Медицина • 28 Қараша, 2022

ЖИТС: аурудың алдын алуға арналған онкүндік

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтер АИТВ/ЖИТС-ке қарсы күрес күнін өткізеді. Яғни қауіпті инфекцияның алдын алу және еңсеру мақсатында бұл күні әлем бар күш-жігерін салады. Осыған байланысты биыл Астанада ЖИТС-пен күрес күніне арналған онкүндік өтіп жатыр.

ЖИТС: аурудың алдын алуға  арналған онкүндік

Биыл 21 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күреске бағытталған онкүндікте ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Белгіленген күн аралығында қала тұрғындарын, әсіресе жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелері жан-жақты қаралады. Басты мақсат – қауіпсіздікті қалыптастыру бойынша кемсітушілікті жою және барлық мүдделі тараптардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту. Атап айтқанда, 28 қарашада Facebook желісінің тікелей эфирінде елордалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары тақырыптық баяндама жасаса, бір күннен кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде студенттер арасында ауқымды акция өтеді. Қала тұрғындарына, әсіресе халық көп жиналатын орындар – темір жол вокзалдарында, сауда-ойын-сауық үйлерінде АИТВ инфекциясының алдын алу туралы мамандардың тегін кеңесі беріледі. Халыққа білім беру мате­риалдарын тарату мен психоәлеуметтік қолдау көрсетіліп, «АИТВ-ға тест тапсырыңыз» акциясы шеңберінде экспресс-тестілеу өткізілетін болады.

Сондай-ақ АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында тіркелген, АИТВ-мен өмір сүретін аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы беріледі. Барлық іс-шаралар үкіметтік емес ұйымдар, Қазақ ұлттық өнер университеті, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау және білім басқармаларымен бірлесіп өткізіледі. Онкүндіктің қорытындысы 1 желтоқсанда шығарылады.