Пікір • 28 Қараша, 2022

Ауыл түрлене түседі

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысының делегациясы қатарынан табылып, сайлауда айқын жеңіске жетіп, Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсіміне қатыстық. Іс-шараның ерекшелігі – ұзаққа созылып, артық ауыз әңгіме айтылған жоқ. Елдің ертеңі үшін қажетті маңызды шаруалар, басым бағыттар нақтыланды.

Ауыл түрлене түседі

Мемлекет басшысы ант қабылдаған­нан кейін алдағы жоспарларды нақты тізбектеп берді. Әсіресе алғашқы Жарлықтың ауылдың әлеуетін арттырумен байланысты болғаны көпшіліктің көңілінен шықты. Шыны керек, еліміздегі қордаланған мәселелердің басым бөлігі ауылдық жерлерде. Ауылдардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту – маңызды іс. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргі­земіз», деді. Яғни алдағы бес жылда ауыл­дардың ажары артып, тұрғындардың тұр­мыс сапасы жоғары болады деген сенім мол. Соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы шеңберінде тәуелсіздік алған жыл­дардан бері жөндеу көрмеген ауылға кіре­беріс жолдарға асфальт төселіп, тұрғын­дар мәре-сәре күй кешіп жатқаны рас. Қала берді, ауылдағы әлеуметтік ғимарат­тар жаңартылып, жаңа нысандар салы­нып, игі істер жалғасын тауып жатыр. Мем­ле­кет басшысының Жарлығынан кейін бұл бағыттағы жұмыстар жаңаша қарқын алып, ауылдар көркейе түсетініне сенімдімін.

Әлемдік саясат алмағайып күй кешіп тұрған кезеңде жаңа реформалармен халықтың әл-ауқатын жақсартуға талпыну оңай шаруа емес. Мұндай сәтте елдің бірлігі, ын­тымағы аса маңызды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, елдің ертең­іне нық сеніммен қарап, Мемлекет бас­шы­сының саясатын қолдау арқылы бола­шағымызды баянды етуге мүмкіндік зор.

 

Жарқынбек АМАНТАЙ,

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты

Соңғы жаңалықтар