*Мысырда өткен президенттік сайлауда бұрынғы қорғаныс министрі, отставкадағы генерал Әбдел Фаттах ас-Сиси жеңіске жетті. «Мұсылман бауырлар» сайлау қорытындыларын мойындамайтынын мәлімдеді. Бірақ халықаралық қоғамдастық сайлаудың барлық халықаралық талаптарға сай өткенін танитынын хабарлап үлгерді.
*Германияның Майнц қаласында 17-20 маусым күндері әуе шабуылынан қорғаныс саласы бойынша халықаралық конференция өтеді деп жоспарланған. Шараны ұйымдастырушылар оған қатысу туралы Ресейдің тапсырысын қабылдамай тастады. Мәскеу мұны аталған саладағы ынтымақтастықты тоқтатуға қадам деп бағалап отыр.
*Сербия мен Босния және Герцеговинадағы су тасқынынан Сербияда 51 адам, ал Босния және Герцеговинада 24 адам опат болғаны белгілі болып отыр. Бұл елдер тарихында бұрын-соңды болып көрмеген табиғат апаты ауыл шаруашылығы саласына да зор кесапат әкелді. Кейбір елді мекендер жермен-жексен болды. Халыққа үкімет тарапынан жәрдем керек.
*Ресейде жаңа сүңгуір қайық сынақтан өткізу үшін Балтық теңізіне түсірілді. «Варшавянка» деп аталатын дизельді-электрлі сүңгуір қайық сынақтан сәтті өткен жағдайда Қара теңіз флотына жіберілмекші. Оның су бетіндегі жылдамдығы 20 узелді, сүңгу тереңдігі 300 метрді, автономды жүзуі 45 күнді құрайды. Экипажы – 52 адам. Су астындағы су сыйымдылығы шамамен 4000 тонна.
*Түркияның конституциялық соты YouTube сайтына тосқауыл қойылуын заңсыз деп тапты. Конституциялық сот бейнехостингке қолжетімділікті шектеу азаматтардың құқын бұзу деп санайды. Ал тосқауыл қоюдың бастамашысы елдің премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған екен. Сайтта Түркияның жоғары шенді шенеуніктері Сириядағы әскери операцияны талқыласа керек.
*Ресейдің Мәскеу қалалық соты ерлі-зайыпты Магомед және Халимат Расуловтарды сәйкесінше 18 және 12,5 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Оларға Матвеев базарында тәртіп сақшысына шабуыл жасады деген айып тағылыпты. Ерлі-зайыптылар полиция 15 жастағы өспірім қызды зорламақ болды деген күдікпен ұстамақ болған Магомед Магомедовке араша түссе керек.
*Қытайда көшедегі әжетхана септигіне түсіп кеткен ұялы телефонды алуға әрекет жасаған екі адам қаза тауып, тағы төртеуі зардап шеккен. Бұл оқиға Хэнань провинциясында орын алған. Қаза болғандар қалтафонын түсіріп алған келіншектің күйеуі мен оған жанұшырып көмекке ұмтылған анасы көрінеді.
Ақпарат агенттіктері материалдары негізінде әзірленді.