2014 жылдан бері қазақстандық 45 офицер Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Ливандағы миссияларға әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде қатысты. 2018 жылдан бері есептегенде 520 әскери қызметші Ливандағы бітімгерлік бөлімше құрамында қызмет атқарған екен.
Қазақстан Республикасы Парламентінің биылғы 30 маусымдағы қаулысымен Қарулы күштердің жалпы саны 430 әскери қызметшісін БҰҰ-ның миссиясына жіберу туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес, қазақстандық бітімгерлік контингент Орталық Африка Республикасындағы, Конго Демократиялық Республикасындағы, Малидегі және Ливандағы миссияларда штаб офицері, әскери бақылаушы болып, сондай-ақ мамандандырылған бөлімшелердің құрамында қызмет атқарады.
Қазірдің өзінде көпұлтты бітімгерлік күштердің құрамында, нақтырақ айтсақ, Батыс Сахарада – 6, Ливанда – 9, Орталық Африка Республикасында – 2, Малиде – 2, барлығы 19 қазақстандық әскери қызметші міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Солардың қатарында қара құрлықтың кіндігі саналатын Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ-ның шығыс секторындағы штаб офицерлері подполковник Рүстем Сүлейменов пен майор Максим Добросельскийді айтуға болады. Биылғы шілде айында мазасыз аймаққа аттанған әскери қызметшілердің миссияда болу уақыты – 12 ай.
Аталған мемлекеттегі түрлі этностық топтар арасындағы қақтығыстардың, ушыққан әлеуметтік ахуалдың және ішкі тұрақсыздықтың салдарынан бейкүнә жандардың қаны төгілуде. Ұлттық қорғаныс күштері елдің батысы мен шығысында үкіметке қарсы қарулы топтарды ығыстыру үшін толассыз әскери операция жүргізіп келеді. Миссия 2022 жылдың бірінші жартысында қарулы топтардың белсенділігі артқанын айтады. Олар бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап, халықтың жүріп-тұру қозғалысын шектеп, гуманитарлық ұйымдар мен БҰҰ-ның жұмысына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Сонымен бірге халықтың 60 пайызынан астамы гуманитарлық көмекке зәру. Жергілікті тұрғындар қарулы топтар мен Ұлттық қорғаныс күштерінің зорлық-зомбылығына жиі ұшырайды. Халықтың қалыпты өмір сүруіне қажетті ауыз су, азық-түлік тапшы.
Бітімгерлер жұмысының негізгі қағидалары заңдылықты, халықаралық құқық нормаларын, тепе-теңдік пен тыныштықты сақтау, жергілікті халықтың салт-дәстүрін құрметтеу екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, БҰҰ-ның басшысы қазақстандық әскери қызметшілердің даярлық деңгейін жоғары бағалап, бітімгерлер санын арттыруға қолдау көрсетуге ниетті екенін ұдайы айтып келеді.
Енді бейбітшілікті, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық қағидаттарын берік ұстанып, мемлекет атынан бітімгерлік міндеттерді орындауды үлкен құрмет деп білетін қос офицердің қызметіне қысқаша тоқталсақ. Штаб офицерлері негізінен өз құзіреті шеңберінде ашық көздерден, сектордағы әскери контингенттерден, полиция мен азаматтық персоналдан ақпарат жинаумен айналысады.
Бұдан өзге олар қарулы топтардың қозғалысы мен орналасуын қадағалап отырады. Бітімгерлік күштер мен бейбіт тұрғындарға төнетін қауіп-қатерді зерделеп, жедел қызметке қажетті барлау мәліметтеріне талдау жүргізеді. Біздің жігіттерге көпұлтты коалиция құрамында бұл міндеттерді сауатты орындауға еш кедергі жоқ десек те, әскери қызметшілерге қойылар талап қатаң.
Олар өте жақсы базалық даярлықтан өткен, дене дайындығы және психологиялық тұрғыда да сау болуы тиіс. БҰҰ-ның барлық процедуралары мен стандарттарын, тәртіпке қойылатын талаптарды білуі қажет. Сонымен бірге БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік орталықтар өткізетін курстар мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығынан міндетті түрде дайындықтан өтуі шарт. Бұл жағынан алғанда қазақстандық бітімгерлердің мерейі үстем. Мәселен, Рүстем мен Максим – ағылшын тілін жетік меңгерген жігіттер. Қазақ, орыс, неміс, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлейтін Максимді полиглот деуге болады.
Подполковник Рүстем Сүлейменов – Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектептің түлегі. Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсіп, командалық-тактикалық әуе-десанты әскерлері және әскери барлау мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Рүстем ағылшын тілін мектепте оқып жүргенде үйренген екен. Курсант кезінде тілді меңгеру деңгейін одан әрі дамытуға барынша күш салыпты. Шетелдердегі тілдік курстарға қатысып, тәжірибе жинақтаған.
Майор Максим Добросельский – Алматы қаласындағы №15 лингвистикалық гимназияның түлегі. Германия Құрлық әскерлерінің офицерлер мектебінде жоғары әскери білім алған. Мамандығы – бітімгерлік операциялардың офицері.
Екі офицердің бұған дейін де БҰҰ-ның коалициялық күштері құрамында тәжірибеден өткенін айта кету керек. Рүстем 2015 жылы Кот д’Ивуардағы бітімгерлік операцияларға қатысса, Максим 2019-2020 жылдары Ливандағы уақытша күштер құрамында қызмет атқарған.
Рүстем оқушы кезінен Отан қорғаушы болуды армандаған екен. «Теледидардан көрген әскери парадтар маған ерекше әсер етті. Сол үшін алдыма үлкен мақсат қойып, болашақта әскери адам болуға бел будым. Оқуымды жақсы оқып, спортпен шұғылдандым. Соның нәтижесінде еліміздегі маңдайалды әскери оқу орнына түсу бақыты бұйырды», дейді ол.
Ал Максимнің әскери мамандықты таңдауын әулеттегі ұрпақтар сабақтастығы десе болады. Әкесі Виктор Николаевич пен анасы Галина Забировна – Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері. Өз атасы Николай Сергеевич Добросельский Қызыл армия сержанты болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ұрыста жарақат алған кісі. Нағашы атасы Забир Тагирович Адельшин КСРО Қарулы күштерінде қызмет еткен. Әскери атағы – прапорщик.
Бітімгер болуды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу деп білетін қос офицер бос уақыттарында спортпен шұғылданады. Рүстем футбол ойнағанды ұнатады. Максим тауға шығу мен жүгіруді жанына серік еткен. Қолы қалт етсе, әдеби кітаптар оқиды. Максим отбасылы. Сақина алмасқан серігі Диана Михайловна Бондаренко инженер-конструктор. 1-сыныпта оқитын ұлы Марктің де әскерилер династиясының заңды жалғасы болғанын қалайды.
Рүстем мен Максим өздерінің кәсіби әлеуетін төл Қарулы күштеріміздің мүддесі жолында барынша пайдалануды басты мақсат санайды. Сол арқылы жас офицерлерге үлгі болып, болашақ бітімгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарсақ дейді. Олай болса, антына адал офицерлердің жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссияларында ел намысын асқақтата беретініне сенім мол.
Мұхарбек МАХАМБЕТ,
запастағы подполковник