Медицина • 24 Қараша, 2022

Екінші өмір сыйлаған

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкенттің медицина тарихында алғаш рет мәйіт донорлығы бойынша бауырға трансплантациялық операция жасалды. Күрделі ота барысында алтын қолды дәрігерлер донор ретінде мәйіттің бауырын хирургиялық әдіспен алып, науқасқа қондырды. Жалпы операция алты сағаттан аса уақытқа созылды.

Екінші өмір сыйлаған

Ал бауыр мүшесін алмастырған науқас бес жылдан бері созылмалы бауыр циррозымен есепте тұрған екен. Осылайша, 1978 жылы туған мегаполис тұрғынына қалалық №1 клиникалық аурухана дәрігерлері мәйіттен алынған ағзаны сәтті қонды­рып берді. Осы ретте науқас пен оның туыс­тары күрделі ота жасаған клиника ауруханасының білікті дәрігерлер командасына зор алғы­сын білдірді. Операция­дан кейін жағ­дайы жақсарған науқас кеше ғана реа­нимациялық бөлімшеден жай пала­таға ауыстырылды.

Расымен де мұндай операция еліміздің оңтүстік өңірінде бірінші рет жасалыпты. Ал трансплантациялық отаның жүргі­зілуіне марқұмның туыстарының мәйіт донорлығына заңды түрде берген келісімі себеп болған.

Операцияны 16 қараша күні таңғы сағат төрттен бастадық. Мәйіт донорының өзге де ағзалары Астана мен Алматы қаласындағы емдеу мекемелеріне сан­авиацияның көмегімен жөнелтілді. Ота сәтті аяқталды. Төртінші тәулікте нау­қас орнынан тұрып, өздігінен жүре бас­тады. Қазіргі таңда жағдайы біршама тәуір. Жалпы медицина практикасында мәйіт донорлығына байланысты операция сирек жасалады. Өз кезегінде до­нор жетіспеушілігі мәселесі дүние жүзі бойынша бүгінгі таңда өте өзекті проблеманың бірі саналады, – деді қала­лық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай. Айта кету керек, Шымкентте ағза алмас­тыру бойын­ша алғашқы ота 2013 жылы жа­салған. Міне, содан бері шаһарда бүйрек, бауыр ал­мастыру операциялары мегаполис медици­насының ажырамас бөлігіне айналды.

Қалалық №1 клиникалық аурухана­сында емдеу мәселесіне қатысты түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, биыл клиника «Ізгілікте жары­сайық» атты қормен өзара меморандум түзіп, соның нәтижесінде 100 ана мен олар­дың кішкентай балаларына тегін медици­налық көмектер көрсетілді. Ана­лар ақысыз медициналық тексеруден өтсе, мектеп табалдырығын енді аттаған ер балаларға циркумцезия жасалды, яғни сүндеттелді.

Сонымен бірге клиникалық ауруханада осы жылы ақпарат алу орталығы ашылды. Осы орталық арқылы кез келген азамат өзіне қажетті барлық ақпаратты ала алады. Тіпті көңілін сұрап келген науқастың емдеуші дәрігері кім, қай бө­лімше, палатада жатқанына дейін білуіне болады. Ақпараттық орталықта, білікті дәрігерлер кеңес береді. Орта медицина қызметкерлері де емделушінің ахуалы туралы жағдайды баяндайды.

Клиникалық аурухананың бас дәрі­­гері А.Донбайдың мәлімдеуінше, бүгінге дейін тіліксіз ота жасайтын лапроскопиялық 5 аппарат, травмотологияда қолданылатын артроскопиялық жабдық пен заманауи УДЗ аппараттары сатып алынған. Бұған қоса жуырда ғана бас миына, жүрекке ота жасайтын ангиографиялық кабинет ашылды. Тұсаукесер рәсіміне республикаға танымал дәрігер Серік Ақшолақовтың өзі келіп қатысты. Қазіргі таңда Астана төріндегі нейрохирургиялық орталықтан аттай қа­лап алдырған 2 білікті маман аталған клиникада жемісті қызмет атқарып жатыр. Нейрохирург дәрігерлердің көмегімен жұлын омыртқасына, бас миына күрделі оталар жасалуда. Сондай-ақ қалалық №1 клиникалық ауруханасының базасын­да травмотология, ортопедия қызмет­тері жанданып келеді. Бұл медициналық көмекті де жергілікті тұрғындарға ел­орда­лық мамандар көрсетіп отыр. Сол секілді республиканың бас қаласынан мұрын, тамақты емдейтін дәрігер арнайы шақыртылды. Осыған орай клиникада лор бөлімшесі ашылды. Бұған дейін қалалық №1 ауруханада 180-нен аса бүйрек орга­­ны ауыстырылыпты. Бұдан бөлек отыз шақ­ты бауыр мүшесі трансплантацияланған. Ауруханада апта сайын бүйрек, ай са­йын бауырды ауыстыру бойынша күрделі оталар жасалады. Сондықтан бас дәрігер трансплантология клиниканың күн­де­лікті жұмысына айналғанын айтады. ­Жал­пы, клиника Шымкенттегі медициналық туризмді өркендету жолында үлкен іс тындырып отыр. Соның бір айғағы, осы күндері білікті нейрохрургтер Тәжікстан мен көршілес елдерде өздерінің қанша­ма шеберлік сабақтарын өткізіп үлгер­ді. Аталған мемлекеттерден Шымкенттегі клиникадан ем қабылдауға науқастар да көптеп келуде.

Өз кезегінде қалалық аурухана ша­руашылық жүргізу құқығындағы мекеме санатында болғандықтан тәжірибесі бар, білікті мамандарды сырттан шақыртады. Бұдан басқа дәрігерлердің ұзақ уақыт осында тұрақтап қалуы үшін клиника басшылығы оларға барынша жағдай жасауға тырысып бағуда. Айталық, білік­тілігі жоғары мамандардың барлығына тұрақты жалақсынан бөлек қосымша үстемеақы төлеу қарастырылған. Және де дәрігерлер ауруханада заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Клиника әкімшілігі сонымен қоса тәжірибелі мамандарды қызметтік пәтермен де қам­тамасыз етіп отыр. Ал олардан талап етілетіні – тек науқастың жағдайына қарап, сапалы медициналық қызмет көрсету.

 

ШЫМКЕНТ