Технология • 24 Қараша, 2022

Ауыл шаруашылығын цифрландыру: меже мен мүмкіндік

588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты жыл бұрын ауыл шаруашылығын цифрландыру туралы әңгімелер қиял-ғажайып ертегідей естілетін. Мұндай бастамаға сенімсіздік танытқандар да көп болды. «Басқа-басқа, дәстүрлі сала саналатын дәл осы ауыл шаруашылығына цифрландырудың әмірі жүре қоймас» деп қырын қарағандар да табылды. Алайда қазіргі жағдай көз алдымызға басқа көріністі әкеліп отыр. Ауыл шаруашылығы қарқынды түрде цифрландырылып жатқан салаға айналды.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру: меже мен мүмкіндік

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қазіргі кезде мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қолдау, оның тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте цифрландыру бағытындағы жобалардың маңызы зор. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жо­­басы шеңберінде қолға алын­­ған шаралардың бірі – «Агро­өнер­кәсіптік кешенде қадағалау жүйе­сін әзірлеу және енгізу» жобасы. Оны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобаға республикалық бюджеттен 930 млн теңге қарастырылған.

«Нарықты «ағартуға», өнді­рілетін өнімнің сапасын арт­тыруға, ауыл шаруашылығы өнім­дерінің қадағалануын автомат­тандыруға бағытталған іс-ша­ра­лар процеске тартылған уәкі­летті ұйымдардың барлығын қо­сады және сандық-сапалық есеп­ке алуды қамтамасыз етуге, агро­өнеркәсіптік өнімнің өндірілуі мен шығарылуының бүкіл өмірлік циклін қадағалауға мүмкіндік береді. Қадағалау жүйесін іске асыру салаға инвестициялар тар­туға және экспорттық өнім желі­сін де, ауыл шаруашылығы өнім­дері мен терең өңделген өнім­дер түрлерін жеткізу география­сын да кеңейтуге тікелей әсер етеді. Қадағалау жүйесі кезінде толық мониторингті енгізу ауыл шаруашылығы өнімінің сапа стан­дарттарын арттыруға жол аша­­ды. Бұл қазақстандық өнім­нің сырт­қы нарықтардағы тар­тым­ды­лы­ғы мен бәсекеге қабі­лет­ті­лігі­не мультипликативті әсер етеді. Осы­ған байланысты авто­мат­тан­дырылған жүйені құруға ар­налған техникалық тапсырманың жобасы әзірленді. Жоба мүдделі тараптармен келісу сатысында», деп жауап берді министрлік біздің жолдаған журналистік сауалымызға.

Министрліктің хабарлауын­ша, «Цифрландыру, ғылым және ин­новациялар есебінен тех­но­логиялық серпіліс» ұлт­тық жобасына сәйкес, ауыл шаруа­шылығын цифрландыру бойынша бірқатар іс-шара көзделген. Бұл ретте, ұлт­­тық жобаның іс-шаралар жос­парына сәйкес, «Фермерлердің ауыл шаруашылығы алқаптары мен өнеркәсіптік объектілерде цифрлық жабдықтар мен жаңа технологиялық ауыл шаруа­шы­лығы техникасын және байланыс қызметтерін сатып алуы кезінде байланыс қызметтерін субсидиялау» тетіктері көзделіп отыр. Жо­баны іске асыру мерзімі – 2025 жыл. Қаржының қажеттілігі жоқ. Бұған сәйкес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорында­рын олардың аумақтарын байланыс қызметтерімен немесе жаб­дықтың өзімен қамтамасыз етуге жұмсалған қаражаттың бір бөлігін өтеу жолымен мемлекеттік қолдау көзделген.

«Ведомство Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігімен бір­лесіп Қарағанды облысы Қар­қаралы ауданы Ақтасты ауылында биыл қанатқақты жобаны жүзеге асырды. Оған отандық бай­ланыс операторлары тартыл­ды. Қанатқақты жобаның қоры­тындысы бойынша адам факторын барынша азайта отырып, цифрлық шешімдер технологияларын мақсатты пайдалану арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға қол жеткізуге болатыны белгілі болды. Бүгінде министрлік ауыл шаруашылығы алқаптарында байланыс қызметтерін субсидиялау қағидаларын әзірлеп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», деп нақтылады ведомство.

Сондай-ақ биылғы 1 шілдеден бастап «Субсидиялаудың мем­лекеттік ақпараттық жүйесінде» агроөнеркәсіптік кешенді субси­диялаудың жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйесі әзірленіп, іске қосылды. Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі бюрократиялық олқылықтар мен сыбайлас жемқорлық схемаларын болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жүйенің барлық пайдаланушысына тегін қолжетімділікті қамтамасыз ете­ді. Фермерлерге субсидиялау қызметтері қосымша ақы алынбай, тегін көрсетілетін болады. Бұдан басқа, көрсетілетін қыз­метті алушылардан (фермерлер­ден) субсидиялар алудың орын­дылығын растау үшін қоса бере­тін қосымша анықтамаларды талап ету қажеттілігі болмайды. Өйт­кені талап етілетін ақпарат интеграциялар арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады. Бұл шаралар әлеуметтік шие­леністі айтарлықтай төмендетеді. Себебі фермерлер жыл сайынғы абоненттік төлемді төлемейді әрі қосымша құжаттарды ұсынбайды.

Сонымен қатар министрлік «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасының e-ISZH Mobile мобильді қосымшасын әзірлеу жұмыстарын аяқтады. «Ауыл ша­руашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйе­сінің функционалына сәйкес, мобильді қосымшаны әзірлеу онлайн/офлайн форматта (кэшке сақтай отырып) жануарларды тіркеуді және ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар бойынша тізімдеме және басқа да іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты мо­бильді қосымшаны іске қосу жө­ніндегі қанатқақты жоба осы жыл­дың 25 қазанында Батыс Қазақстан облысынан бастау алды. Жоба қараша айының 25-іне дейін жүр­гізіледі. Мо­бильді қосымшаны қолдану ветеринарлық дәрігердің жұмы­сын жеңілдетіп қана қоймай, уақытын үнемдеуге, әртүрлі ада­ми фактордың себебінен туын­дайтын қателіктердің алдын алу­ға көмектеседі деп күтілуде.

«Ауыл шаруашылығы ми­нис­трінің 2021 жылғы 25 маусымда­ғы бұйрығымен «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ба­засында Агроөнеркәсіптік кешенде технологиялық құзыреттер орталығы құрылды және орталық AgriTech агротехнологиялық плат­формасының операторы бо­лып айқындалды. Сонымен қа­тар оның еншілес компаниясы «Агроөнеркәсіптік кешендегі эко­номикалық саясатты талдау ор­талығы» ЖШС база­сын­да агроөнеркәсіптік ке­шен­нің технологиялық құзырет­тілік­те­рінің салалық орталығы – Agritech құрылды. Оған үш мо­дуль кіреді: e-Seeds, e-Plem, e-Еxtension. Ол министрлік жа­­нындағы Е-agriculture агро­өнер­кәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай авто­маттандырылған жүйесімен интег­рацияланады. Осы жылы көп­теген В2В қосымшасы (агро­бизнеске арналған жеке ком­паниялардың қосымшалары), оның ішінде маркетплейстер үшін қолжетімділік беретін жеке және заңды тұлғалардың мемлекет­тік дерекқорымен интеграциялау жоспарлануда», деп хабарлады министрлік.