03 Маусым, 2014

«Бұл өлке өлең-жырдың сарайы еді»

1807 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ақын Бауыржан Жақыптың жаңа жинағынан туған ойлар

бауыржан 001Жинақтың негізгі мағлұматтары мұқабаның сыртында емес, ішкі титул бетінде көрсетілген: «Бауыржан Жақып. Шығармалары. Бірінші том. «Еліккөрген». Өлеңдер, балладалар, поэмалар. «Foliant» баспасы. Астана-2013.» Өзімді айырықша қуантқаны, «Алтай-Ертіс кітап­ханасы» атты айдары. Қазір не көп, бас­па көп. Бірақ берекесі аз. Қалтаң қалың болса, кітап басу оп-оңай, тіпті жазу-сызудан хабары шама­лы қабілетсізге де. Ал Шығыс Қазақстан облыс­тық әкімдігінің мына іс-шарасы қалыптасқан қалам­герлердің кітабын шығаруды көздейді. Облыс басшылығына Бердібек Сапарбаев мырза келгелі Өскемен мен Семей жұртшылығы талай толайым табыстарға қол жеткізуде. Қай әкімнің де шаруасы бастан асады. Бірақ Бекең бәріне үлгереді. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Оңтүстікте халық көп, жер аз. Ал бізде жер көп, халық аз» атты мақаладан Шығыс Қазақстан облысында қандастарға қанатты қамқорлық жасалып отырғанын оқып, о жаққа Қытайдан, Моңғолиядан, өзіміздің Оңтүстік облыстардан 800-ге жуық отбасы көшіп келіп, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, өзен суы ағыл-тегіл өлкеде өнімді еңбек етіп жатқанын біліп, ой, бәрекелділеп сүйсініп қалдым... Әнеу бір жылдары Өскеменге барғанымда, қазақтың бас ақынына пристань жақтағы таудың етегінен үш-төрт жапырайған саман үйдің басын құрайтын бір шолақ көшені бере салғанына қорланып, жағамды ұстап едім. Енді мына тәуелсіздігіміз заманында, ұлы Абай ақ Ертісті өрлеп келіп, облыстың орталық көшесіндегі биік тұғырға көтеріліпті. Бұрнағы жылы Вашингтонға жол түсіп, қаланың тазалығына қайран қалып едім. Қайтып келіп Өскеменге соққанымда, тазалығы әйгілі шаһардан кем түспейтіндігіне және таң қалайын. «Алтай-Ертіс кітапханасының» пайда болуы Қазақ елінің рухани байлығын молайтуға қосылған айтулы үлес сияқты көрінеді маған. Филология докторы, профессор, Қазақ энциклопедиясының бас редакторы Бауыржан Жақып інімнің бүгіндер жігіт ағасы жасына келіп, ақындық шабыты тасқындап тұрған шағы. Мақала аталымы – осы жинақтағы «Көз алдымда» өлеңінен алынды. «Көз алдымда туған жер, Абай елі, Қажымас өзгерсе де қалай өңі? «Іші алтын, сырты күміс» сөзден соққан Бұл өлке өлең-жырдың сарайы еді.   Көз алдымда көрінді Саржалым да, Біздің ауыл қол бұлғап ар жағында. Алыс жерден мауқыңды басу үшін Оралудың өзі де олжа мұнда». Бұл жолдардан материализмнің аяқ алысы байқалады. Ақын Қазақ елінің өткені мен бүгінгісін бұрынғы жазылымдардан өзгеше бір-біріне шендестірмей жырлаған. Жинақты оқып шыққаныңда, тек жалғыз өлкені ғана емес, жалпы ұлан-байтақ Қазақ елінің арғы-бергі дәуірінің бәрін «өлең-жырдың сарайына» балайсың. Өз басым Алтай өлкесіненмін. Менің де «Алтай-Ертіс кітапханасы» арқылы «Тәуелсіздік көзімен» атты кітабым жарық көрген. «Қайдасың, сол күндер» деген мемуарлық роман-эсседе кіндігімнің қаны тамған жері Ертістің сол жақ өңіріндегі Аршалы ауылы екенін жазғанмын. Бауыржанның жинағынан «Аршалар» деген өлеңді кездестіріп, қадала қалайын. «Біздің елдің тауында өскен аршалар, Жартастарды жарып шығып жар салар. Айқыш-ұйқыш, тау мойнына асылып, Көкірегіңнің көзін ашып қарсы алар.   Иісі бөлек шашу етіп шашатын, Күйші керек домбыраға қосатын. Жап-жасыл боп еркелеген көк арша Жас сұлудай Күнге бұрым тосатын.   