Қазақстан • 24 Қараша, 2022

Жандарбек Мәлібеков: Геральдикалық таңбалар мен атауларға абай болған жөн

515 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігінің басты нышаны – Мемлекеттік Ту мен Елтаңба. Әлем қауымдастығы мемлекетімізді осы екі рәміз арқылы таниды. Одан кейін, тәуелсіз мемлекеттің ішкі әкімшілік бірліктері (облыс, аудан, қала, ауыл т.б), өндіріс ошақтары (зауыт, фабрика, өндіріс, шахта, ауылшаруашылық құрлымдары, т.б.), әскери-жауынгерлік рәсімдер (эмблема, таңба, белгі т.б.), мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың марапаттары (орден, медаль, төсбелгі, т.б), сондай-ақ спорттық клуб-командалардың таңбалары... бұлар стильдік мазмұны мен терминдік атау тұрғысынан бірізділікте болуы шарт.

Жандарбек Мәлібеков: Геральдикалық таңбалар мен атауларға абай болған жөн

Бұл мәселеде бірізділік болмаған жағдайда, жеке тұлғалардың танымы һәм дүниеауи көзқарасы үстем орынға шығып кету қауіпі бар. Оның сыртында, тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар, өндірістік мекемелердің таңба-белгісін мазмұндық һәм ұлттық-тарихи сабақтастық тұрғысынан сараптап, мемлекеттік мүддеге сай еместерін өзгертіп, геральдикалық нышандарға қазақы атау беру жайы қазір күн тәртібінде тұр.

Осы орайда жоғарыда атап өткен мәселелерге байланысты Елтаңба авторы, қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібековтің пікірін білгенді жөн көрдік.

 – Ең әуелгі айтарым, өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз, – деді Жандарбек аға. – Сіз айтып отырған мемлекеттік рәміздер, өңірлік рәсімдер, күллі республика бо­йынша әртүрлі құрлым өздерінің таным белгісі ретінде қолданып жүрген рәміздерін, нышандардың барлығын бір ауыз сөзбен «геральдика» деп айтамыз.

Геральдика (heraldіca) дегеніміз – таңба-гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Қазақша айтқанда таңбатану ілімі. Бұл өнер адам баласы жаратылғаннан бері бар. Айталық, Ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (иероглиф) ежелгі далалықтар геральдикасының бастауы деуге болады. Ал еуропалықтар болса, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет, қауымдастыққа тән арнайы қабылданған айырым белгіні «геральдика» деп жүр. Бұлар ішінен: рәміздік бейнелер, эмблема, генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты салаларға бөлінеді. Одан кейін теориялық геральдика деген бар. Бұл гербті бейнелену және оны жасаудың тәсілдері мен ережелер жиынтығы. Бұларды білмей герб жасау, ерекшеліктерін айқындау қиын.

– Түсінікті. Расында, ауқымы кең дүн­ие екен. Ал сіз маман ретінде қазақ ұлт­тық геральдикасы туралы не айтар едіңіз?

 – Қазақ халқының ертедегі көшпелі өмір-тұрмысы мен этнографиясы, қолдан­балы өнер туындылары – тұнып тұрған геральдика. Мысалы, сонау сақ-ғұн дәуірінен бастап, ұлыс басқару ісіне қолданып келген белгілер (пайцы, кірке, ту, жалау, хандар мөрі, картаграфия, хат-хабар, т.б.), сондай-ақ қазақ жерінен табылып жатқан археологиялық атрефактілер – осының бәрі геральдикалық маңызға ие заттық һәм бейнелі дүниелер.

Ұлттық геральдикамызды уақыттық һәм кезеңдік бөліктерге жіктеп қарастыруға болады. Мысалы, сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңі, аралық мемлекеттер: үйсін, қарлық, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірі. Осылардың ұлыс басқару тәсілі мен жауынгерлік сабақтастығын бұзбай көшірген Ұлық ұлыс (Жошы ұлысы – Алтын Орда), бертіндегі Қазақ хандығы, Ресей патша­лығының отарлау кезеңі, кеңестік билік, тәуелсіз Қазақстан деп жіктеуге болады.

Одан кейін қазақ геральдикасын өнер туындысы ретінде, оның этнографиялық маңызын, тарихи құндылығын, жасалу стилін, қоғамды тұтастандырушы күш ретіндегі әскери-жауынгерлік қуатын, қарапайым тұрмыстық ерекшеліктерін жеке-жеке айқындап алған жөн. Осы мақсатты іске асыру үшін қазақ геральдикасын ұлттық таным тұрғысынан сараптай алатын мамандар қажет. Айталық, ежелгі мұралар (петроглиф, иероглиф, жартас жазулары т.б.), қазақ фольклорындағы жауынгерлік жыр-мәтіндер сияқты деректерді негізге ала отырып, ғылыми жаңғыртпасын жасай алсақ, нағыз ұлттық геральдиканың негізі қаланар еді.

