Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ресейлік сарапшылар қазақстандық журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сарапшылар қатарында РҒА Экономика институты посткеңестік елдердің экономикасы дамуын зерттеу секторының басшысы Елена Кузьмина, РФ Үкіметі жанындағы Сараптамалық орталықтың сараптамалық-ғылыми жұмыстарды бақылау бөлімінің басшысы Александр Коньков, «Саяси конъюнктура орталығының» сараптамашысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Евгения Махмутова қатысты.
Үш сараптамашы өз тараптарынан Еуразиялық экономикалық одақтың көпшілік қызықтырған тұстарын талдай ашып, пікірлерімен бөлісті. Құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты, сондай-ақ одақ штабының қаржылық және басқа да штабтарының үш елде орналасуына байланысты қойылған сұрақтарға қатысты жауап берді. Елена Кузьмина одаққа кез келген елдің кіруіне шекара ашықтығын жеткізіп, бұл мәселеде ең алдымен посткеңестік кеңістіктегі елдерді айтып өтті. «Жалпы ЕАЭО-ға түрлі форматтарда кіруге болады. Ол үшін одаққа кіруге мүдделі ел экономикасын, қаржы жүйесін дайындауы тиіс. Екінші жол, мемлекеттер тобымен еркін сауда аймағы туралы келісім. Бұл өте перспективалы жол. Осындай келісімге қол қоюды аяқтау кезеңінде Вьетнам тұр», деді ол. Жалпы сарапшының пікірінше, өзге мемлекеттер тарапынан ЕАЭО аясындағы ынтымақтастыққа қызығушылық артуда.
Ал А.Коньков өзіне бағытталған Ресейге қатысты сауалға орай ЕО мен АҚШ қолданып жатқан экономикалық шаралар ЕАЭО қызметіне еш әсер етпейді, деп жауап берді. Оның айтуынша, ЕАЭО ДСҰ ережелеріне сәйкес қалыптасқан. «Саяси конъюнктура орталығының» сараптамашысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Е.Махмутова «Ресей азаматтарына қатысты салынып жатқан экономикалық санкциялардың мақсаттарының бірі – ЕАЭО ішінде тұрақсыздық енгізу, еуропалық инвесторлар тарапынан оған деген сенімді жою. Сондықтан олардың маңызын асыра айтпас едім, ЕАЭО-дағы кәсіпкерлердің өзі осы шараларды енгізуге күдікпен қарайды. Себебі жағдай осы санкцияларға жауап ретінде қолданылатын шараларға байланысты болады», – деп түсіндірді. Ал сарапшылардың пікірінше, қаржылық реттеуші органның Алматы қаласында орналасуының өзіндік мәні бар. Өйткені, бұл ЕАЭО-ның маңызды функцияларының бірі болып табылады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».