Қысы-жазы таудың көркі аршалар, Жерден өрге өрмелеп кеп жол салар. Құдіретіне, биіктікке талпынған Қолаттағы бүкіл ағаш қол соғар».   Сөз өнері, көркем әдебиет өзге де қоғамдық сана түрлерімен, саяси идеология, философия, мораль, адамгершілік салаларымен ажырамас байланыста, бәрі қосылып заманауи проблемаларын танып зерделеу жолымен дамитыны белгілі. Тәуелсіздік дәуірі ой-санамызды тереңдете түсті, шындық дүние мен мұрат, идеалымызды айқындап, Отанымыздың жарқын болашағына сенімімізді болып көрмеген дәрежеде нығайта түсті. «Туған жерім көмкерілген гүлменен» дегізді («Сөзмоншақ»). «Аршалының» лирикалық геройы – «биіктікке талпынған» бүгінгі Тәуелсіз ел адамы. Бейнелі сөздің түпкі тамыры – шындық кәусарымен суарылған. Қазақ елінің табиғаты, көкке өрмелейтін аршасына дейін мәңгілік мұрамыз, ырысымыз. Халқымыздың сөз қорындағы ертеден сіңісті шегі, шеті жоқ уақыт өлшемін білдіретін сөз қазіргі уақытта мүлде жаңаша естіледі. Тың сөз өнері – бөлекше форма іздеп шарқ ұрудан емес, жаңа лирикалық кейіпкер жүрегінен туып балаламақ. Аршалы образы азат елдің азаматы үшін киелі бойтұмар есепті. Кіндік кескен жер тұрсын, жалпы Қазақ елінің ұлан-ғайыр аймақтарының әрқайсысының дара қасиетін сезінудің өзі қандай ғанибет. «Сарыарқаның самалы», «Қос жағасы Есілдің», «Оңтүстіктен Ебінің есті желі», «Сарыағаш», «Ақмешіт», «Бесқарағай», «Атыңнан айналайын, Баянаула», «Ертіс өзені», т.б. өлеңдеріне қарағанда, Бауыржан республикамыздың төрт бұрышын түгел дерлік аралап, тарихы мен бүгінгісіне, сол өлкелерде туып, исі қазақтың атын шығарған, даңққа бөленгендер ерлігін жыр кестесіне жарқырата түсіруге талпынған. «Әлемнің барлық жаңарған картасына енген» бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – ғажапстан. Айналдырған 20 жылдан астам уақыт ішінде ХХ ғасырға татитын жолдан өткенін ақын бар ынты-шынтысымен, көкірегіңе қонымды етіп жырлайды. Мәскеу бір күнде са­лын­баған ғой. Сондай мәтел бар. Ал, біздің Аста­на ше?! Астана қас пен көз­дің арасында әлем көз тігетін шаһарға айналды. «Топырақ көміп, тарихым таста қалған, Өтті заман жанымды жасқа малған. Кеше ғана ырысты Ақмола еді, Бүгін, міне, нұр ұшты Астанамнан.   Не көрмеді қазақтың бұл даласы, Бостандықтың қымбат-ау тым бағасы. Сайын дала төсінде бой көтерген, Бүгін мүлдем жаңғырған тың қаласы.   Осынау күнді сан ғасыр күткен дала, Жарқырайды Астанам тіптен дара. Абылайдың ақ туын Ардай сақтап, Нұрсұлтанның көк туын тіккен қала.   Отан үшін кеткендер отқа кіріп, Ұрпағының жадында жатты арылып. Бәйтеректің ұшарын бұлт шалмайды. Ақордадан ақиқат ақтарылып». Ақынның «Алматы», «Ақындардың қаласы», «Алматының сирені» өлеңдерінен де азат елдің аршынды адымы сезіледі. Оңтүстік астана «күн сайын алуан түрге енуде». Автордың толғанысы оқырман ой-сезімін сан-саққа жүгіртеді. Алматы метросы ше? Бұл – жер жүзінің адам қолымен жасалған тағы да бір ғажайып кереметі («восьмое чудо») болғалы тұр емес пе?! Поэзия – әсемдік әлемі. Бауыржанның өлең кітабы эстетикалық құндылықтары зор құбылыстарды ойлана, толғана жырлап, оқырманды қуанышқа, Отанға деген риясыз махаббатқа бөлейді, жарқын мұрат-идеалға жетектейді. Әрине, өмір болған соң оның көлеңкелі жағы барын, әсемдік эстетикасына қарама- қарсы тұратын зұлмат күштер де қарап жатпайтынына да қанық. Ұсқынсыздық деген ұғым аты келісіп тұрмағанымен, бұл да