Халықтың Қ.Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси саладағы реформалары, елдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалары табысты болатынына үлкен үміт артып отырғаны сөзсіз. Ел ең алдымен, Мемлекет басшысының ашық әрі әділ қоғам орнату жөніндегі бастамаларын толықтай қолдайды.
Біріншіден, конституциялық реформа елдегі түбегейлі саяси жаңғырудың негізін қалады. Өздеріңіз білетіндей, халқымыз биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумда Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды толықтай қолдады.
Олардың ішіндегі ең маңызды – Конституцияның 6-бабына енгізілген өзгеріс. Ол арқылы еліміздің Ата Заңында жер, оның қойнауындағы барлық табиғи ресурс, өсімдіктер мен жануарлар халықтың байлығы болып табылатыны бекітілді. Басқаша айтқанда, халық еліміздегі жердің, оның қойнауындағы барлық байлықтың иесі. Бұл құқықты халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады. Әрбір қазақстандық жеріміздің және оның қойнауындағы байлықтың игілігін көруге мүмкіндік алады. Бұл құр сөз емес екеніне баршамыз куә болып отырмыз. Президент биыл 1 қыркүйектегі Жолдауында аталған норманың жүзеге асырылуының нақты тетігін ұсынды.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Бұл бастама 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асырылады.
Президентіміздің тағы бір маңызды бастамасы – «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызы жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылады.
Екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында қабылданып жатқан шешімдер мен іс-қимылдардың нәтижесі. Бұл бастамалар тамыр-таныстық пен рушылдықты түбегейлі жойып, «парасыз қоғам» құруға ықпал ететініне сенімдімін. Бұған конституциялық реформа аясында қабылданған нормалар кепілдік береді.
Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімінде саяси партияларда болуына тыйым салынады. Президент бұл норманы іске асыруды бірінші өзінен бастады, мұндай норманың әлі күшіне енгенін күтпестен Қ.Тоқаев «Amanat» партиясының қатарынан шығатынын жария етті.
Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға тыйым салынады. Осы норма арқылы коррупция мен тамыр-таныстықтың тамырына балта шабылады деп үміттенемін. Жұмысқа орналасуда, бизнес ашуда және кез келген азамат үшін маңызды мәселені шешуде протекционизм деген ұғымның жоғалуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысының тағы бір жақсы бастамасы – сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы іс-шаралар. Президенттің тапсырмасымен жемқорлардан алынған қаржы мектеп салуға жұмсалатын болды. Бүгінгі таңда республика бойынша шамамен 100 млрд теңге көлеміндегі қаражат жайында айтылып отыр.
Үшіншіден, Президент Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолында халықтың, әрбір азаматтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі бірінші орынға қояды. Бұған қатысты өзгерістерді Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жария етті.
Халықтың әл-ауқатын жақсартудағы келесі маңызды қадамның бірі – халықтың белгілі бір топтарына арнайы төлемақы негізінде қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Жолдауында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатынын атап өтті. Осы орайда, айта кететін жайт, 2023 жылға арналған республикалық бюджет жобасында әлеуметтік саланың шығыстары 2022 жылмен салыстырғанда 1 779,3 млрд теңгеге ұлғайту көзделген.
Қ.Тоқаев жария еткен бастамалардың басым бөлігі білім беру саласына бағытталған. Бұл ретте, ауыл және қала мектептері арасындағы айырмашылық азайтылып, олардың мазмұндық және техникалық деңгейі теңестіріледі. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі.
Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында «Жайлы мектеп» жаңа пилоттық ұлттық жобасы дайындалғаны белгілі. Жоба шеңберінде үш жылдық мерзімде жалпы сомасы 2 606,6 млрд теңгеге 504 мектеп салу жоспарланып отыр.
Бұл – Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолында Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің бөлігі ғана. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету. Әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау» деп, елді басқаруда халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мәселесін бірінші орынға қоятынын атап өтті.
Мұның барлығы Қ.Тоқаевтың мемлекеттік басқару саласында білімі мен тәжірибесі мол, халықтың сенімін алған, кәсіби дипломат, билік жүргізуде халықтың мұң-мұқтажын бірінші орынға қоятын тұлға екенінің дәлелі.
Ғани ТАШҚАРАЕВ,
Мәжіліс депутаты