Ауыл деген – қазақ. Дініміз, діліміз, тіліміз ауылда. Руханиятымыздың алтын діңгегі. Ауылды құртып алу дегеніміз, қазақты құртып алумен бірдей. Ауыл көтерілсе, оның мәдени-рухани жағы көтерілсе, үдере көшушілер де азаяр еді. Бірақ ауылда халықты ұстау қиын. Ауылда бұрынғы колхоз-совхоз жоқ. Бұрын «өлмегенге өлі балық» деп жүре бердік. Ол кезде қаланы ешкім армандамаған. Ауылдың өз қызығы өзінде еді. Шалқып-тасып жатар едік. Қазір кәсіпкерлер болмаса, ауылда жұмыс та жоқ. Әсіресе жастарды тұрақтандыру өте ауыр. Ауылды қойып, қаланың көшесінде сандалып бос жүрген жас көп. Қалада жүр деген аты
үшін.
Жастарды, жалпы халықты ауылға бағыттау үшін адамның сана-сезімінде үлкен төңкеріс жасамай болмайды. Бізде осы жағынан істеліп жатқан жұмыс жоқ. Ата-ана, мейлі мектеп болсын, осымен шұғылдану керек. Сананы өзгертуіміз керек.
Тағы да айтамын: Ең бірінші жастарды ауылға тарту керек. Бұл мәселе күн тәртібінен түспеуге тиіс. Сөзбен айта бергеннен гөрі тетіктерін іздеуіміз қажет. Әйтпесе баяғыда «Ауыл жылы» деп те нәтижесіз бос ұранмен жүргенбіз.
Президент Ұлықтау рәсімінде көптеген жақсы дүние айтты. Еңбек еткен адамды өсіру керек деді. Еңбек адамдары ерекше құрметке ие болуы керек деп тағы айтты. Әділдік, адалдық туралы жиі айтып жүр. Қуанып қалдық, рас. Алдымыздан енді тек жақсылықтар шықсын! Заман тыныш болсын!
Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,
Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы