31 Мамыр, 2014

Қазақ көгіндегі тұңғыш ұшақ

1689 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
тұңғыш ұшақ Бұған дейін қазақ көгінде алғаш ұшқан әуе көлігі ретінде 1924 жылы Ташкент-Алматы бағытында қатынаған ұшақ айтылып, отандық әуе флотының бастауы­ саналып келген еді. Тыңғылықты зерттеу мен деректерді тірнектеп жинау нәтижесінде Қазақстан аспанын тұңғыш болып бағындырған ұшақ туралы тарих бір қабат тереңдеп отыр. Бұл турасында бізге тарих ғылымдарының кандидаты Рахман Жанабаев рет-ретімен әңгімелеп, пәлен жылдан бері мұқият жинап жүрген құжаттарын алдымызға жайған еді. Мұрағат сөресінен табылған соңғы мәліметке көз тіксек, алғашқы ұшақ қазақ жеріне 1923 жылы жаз айында ұшып келген. Сол кездегі Қазақ автономиялық республикасының астанасы Орынбор қаласына Мәскеуден жеткен «Юнкерс-13» неміс ұшағы екен. Экипаж құрамының міндеті әуе көлігін насихаттай отырып, Қазақстан үшін құрастырылатын алғашқы ұшаққа қаржы жинау. Осы жерде: «КСРО-да неміс ұшағы қалай пайда болды?» деген заңды сұрақ қылтияды. Ол былай екен. Оннан аса мемлекетті  «көрпесінің» астына бүркеп отырған Кеңес Одағында ұшақ болмай, 1922 жылдың көктемінде кеңестік әуе байланысын дамыту мақсатында 4 «Юнкерсті» неміс жерінен сатып алады. Соның нұсқасында қанат қаққан тұңғыш АК-1 ұшағы ағаштан жасалып, тек 1924 жылы ғана көкке көтеріледі. Бірақ көптеген кемшіліктеріне байланысты қолданысқа жарамаған. АК-1 өзі ағаштан жасалған, өзі шабан әрі 2 адамнан артық орыны жоқ сәтсіз жоба болып тарих қойнауында қала берді. Ал немістің «Юнкерсі» алюминий сауытты, 185 аттың күшіне ие, оның үстіне ұшқыштан бөлек тағы 3 адам міне алатын, сол кездің ең озық үлгідегі әуе техникасы еді. Жоғарыда айтылған 4 ұшақ та «РСФСР және Орта Азия елдері тұрғындары мен қажетті жүктерді Қазақстан арқылы тасымалдау­­­мен қамтамасыз ету» мақсатында 1923 жылы көктемде құрылған «Добролет» акционерлік қоғамына тиесілі болатын. Қазақ жеріне ұшып келген неміс ұшағы соның алдында ғана Мәскеу-Нижний-Новгород авиажелісін ашып, Қазақ елінің астанасы Орынбор арқылы Оңтүс­тік Қазақстан аспанын көктей өтіп, әуе даңғы­лын Орталық Азияға созуға бағытталған. Тари­хи деректерге сүйенсек, алғашқы ұшақ Мәс­кеу-Орынбор-Қызылорда-Ташкент арқылы ұшып, келешек авиакеңістіктің сапар бағытын анықтаған. Кеңес билігі ол кезде Орынборды әуе кеңістігіне ашылған терезе ретінде тектен-текке таңдамапты. Жағрапиялық орналасқан орны Еуропа мен Азияның ұштасқан жерінде әрі экономикалық тұрғыдан да тиімді, оның үстіне Оңтүстік Оралдағы өнеркәсіп ошағы және халқы тығыз шоғырланған Қазақстанның саяси астанасы ретінде де барша игілікке тиімді болғанын дөп басқан. 1925 жылғы халық санағы бойынша Оңтүстік Оралда 123 мың адам тіркеліпті. Яғни, бұл кез келген коммерциялық һәм саяси тәуекелді толықтай ақтауға тиімді. Оны да аз десеңіз, дәл сол уақытта Орынборда 1913 жылы құрылған, авиамаман И.Колоницкий басқарған жергілікті аэроклуб жұмыс істеген. Техникаға әуес жастар қолдан жасалған ұшу аппараттарын, қысқа қашықтыққа ұшатын бір адамдық аэропландарды сынақтан өткізетін ұшу алаңы болған. Бұл алаң кейін келе 1925 жылғы талап бойынша екінші және орта дәрежелі ұшу алаңы ретінде жақсы бағаланған. Әрине, ол кезде ұшақты тамашалауға жұрт қара нөпір боп жиылғаны, ұшқыштарға гүл ұсынып, оркестрдің сүйемелдеуімен әуелете марш ойналғаны белгілі. Сондай-ақ, сол кезде Қазақ орталық атқару комитетін басқарған, мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев жиылған көпшілікке тұңғыш ұшақты таныстырып, әуе сайыпқырандарының қадамына сәттілік тілеген екен. Ол кісі 1923 жылдың көктемінде алғашқы ұшаққа қаржы жинау мақсатында арнайы құрылған Әуе флоты достарының қоғамы Қазақ аймақтық ұйымына басшылық етіпті. Орталықтың арнайы тапсырмасы бойынша жергілікті басшылар ұшақ құрастыру қаражатының жиналуына және оған халықтың тығыз араласуына жауапты болған. Қазақ елінің астанасы Орынборда ұшақ екі апта болып, үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілген. Түрлі жарнамалық плакаттар, сол кездегі ең беделді ақындар В.