– Маман ретінде сіз айтқан пікірге толық келісеміз. Келесі сұрақ: өзіңіз айтқан­дай геральдика ілімі ішінен көпте­ген тарауға бөлінеді екен. Осы­лар­ды тәпсірлеп берсеңіз.

 – Бірінші таңбадан бастайық. Жоғарыда атап өткен геральдикалық белгілер: рәміз эмблема, ономастика, генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика- барлығы қазақша айтқанда таңба. Таңба дегеніміз – қандай бір ұғымның, идеяның, мақсаттың, меншік иесінің, жауынгерлік рухтың шарты белгісі. Мысалы, рәмізді алайық. Бұл бейнелі абстракті, пәлсапалық түсінікке жақын астарлы, діни әмбебап эстетикалық категорияға жақын нышан. Ал эмблемаға тоқталсақ, көп жағдайда жауынгерлік айырым белгілеріне қатысы барын аңғарамыз. Мысалы, әскери құрылымдар мен күштердің мамандық айырмашылығын білдіретін белгілер, сонымен қатар әртүрлі оқу орындары және жеке кәсіби саланың айырым таңбасын да айта аламыз. Генеология дегенміз – қазақтың әулет шежіресі мен мұралық сипатқа ие жәдігерлері, ал палеография – ежелгі иероглифтер немесе көне жазу таңбалары. Нумизматика деп қазақша айтқанда, заттық құнды дүниелер – жамбы, тиын-теңгелерді айтамыз. Сфрагистика дегеніміз – кәдімгі мөр. Бұған ежелгі билеуші хандардың мөрін жатқызуға болады.

– Жоғарыда өзіңіз атап өткен гераль­дикалық атауларды қазіргі қоғамдық жағдайымызға байланыстырып, оның құқықтық шарттары мен терминдік мәнін талдап, түсіндіріп берсеңіз?

– Өте дұрыс сұрақ. Себебі еліміз тәуелсіздік алған күннен бері геральдикалық белгілердің құқықтық шартын жүйелей алмай отырмыз. Сонымен қатар қазіргі таңда еліміз бойынша қолданып жүрген таңбалардың қайсысы эмблема, қайсы рәміз немесе логотип, оны айыра алмайсыз. Бұл жерде айтпасқа болмайтын тағы бір дүние – геральдикалық таңбалар мемлекет саясатына сай болуы керек. Тіпті қазіргі кейбір қолданыста жүрген геральдикалық таңбаларда ресейлік отарлаудың немесе қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымына сай келмейтін будда, иудей, христиан діндеріне тән рәміздер, сонымен қатар еуроцентристік көзқарасты насихаттайтын белгілер бары қынжылтады. Өз басым бұны білместіктің салдары деп ойлаймын. Сондықтан отандық геральдистерге айтарым: геральдикалық таңбалар мен атауларға абай болған жөн.

Ал өзіңіз айтып отырған геральдикалық таңбаларға атау беру жайына келсек, бұл әлі ғылыми сараптан өтіп, реттелмеген шаруа. Сондықтан әркім әртүрлі пікір айтып өз пайымын тықпалауда. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ақылдасып отырып шешетін мәселе бұл. Жан-жаққа бұра тартпай, бұл мәселені Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Геральдикалық зерттеулер орталығының ғылыми-сараптамалық кеңесінде талқылап ортақ шешімге келген жөн.

Екіншіден, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба – мемлекеттің ең жоғарғы рәмізі. Саяси құқықтық мәртебесі жағынан бұдан биік ешқандай таңба болмауға тиіс. Одан кейін әскери рәсімдік (рәміздер емес) белгілер. Бұны «әскери – жауынгерлік айырым белгі» деп айтқан дұрыс сияқты. Келесі кезекте – облыс, аудан, қала, т.б. әкімшілік бірліктердің таңбасы. Бәзбір белсенді азаматтар бұны «төлтаңба» деп атау жайлы пікір айтып жүр. Бұл пікір көкейге қонымсыз. Мысалы, жеке тұлғаның паспортын «төлқұжат» дейміз. Демек бұл ұғым жеке тұлғаға тән сипат. Ал облыс, аудан ол жеке тұлғалық сипаттан биік тұратын аумақтық, яғни өңірлік әкімшілік бірлік. Сондақтан өз басым «Өңір белгі», «Өңір нышан» атауларының бірін қолай көріп отырмын. Алдағы күндері бұл мәселені терминтанушы мамандарды қатыстыра отырып ретке келтірген жөн.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»