Руханият • 24 Қараша, 2022

Күлкінің күміс күмбезі

381 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Садықбек Адамбеков дегенде ең әуелі еске мөлдір моншақтай шашылып түскен күлкі түседі. Неге? Өйткені қазақ әдебиетінің кең жайлауында ою-өрнек, сән-салтанаты келіскен алты қанат ақ орда тіккендей сонадайдан көзге шалынар сатира жанрының қазығын қадап, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетіп кетті. Сәкеңнің өмір жолына үңілсек, ол да әдеби жолын өлеңмен бастаған екен. «Өмір тойы» атты өлеңдер жинағы шыққан. Содан сатира жанрына бет бұрып, барлық ғұмырын осы күштілердің қаруына арнап кетті.

Күлкінің күміс күмбезі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал еңбек жолына қарасақ, ол «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті», «Ара», КСРО деген алып империяның «Крокодил» журналдарында ұзақ жыл еңбек етіпті. Сәкеңнің қаламынан ту­ған сатиралық әңгіме-фелье­тон­дар, роман, комедиялар сол замандарда оқырмандар мен көрермендерден лайықты ба­ға­сын алды. Осы «бағасын ал­ды» деген анықтамаға жалғап қа­зақ әдебиетінің көрнекті өкіл­деріне сөз берсек, Садықбек Адам­бековтің шығармашылық жолы айқындалады. Айталық, осыдан жетпіс жыл бұрын Мұхтар Әуезов былай депті: «Ақындық тә­жірибесінде мол пайдаланбаса да фельетон, әзіл-әжуа тү­ріне ауысып, сол кішкене көр­кем жанрда өз өнерін өткір­леп, айқындап ашып келе жат­қан С.Адамбековтің тілі де сүй­сінер­дей нәр танытты». Ал ака­демик-жазушы Зейнолла Қаб­долов: «Асылы, адамның да, қоғамның да денсаулығы үшін күлкі керек қой, күлкі – Са­дықбектің күлкісі...» дейді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры кезінде Серік Қирабаев: «Са­дықбектің сатириктік, юмо­ристік таланты халықтың да­налық ойларымен суарылған. Сондықтан оның шығармалары жеңіл оқылып, санаға ойлы әсер етеді, көздеген нысанасына дәл тиеді. Ол арзан күлкіні місе тұт­пайды. Қожанасыр атасы сияқты жеңіл әзіл-сықақтың ар жағында салмақты ой сақтайды. Сәкеңнің өз бейнесінен де дәл осындай ойлы, халықтық, қарапайым да­налық көрем. Сірә, содан болар, оны көрген сайын көңіліме күлкі оралып, бір жасап, бойы­м жеңілдеп қалады. Сәкеңнің күл­кісі – жаныңды жадыратып, жы­лылыққа бөлейтін, ой-санаңа же­ңіл қабылданатын, шынайы, тапқыр, көңілді күлкі», деп жазыпты.

Жалпы, күлкінің түрі көп. Соның ішінде Сәкеңнің күлкісі қуақы күлкіге жатады. Лев Тол­стой қуақының үш түрін бел­гілеген екен. Бірінші түрі – өзі айт­пақ болған әлденеге өзі мәз болып, өз күлкісіне өзі құмығады да, өзгелер түкке түсінбей жым-жырт томсарады. Екінші түрі – өзі де күледі, өзгелерді де күл­діреді. Үшінші түрі – өзі езу тар­т­пастан сазара сөйлейді де, өз­гелердің езуін жиғызбай, шек-сі­лесін қатырады.

С.Адамбеков осылардың екінші түрі – өзі де күледі, өзге­лерді де күлдіріп, қатар рақатта­нады. Бұл – үлкен үндестік. Талант та, талантты шығарма да үндестіктен туады. «Ақын – үн­дестік ұлы» дегенде Блок осыны айтқан. Демек Садықбектің сатирасы – талантты, улы да уытты сатира. Садықбектің өмір­дегі күлкісі өнердегі күлкі­сіне осылай ұтымды, шебер ауысқан. Мұн­дай күлкі ғұмыр­лы, өміршең күл­кі, жасанды емес, табиғи. С.Адам­бековтің қай шығармасын оқы­ған жан кө­ңілін күлкімен жуады, көкі­регін күлкімен тазартады. Тотияйын тілді, ашудас азулы ақиық сатирик ағамыз қазақ әде­биетіндегі тұңғыш сатиралық роман – «Атылған қыз туралы аңызды» дүниеге келтіруі, әрине, терең талантынан деп білеміз.