Маяковский мен А.Родченколардың өлеңдері, әуе байланысын бағындыру үшін тасталған десте-десте ұрандар жеткілікті болыпты. Тіпті, кей үндеулер мен үгіттер шектен шығып кеткені де тарихи деректермен дәйектеліп отыр. Мәселен, халыққа қарата айтылған бір үгіт-плакатта «Бізге қосылмаған бізбен емес» деген ауанда, түпнұсқасын бұзбай берсек: «Тот не гражданин СССР, кто не «Добролета» акционер!» деп бір-ақ соққан. Орынбордағы мемлекеттік мекемелерден өзге, түрлі техникалық кешкі мектептер, рабфак, әскери ұшқыштар мектебі мен зауыт қызметкерлері үгіт-насихат жұмысына жегіліп, айналасы 2 аптаның ішінде халықтан 18 мың сом қаржы жиналған. Бұл сол кезеңдегі бағаммен есептегенде ұшақтың жарты құны, көп қазына. Салыстыра кетсек немістің  бір «Юнкерс-13» ұшағы ол кезде 33 мың сом тұрған. Мыңдаған адам Әуе флоты достарының қоғамы аймақтық ұйымына мүше болып, қазақ астанасының әрбір алтыншы тұрғыны алғашқы ұшаққа үлес қосқан. Сарғайған парақ беттерінде келтірілген деректерге қарап отырып мүдделі түрде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары өзінің зор нәтижесін бергенін байқауға болады. Қазақстанның өзге аймақтарының тұрғындары коллективтік хат жолдап, Әуе флоты достарының қоғамы аймақтық ұйымына мүше болуды сұрап қана қоймай, тезірек өздеріне де ұшқыштардың қонаққа келуіне өтініш білдіріпті. Ол ол ма, Адай уезінің тұрғындары мәселені төтесінен қойып: «Бізге бір ұшақ беріңдер, біз сендерге он мың бас қой береміз» деуге дейін барған. Халықтың сұранысы ел басқарушы азаматтардың сол кездегі орталыққа – Мәскеуге ресми түрде жеделхат жолдауына мәжбүр етеді. «Әуе флоты достарының қоғамы аймақтық ұйымына көмек көрсеткісі келетіндер қатары күн санап артып келеді. Үгіт-насихат жұмыстарын кеңірек жүргізу үшін бізге қосымша ұшақ бөлулеріңізді сұранамыз» делінген Мәскеуге жөнелтілген үшбу хатта. Ұшақ құрастыруға қаражат таппай отырған Мәскеу қарап қала ма, дереу Қазақстанға француздық «Сопвич» маркалы екі кісілік аэро­планды жөнелтеді (дереу болғанда, тарихқа қиянат жасамайық, 1925 жылдың ақпан айында). «Сопвич» бірінші дүниежүзілік соғыста пайдаланылған барлау аппараты ретінде өте әбжіл қимылдайтын, түрлі әуе қозғалыстарын жасай алатын аэроплан. 120 аттың күші бар «Сопвич» аэропланы өзге де шетелдік «Фарман», «Ньюпор» аэропландары секілді Ресейдің аэрозауытында 1920 жылға дейін-ақ құрастырылушы еді. Аты аталған ұшу құрылғылары әуе тасымалына болмаса да, ауылшаруашылығы мен әуе барлауы үшін кеңінен пайдаланыла бастаған кез. Міне, Қазақстан халқынан алғашқы ұшақ жасауға қаржы жинау үшін осы аэропландар елімізге көптеп келе бастады. Жоғарыда аталған француз аэропланы 1925 жылдан бастап еліміздің ауыл шаруашылық жұмыстарына, пошта байланысы, жол инфрақұрылымын дамыту істеріне кеңінен пайдаланыла бастады. Еліміздің пайдалы қазбалар картасын жасауда да бұл ұшу аппаратының көмегі зор болды. Осылардың бәрін жіпке тізе берсе әрқайсысы өз алдына бір тарих, өз алдына қызықты оқиғалар. Мақаламызды түйіндей келсек, 1923 жылдың жазында Қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынборға ұшып келген неміс ұшағы қазақ даласына тұңғыш қонған әуе кемесі ғана емес, еліміздің орталығы Орынборды барлық аймақтармен жедел байланыстыратын әуе даңғылының негізін қалап және жаңа астанамыз Қызылорда қаласын өзге республикалармен қарым-қатынас жүргізуге жетелеген қозғалыс тетігі қызметін де атқарған. Және де отандастарымыздың жаңа технология, яғни, әуе қатынасына қызығушылығы мен жаңашылдыққа деген ұмтылысына серпін берген. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.