Пікір • 28 Қараша, 2022

Ел өміріндегі айтулы оқиға

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевты салтанатты ұлық­­тау рәсімі өтті. Осылайша, Мем­­лекет басшысы өзінің жеті жыл­дық қызметіне ресми түрде кіріс­ті. Бұл еліміздің саяси өмірін­дегі айтулы оқиға екені сөзсіз.

Ел өміріндегі айтулы оқиға

Өткен сайлауда азаматтарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім білдіріп, әділеттілікке табан тірейтін мемлекет, экономика және қоғам құру бағдарламасын қызу қолдағаны белгілі. Президентіміз ұлтымыздың осы үмітін ақтау өзінің алдағы басты міндеті болатынын жариялады. Сонымен қатар сайлау алдында берілген уәделерді іске асыруға жол ашатын бастапқы әрі нақты жұмыс бағдарларын айқындап көрсетті.

Президентіміз өз сөзінде заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты екенін қадап айтты. Осы жолда елден заңсыз шығарылған барлық активті елге қайтару маңызды міндетке айналуда. Бұл үшін заңсыз шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленетінін жеткізді.

Сондай-ақ Президентіміз өңірлерді, оның ішінде ауылдарымызды өркен­детуге айрықша көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа прези­дент­тік мер­зімдегі бірінші Жарлығы ауылды дамыту мә­селесін шешуге ар­налды. Сонымен бірге ауқымды индус­трияландыру, ин­фра­­құрылымдарды салу және жаңғыр­ту ісі де тың серпінмен қолға алынады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Конс­ти­туцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын айтты. Осыған сәй­кес алдағы жылдың 14 қаңтарында Сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл біздің депутаттық корпустың сапа­лық тұрғыдан өзгеріп, өз жұмысын жаңа міндеттер аясында лайықты жалғас­тыруына мүмкіндік береді.

Әділетті Қазақстанды құру – бар­ша­мыздың ортақ мақсатымыз. Осы және алда жарияланатын басқа да бастамалар мен міндеттерді заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету Сенаттың алдындағы басты міндеті болып қала береді.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат Төрағасы