«Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», деген Президент сөзі қай-қайсымызға болсын ой салғаны анық.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты мақсаты – әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам құруға бағытталып отыр. Алдағы жеті жыл бедерінде осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатындығына ешқандай шүбәм жоқ.
«Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», деді Президент. Біз де Мемлекет басшысының елімізді дамудың жаңа сатысына бастайтынына бек сенімдіміз.
Елдің мүддесін бәрінен биік қоятынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір бастамасын қолдаймыз, қуаттаймыз. Ең бастысы, азат елімізде әділдік салтанат құрып, бейбітшілік бесігінде тербеле берейік. Ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын!
Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
күйші-композитор,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
Жамбыл облысы,
Шу ауданы