Сатира сарбазы Садықбек ағаның драматургтік қыры әлі де жете зерттелмей келе жатыр деп ойлаймын. Айталық, кезінде Қазақстанның халық әртісі, режиссер Ерғали Оразымбетовтің аузынан мынадай әңгіме есті­генім бар.

– Садықбек Адамбеков – бас­қа әріптестеріне мүлдем ұқ­са­майтын драматург. Олай дей­ті­нім, ол – өте еңбекқор адам. Әлі есімде, 1972 жылы Шым­кент об­лыстық қазақ драма театрында оның «Бір түндегі төрт төбелес» комедиясы қойылды. Спек­такльді дайындау барысында драматургтердің қоюшы-режис­сермен, ойнаған әрбір әртіспен, жалпы, театрмен қоян-қолтық кірігіп, шығармашылық жұмыс жасайтынын көріп, тәлім алған едім. Садықбек ағаның пьесалары соңғы кезде театр сахнасынан сирек ұшырауының басты себебі де осы үштаған – драматург – режиссер – актер байланысының күрт әлсіреуінен болар-ау деп ойлаймын.

Расында, бүгінде республи­камыздағы қай театрды алсақ та, классикалық шығармаларға әуестігін аңғарамыз. Қазір сахналарда комедиялық қойылымдар сирек көрсетілетін болып жүр. Бұлардың орнына шағын интермедиялар қою сәнге айналды. Айтары бұлыңғыр, «көрер­мендерді әйтеуір күлдірсек болды» деп нешетүрлі сора­қы­лықтарға барып жүрген әртіс­терді көргенде кейде бетті басып, тұра қашқың келеді.

Осы интермедияларға қара­ғанда Садықбек ағаның «Аюбай­дың ажалы» атты комедиясының тақырыбы – әлі де күн тәртібінен түсе қоймаған шымыр дүние. Әттеген-айы, бүгінгі режиссерлер саңлақ сатирикті білмей ме, әлде оқымай ма, комедия десе болды, халық Хурсановтың «Өлдік те құрметті болдық», Сайд Ахмадтың «Келіндер көте­рілісі», әзербайжан жазушысы, сталиндік сыйлықтың лауреаты Узейр Гажибековтің «Аршин мал алан», В.Гогольдің «Ревизор» деген комедиясынан айналшықтап шықпайды.

Драматург Садықбек Адам­бековтің «Біздің үйдің жұл­дыздары» да классикалық туынды. Кезінде Талдықорған облыс­тық қазақ драма театры «Күн мен көлеңке», Қызылорда облыстық қазақ драма театры «Жесірлер» атты спектакльдерін қойған болатын. «Күн мен көлеңкеде» – Айсұлу, «Жесірлерде» – Ай­толқын рөлдерін сомдаған Қа­зақстанның халық әртісі Жібек Ба­ғысова: «Садықбек аға­ның сах­надағы күлкісі көрер­мен­дер­мен жанды жалғасып жатады. Олар театрдан шығы­сымен неге күлгендерін ұмытып кетпей, үне­мі ой үстінде жүреді», деп тебі­рене жазған болатын.

Драматургияда дәйекті дүние­лер жасаған Садықбек Адам­беков В.Вишневскийдің «Ұмы­тылмас 1919 жыл» пьесасын сәтті аударған болатын. Ол шетел жазушыларының сатиралық шығармаларын қазақша сөйлетті.

Екі драмалық шығарма, сегіз сатиралық комедия жазған Садықбек аға әдебиеттегі дра­матургияны армиядағы ауыр артиллерия санаған. Сатирик-драматург Садықбек «Шайтан­көлдегі жаназа» комедиясын жа­зарда қатты қиналғанын мо­йын­даған.

– Енді «Алтын табақтағы жылан» пьесасын алып қарайықшы. Басты кейіпкерлердің бірі Ор­маншы былай деп мұң шағады: Үмітсіздер-ай, жұмыртқа басып жатқан дуадақты атады. Әлі аяқтанбаған киікті атады, табиғатты шаштан сүйреп сабайды. Серуендеп кеп отырған жерін ойрандап кетеді. Сындырады, қиратады, өртейді. Ертең жердің керегі жоқ сияқты. Айға көше ме сонда? – деп бармақ шайнайды.

