Қазақстанның ұлттық білім беру саласының бренді болып табылатын еліміздің беделді жоғары оқу орны Назарбаев Университетінің соңғы үш жылдағы көрсеткіші бойынша РФМШ Қазақстанның «Ең үздік» мектебі болып отыр. Соңғы төрт жыл ішінде мектептің 184 түлегі осы оқу орнының студенті атанды.
Ел арасында №1 мектеп РФМШ деген атаумен белгілі О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты (РМФМОМИ) елімізге ғана емес алыс және жақын шетелдерге де танымал.1972 жылы құрылған бұл білім ұясы он жылдан астам «Үздік олимпиада мектебі» және «Үздік олимпиада командасы» атын абыроймен арқалап келеді. Демек, болашақты ойлайтын жасөспірімдер мен олардың ата-аналары физика-математикалық білімнің негізін қалыптастыратын республикалық физматқа түсуді армандайды.
Қазақстанның барлық аймағының талантты балаларын оқытуды көздейтін мектеп-интернатта жыл сайын 900-ге жуық бала білім алады. Қазіргі таңда мұнда еліміздің барлық облыстарынан келген 320 бала бар. Мектептің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталған соң интернаттағы орын 500-ге дейін кеңейеді. Бұл білім ұясында 2003 жылдан бері РМФМОМИ және М.В.Ломоносов атындағы ММУ түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Қ.Мақышов басшылық етеді.
РМФМОМИ-дың көптеген түлектері – ерекше корпоративтік мәдениетімен дараланған ықпалды саясаткерлер, ғалымдар мен іскер бизнесмендер, өз саласының білгірлері мен жаңашылдары. Олардың қатарында К.Мәсімов, Т.Құлыбаев, Қ.Келімбетов Е.Қалиев, Б.Сұлтанов, Н.Қаппаров, Е.Досаев, Қ.Қожамжаров, Т.Ахсамбиев, Е.Сағадиев, Д.Еренчинов, С.Нұрғисаев, Д.Абылғазин, В.Ким, Б.Каниев, М.Абдрахманов, А.Сұлтанғазин, А.Пак, И.Школьник, Асқар және Әнуар Жұмаділдаевтар, Ф.Қуанғанов, Е.Бейсембетов, А.Құсайынов, тағы басқа танымал азаматтар бар. «Яндекс» компаниясының (Ресей) негізін қалаушылар А.Волож бен И.Сегалович те осы РМФМОМИ түлектері.
Соңғы он жылда 650-ге жуық мектеп түлегі әлемнің Гарвард, Йель, Мичиган, Карнеги, Кембридж, Оксфорд, Бауман, Беркли секілді 25 елінің үздік университеттерінде білім алды. Сондай-ақ, жыл сайын мұндағы оқушылар тұрақты негізде Ресей, Сингапур, Қытай, Корея және тағы басқа елдердің үздік университеттерінің гранттарын алады. Мектепте осы мақсатта ағылшын тілін оқыту және халықаралық емтихандарды ойдағыдай тапсыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Соңғы 9 жылда физматтықтардың бесеуі әлемнің ең мықты жоғары оқу орны Массачусет технологиялық университетіне (МІТ, АҚШ) түсті.
РМФМОМИ-да олимпиадалық қозғалысты дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Дүниежүзілік олимпиадалардан (ІМО, ІРһО, ІОІ, ІСһО) Қазақстанның жүлде қорына мектеп олимпиадашылары соңғы 10 жыл ішінде 32 медаль әкелді. Олардың 2-уі алтын, 10-ы күміс, 20-ы қола. Олар жыл сайын әлемнің 16 елінде өтетін 30-дан астам халықаралық олимпиадаларға, ғылыми сайыстарға қатысып, соңғы бес жыл ішінде 527 марапатқа ие болды. Тек өткен оқу жылының өзінде халықаралық олимпиадалар мен сайыстардан 119 медаль жеңіп алынды.
Мектепті жыл сайын 50-ден астам «Алтын белгі» аттестатының иегерлері бітіреді. Соңғы 6 жылда 310 түлек осындай төсбелгі иесі атанды. Биылғы жылы оқу үздігінің осындай жоғары атағын 84 үміткер, ал келесі оқу жылы 129 үміткер растайды деп күтілуде. ҰБТ-ның орташа балы жыл сайын 110-нан асып тұр.
РМФМОМИ-да халықаралық және республикалық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Олардың бастамашысы болып табылатын мектеп директорына осы білім ұясының педагогикалық ұжымы белсенді қолдау көрсетеді. Математика, физика және информатика бойынша өткізіліп жүрген халықаралық Жәутіков олимпиадасы, Қазақстан математик және физик мұғалімдерінің республикалық шығармашылық конкурстары, республикалық ғылыми көпшілік «ФизМат» журналы, 2012 жылы мектеп базасында құрылған Қазақстан математик мұғалімдерінің ассоциациясы... Міне, осы және тағы басқалары жыл сайын мектепте сәтімен жүзеге асырылып жүрген жобалардың тізбесі.
РМФМОМИ-дың дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі үлкен жетістігі деп мектептің бұрынғыша еліміздің орта білім беру жүйесінде көшбасшылық орын алатындығын айтуға болады. Бұл білім ұясының осындай жетістікке жетуіне мемлекеттің орта білім беру саласына ұдайы назар аударуы, Білім және Ғылым министрлігінің қолдауы, «РМФМОМИ түлектерінің қоры» мен Қамқоршылық Кеңесі демеушілер мен серіктестердің көмегі жақсы жағдай туғызуда.
Осындай мектептің оқушысы мен түлегі болу – әрбір талантты баланың арманы. Демек, еліміздің математикадан дарынды кез келген оқушысы РФМШ шәкірті атанып, мектептің жаңа жеңісіне өз үлесін қоса алады. Дарынды балаларға жаңа оқу жылында мектеп есігі айқара ашық.
Майя ЕСМАҒАМБЕТОВА.
АЛМАТЫ.