Қазақстан мен Германияның арасындағы парламентаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл, екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков пен Бундестаг депутаты Аксель Фишердің кездесуі барысында талқыланды.
Кездесу кезінде И.Адырбеков Астана мен Берлин арасындағы әріптестік қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, екі ел парламентшілерінің арасындағы өзара іс-қимылдың үдей түсетініне сенім білдірді. Атап айтқанда, ол Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеялары аясында Қазақстан мен Германияның делегациялары арасындағы жемісті ынтымақтастыққа назар аударды.
А.Фишер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын және «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған идеяларының өзектілігін атап өтті. ЕКПА-дағы Германия делегациясының жетекшісі ретінде ол Ассамблеяның басым бағыттары бойынша Қазақстанның жұмыстарын қолдау туралы айтты. Одан басқа, неміс депутаты ЭКСПО-2017 қарсаңында ГФР кәсіпорындарының Қазақстан экономикасын инвестициялауға мүдделілігін нақтылады. Тараптар сондай-ақ, халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесуге сенаторлар Орынбай Рахманбердиев пен Георгий Ким қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.