал-бұл жанғанына өз тарапымнан үлес қосқым келеді», дейді Диана.

 

ШЫМКЕНТ