Сол Орманшы:

– Қазір үлкен қалаларда қыз­дар қалтақтаған шалға тиеді, жас жігіт қаусаған кемпірге ға­шық болады, менің естуімше, ғалымдар, ұстаздар түске дейін ғана ақыл айтады екен. Түстен кейін кітабын құшақтаған бойы кәдімгі құдыққа жүгірген қой сияқ­ты мейрамханаға қаптайтын көрінеді қыз бен жігіт. Содан қақала түтінге көміліп, көмейге арақ құятын оқу басталады. Сыл­қылдай күліп, былқылдай билеп жүріп ақырында қып-қызыл төбелес, алды полицияға түсіп, арты араққа құлап, бұл оқу таң ата тарайды екен, – деп кіжінеді.

Осындағы ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, ән-күйімізді дәріптеу, табиғатты аялап, экологиялық тазалықты сақтау, жастарды имандылыққа, азаматтыққа тәр­биелеу, ана тіліміздің қадір-қа­сиетін арттырып, қолдану аясын кеңейту – бәрі-бәрі дәл қазіргі күн тәртібіндегі өткір мәселелер емес пе? С.Адамбековтің өзекті шығармалары әлеуметтік, тәр­биелік мәнін әлі де жойған жоқ. Жұмыртқа басып жатқан дуа­дақты, әлі аяқтанбаған киікті ата­­тындар әлі де жеткілікті. Бұ­ған күні бүгінгі «киік саны кө­бейіп кетті, соның 800 мы­ңын атып алайық» деген ақы­рын ой­ламаған байлам да нақ­ты мысал. Ал серуен­деп ке­ліп отырған жерін ойрандап ке­тетіндер әлі де баршылық. Қыз­дардың қылтың-сылтыңы, жігіт­тердің желікпелері әлі де өр­шіп тұр. Осыларды сати­ра тілі­мен сынап, жастарды жаман әдет­тер­ден тыю – дәл қазіргі кезек күт­тірмес міндет. Ал біздің ре­жис­серлер әлі де «түк жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүрту­ден әріге барар емес. Ана бір жылы Райымбек Сейтметов В.Го­­­гольдің «Ревизорын» қаза­қы ұғымға сай сахналады. Кере­мет шықты. Мұнда орыстың салт-дәстүрлері, әдет-дағдысы мүлдем жоқ. Комедияны қазақ авторы жазған ба дерсіз. Әрине, мұны жасаған көрнекті режиссер Райымбек аға еді. Мұны айтып отырған себебіміз, Садық­бек ағаның коммунистік идея тұ­сында жазған дүниелері бү­гінгі күн­мен қабыспай жатса, Ра­йым­бек аға сияқты неге түзеп, күзеп отырмасқа!

Драматургтің «Ақырзаман аңызы» атты бір актілі комедиясы да бүгінгі күннің өткір мәсе­лелерін қаузайды. Қазір сыбай­лас жемқорлық, парақорлық, алар­мандық өршіп тұрған заманда сатираның маңызы мейлінше артып отыр.

Сайыпқыран сатирик Садық­бек Адамбековтің биыл 100 жылдығы. Осы мерейтой қарса­ңында Шымкенттегі сатира және әзіл-оспақ театрына Садықбек Адамбековтің есімін берсек деген тілегіміз әлі де орындалмай келеді. Үкімет бас-көз болып, сатирик Садықбек Адамбековтің көптомдығын, тым құрығанда «Атылған қыз туралы аңыз» романын көп таралыммен қайта бас­тырса, нұр үстіне нұр болмас па?

Жоғарыда айтылған комедия­ларды қайта сахналап, көрер­мендерге ұсынса, бұдан ұтпасақ, ұтылмас едік-ау. Өйткені бүгінгі қоғамға өткір де ащы, уытты сын әлі де керек.

Сондықтан күлкінің күміс күмбезін тат баспауы керек!

Күлкі күмбезі жарқыраған сайын арам, қара ниеттілер қал­тырай бастайды. Бүгінгі қоғам да соны күтіп отыр.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі