Спорт • 24 Қараша, 2022

Әскердегі толағай

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Гір көтеру спортының тарихы тым тереңде жатқанымен, дәстүрлі спорт ретінде тек 1985 жылы ғана мойындалып, ресми бекітілді. Ауыр атлетика спортының бір түріне жататын гір тасын көтеруді Шығыс Еуропа халықтары ойлап тапқан. Ал бұл спорт түрі қазақ жеріне XIX, ХХ ғасырларда келгенін әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ балуандарымыздың жәрмеңкелерде гір тасын көтерудің жарқын үлгісін көрсеткенінен білеміз.

Әскердегі толағай

Гір көтеру 1985 жылы ресми спорт түрі болып бекітілгенімен, оны ешбір спорт түрі өз құрамына енгізген жоқ. Сөйтіп, 2007 жылы Шығыс Еуропаның бес мемлекеті – Эстония, Литва, Ресей, Украина және Беларусь бас қосып, Халық­аралық гір спорты одағын құрды. Сөйтіп, әлемнің 63 елін өз мүше­лігіне қабылдаған аталған ұйым 2010 жылдан бастап гір көте­руден әлем чемпионатын ұйым­дастыра бастады. Жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін әлемдік доданың 2016 жылғы бәсе­кесі Қазақстанның Ақтөбе қаласында ұйымдастырылғанын да айта кетейік.

Жалпы, спорттың қай түрін алып қарасаңыз да бәрінің мақсаты саламатты өмір салтын ұстану, әуесқой және кәсіби деңгейде жетістікке жету, түрлі жарыстарға қатысу екені белгілі. Дегенмен тәуір нәтижеге қол жеткізіп, чемпионаттарда топ жару кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Мұндай жетіс­тікке тек қажырлы еңбек етіп, спортты шексіз сүйіп, кез келген қиындыққа мойымай, тек алға қарай ұмтылатын жандар ғана жетеді.

Осы спортта бағы жанып, бабы келіскен, гір көтеруден спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы, әскери қызметші, майор Әділхан Нұрғазиннің спорт­тық ғұмыры көп жанға үлгі боларлықтай.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында дүниеге келген Әділхан Нұр­ғазин бозбала күнінен спортты жанына серік еткен. 1992 жылы кәсіби-техникалық училищеге оқуға түскен ол алғашында күреспен айналыса бастаған. Кейіннен гір көтеруге зейін қойып, атал­ған спорттың қыр-сырына қанығады. Кейіпкеріміз небәрі екі жылдың ішінде гір көтеруден Қазақстан чемпионы атанды. 1994 жылы алғаш рет жастар арасында ұйымдастырылған ел біріншілігінде ол 24 кило гір тасын серпе көтеру жатты­ғуында 80 рет, жұлқа көтеру бағдарламасында 85 рет көтеріп, алтыннан алқа тақты.

Ауылда өскен жігіттің еңбекқорлығы спортта талай сыналды. Спорт шеберіне кандидат атағын алу үшін де біраз тер төкті. 1995 жылдың күзінде Қазақстан чемпионатына іріктеу үшін өтіп жатқан облыстық жарыста 40 рет серпе, 40 рет жұлқа көтеріп, спорт шеберіне кандидат атанды. Әділханның қай жарысқа барса да қоржыны бос қайтпайтын.

1997 жылы екі жыл әскер қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, үйіне оралады. «1999 жылы әскерден келгенімде спорт шебері, респуб­ликаның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Баймұхамбетовті кездестірдім, ол Күр­шімде өтіп жатқан аудан­дық жарысқа шығарды. Жа­рыстан бірінші орын алып, артынша облыстық додаға да қатыстым. 2000 жылы көптен армандаған спорт шебері атағына да қол жеткізіп, ересектер арасында Қазақстан чемпионы болдым», дейді әскери спортшы.

2001 жылы Ахмирдегі әскери бөлімге келісімшарт бойынша әскери қызмет етуге келеді. Әділханның спортқа деген ерекше ықыласын байқаған басшылық оны Үшаралдағы Әуе қорғанысы күш­терінің авиабазасына ауыстырып, дене дайындығы және спорт басшысы лауазымына тағайындады. Әскери қыз­метте жүрсе де, спорттан қол үз­бе­ген кейіпкеріміз ТМД-ға мүше елдер арасындағы жарыстарда бірнеше мәрте өз мықтылығын дәлелдеді. Атап айтар болсақ, 2010 жылы Петербургте үшінші, 2012 жылы Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен турнирде екінші орын иеленді. Сонымен қатар әр жылдары ұйымдастырылған осындай халықаралық жарыс­тарда да жүлделі орындардан көрініп жүрді.

2021 жылы елордаға қоныс аударған ол Астанадағы жат­тық­тырушысы Серік Әбдіа­қинмен бірге Бішкекте ұйымдас­тырылған Азия чемпионатына қатысып, алғаш рет Сары құрлық бәсекесінде дараланды. Жерлесіміз 32 килолық гір тасын серпе және жұлқа көте­руде барлық қарсыласынан оқ бойы ұзап, 165 ұпаймен үздік шықты. Сондай-ақ биыл сәуірде Щучинскіде 40 жасқа дейінгі ардагерлер арасында өткізілген Азия біріншілігінде бақ сынап, қатарынан екінші мәрте тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.

Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әскери спортшы бүгінде шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Әділхан Нұр­ғазин қазір гір көтеру спортынан бөлек, әскериленген кросс, офицерлік үшсайыс сынды басқа да спорт түрле­рінен шәкірт даярлап жүр. Жас жеткін­шектермен қатар, сарбаздарды да спортқа баулып, оларды елішілік және шетелдік жарыс­тарға да қатыстырып келеді. Жуырда Үндістанда өткен дүбірлі додада шәкірті Ербол Дайырбаймен бірге өзі де бақ сынап, екеуі де алтын тұғырдан көрініп, әлем чемпионы атанды.