Саясат • 23 Қараша, 2022

Астана алаңындағы мәмілегерлік

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 19-раунды өтті. Пленарлық отырысты Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов ашып, кездесу қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің Бірлескен мәлімдемесін оқыды.

Астана алаңындағы мәмілегерлік

«Бірінші, 2022 жылғы 19 шілдеде Тегеранда өткен Астана процесінің кепілгер елдерінің үшжақты саммиті аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды басшылыққа ала отырып, әлемдегі және өңірдегі ахуалды дамытуды қарастырып, Сирия дағдарысын орнықты реттеуді ілгерілетуде Астана процесінің жетекші рөлін атап өтті.

Екінші, Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өзінің өзгеріссіз берілгендігін растады және бұл қағидаттардың жалпыға бірдей сақталуы мен құрметтелуіне жататынын атап өтті», деді мәлімдемені оқыған вице-министр Ә.Тұрсынов.

Министр орынбасарының айтуынша, тараптар терроризмге қарсы күрестің барлық нысандары мен көріністерінде өзара іс-қимылды жалғастыруға келіскен. Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған әрі көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігіне, оның ішінде трансшекаралық шабуылдар мен инфильтрацияға қауіп төндіретін сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға бел буатынын атап өткен.

Сирияның түкпір-түкпірінде әрекет ететін террористік топтар мен олардың филиалдарының көбеюін, бейбіт тұрғындар қаза тапқан азаматтық инфрақұрылымға және ішкі көші-қон лагерьлеріне жасалған шабуылдардың артуын айыптады. Кепілгер мемлекеттер Сирияның солтүстігіне қатысты қолданыстағы келісімдерді толық орындау қажет екеніне назар аударған.

«Төртінші, Идлиб деэскалация айма­ғындағы жағдай егжей-тегжей қарас­тырылды. Гуманитарлық ахуалды қоса алғанда, Идлиб деэскалация аймағындағы және оның айналасындағы жағдайды тұрақты қалыпқа келтіруді қамтамасыз ету үшін одан әрі күш салуға келісті. Ид­либ туралы бүкіл келісімді толық орындау арқылы «жерде» тыныштықты сақтау қа­жеттігін атап өтті.

Бесінші, Сирия Араб Республикасы­ның солтүстік-шығысындағы жағдайды талқыладық. Бұл аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде ғана мүмкін болатынына келістік. Терроризмге қарсы күрес сылтауымен өзін өзі басқарудың заңсыз бас­тамаларын қоса алғанда, «жерде» жаңа ахуал құру әрекеттерінің бәрін жоққа шығарды», делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ Сирияның бірлігіне нұқсан келтіруге және көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне, трансшекаралық шабуыл жасауды көздейтін сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға келіскен. Осыған байланысты Евфрат өзені маңындағы бейбіт халыққа қарсы сепа­ратистік топтардың соғыс қимылдарының күшеюіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Бейбіт шерулердің жолын кесуге, күштеп әскерге шақыруға және білім беру сала­сын­дағы кемсітушілікке қатысты мәселе де талқыланған.

Кепілгер мемлекеттер Сирияға тиесілі мұнай табысының заңсыз тәркіленуіне қарсылық білдірген. Террористік элементтерге қолдау көрсететін елдердің әрекеттерін, соның ішінде Сирияның сол­түстік-шығысындағы өзін өзі басқарудың заңсыз бастамаларын айыптайтынын жет­кізген.

Келіссөздердің күн тәртібінде бірқа­тар мәселе қаралды. Сириядағы жағ­дай, оның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық ахуал, саяси процесті кешенді ілгерілету талқыланған. Бұдан бөлек, сенім шаралары, оның ішінде кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу де күн тәртібіне енді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің 2642 қарарына сәйкес Сирияны қай­та қалпына келтіру және сириялық бос­қындарды отанына қайтару үшін жағ­дай жасау мақсатында халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін жұмыл­дыру жөнінде пікір алмасты.

«Астана форматындағы тиісті Жұмыс тобы шеңберінде ұсталғандарды/ұрланған адамдарды босату жөніндегі операцияларды жалғастыруға бел байлағанымызды растады. Жұмыс тобының сириялық тараптар арасындағы сенімді нығайтудағы өзектілігі мен тиімділігін растаған бірегей механизм екеніне келісті. Ұсталғандарды/ұрланғандарды босату бойынша жұмысты жалғастыру және мәйіттерді беру, хабарсыз кеткендерді іздеу жөніндегі қолданыстағы мандатқа сәйкес іс-қимылды кеңейтуге келісті.

Қазақстан тарапын 2022 жылғы 20 қарашадағы Президент сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, Астанада Сирия бойынша 19-шы халықаралық кездесуді Астанада өткізгені үшін Қазақстан билігіне шынайы алғысын білдірді. Сирия жөніндегі 20-халықаралық кездесуді 2023 жылдың бірінші жартысында Астанада өткізуге келісті», делінген мәлімдемеде.