эстетиканың маңызды категорияларының бірі. Ерекшелігі, ұсқынсыздық эстетикалық сезінілуі жағынан қарама-қайшылықты ұғым. Бейнелеу объектісі жүрек айнытатындай кескінсіз болса да, сурет құдіретімен образға айналғанда түбірінен өзгереді. Жамандықты жерлеу, сынау қоршаған дүние құбылысын жаңа қырынан тануға жол ашады. Суреткер тіліне, сөз тапқыштығына сүйсіндіреді. «Мынау біздің жалғанда, Арам да көп, қу да көп, Қанатымды қызғаныштың Қызыл оты шалғанда, Қауырсынымды матырдым, Мөп-мөлдір ағын суға кеп. Мынау біздің заманда, Көтерілгенде байрағым, Дұшпан да көп, жау да көп. Жігерімді жаныдым, Намысымды қайрадым; Жақпар-жақпар тасы бар, Көпті көрген тауға кеп». Бауыржан ақын тарихымыздың мұнарасына жиі көтеріліп, көңіл құсымен қазақ халқының басынан өткен нелер хикметтерге көз жібереді, Орхон бойын шарлайды, тасқа қашалған ата-бабаның зарлы өсиетіне құлақ тосады. «– Біз мемлекетті халық едік. Қайда сол мемлекетіміз? –Біз қағаны бар халық едік. Қайда сол қағанымыз?». Ата-бабаларымыздың көне тарихының талып естілген осы бір үні, уайымы Бауыржан поэзиясынан әлсін-әлі сарындап, эстетикалық сараптама, салыстырулар арқылы өрнектеледі («Тұмар», «Тұғыр», Тәуелсіздікке арналған өлеңдер) «Сақ та болдым, ғұн болдым әуелде мен, Тарихымды еске алсам кемелденем. Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін боп, Тас тілінде сөйлестім әлемменен. Махамбет боп сөзіммен от ойнатып, Абай болып үн қаттым өлеңменен. Отар болдым, от кештім, суға баттым Күнін кештім шарқ ұрған шағаланың. Енді бүгін көрдім мен қазағымның Азаттықты бақытқа балағанын. Шекарамды бүтіндеп көзім жетті Бостандықта өлшеусіз баға барын. ............................................................ Тәуелсіздік Күндей нұр төккен еді, Артта қалды өмірдің өткелегі. Сен Көк Туға айналдың көгімдегі, Алғаш сені Елбасы өпкен еді. Соныңмен де асылсың Тәуелсіздік, Сенен басқа бақыттың жоқ керегі!». Астанада тұрғызылған Аркада тұңғыш Президентіміздің (шартты түрде айтқанда бүгінгі қағанымыздың), қолымен «Мәңгілік ел» сөзі жазылуы – өркенді өмір салтанаты. Қазақ атаулы Тәуелсіздік рәмізін бейнелейтін бөлек жаратылысты ғимаратқа табына, тамсана қарайды. Айырықша эстетикалық ләззат алады. Бұл ұғым-сезім бүгінгі тәуелсіздік заманымызбен қоса, ерлікке толы кешегімізді, жарқын болашағымызды түгел қамтиды. Бауыржан жинағынан «Тайқазан» атты ғибраттық мәні зор жыр да сол мәңгілік тақырыбының құнарлы арнасынан табылады. «Бұл қазан - басқаларға арман қазан, Шүпілдеп нұры Алланың толған қазан. Жазылып Құран сөзі ернеуіне, Кағбасы Түркістанның болған қазан.   Кеңдік пен қонақжайлық үлгісіндей Қазақтың қасиеті қонған қазан. Орнынан бір дүлей күш қозғап кетіп, Қараусыз Эрмитажда қалған қазан.   Сол қазан бәрін көрген азабымның, Куәсі талай-талай аза-мұңның. Тайқазан Түркістанға алынған соң, Басына бақыт қонды қазағымның». Бауыржан қатынаған қазақ өлкелерінің бәрінде, керек десеңіз, жинақтың «Түрік дәптерінде», «Ыстамбұл», «Елазығ шаһарында» бұрынырақ мен де болғанмын. Сондай сапарларда Бауыржан ақынның Аристотель айтқан катарсиспен нәрленіп, іштей жуылып қайтатынын түсінемін. Түркияда Бауыржан «Түсті есіме Күлтегіннің көк тасы, Түсті есіме Білге қаған қақпасы», «Сені көріп теңіздей буырқанды, менің-дағы бойымда түрік қаны» деп толғанады. Түріктей «Алыстағы бауырымыз» (Мағжан) қазір біздің ең жақын бауырымыз. Бүгіндер Түркияға бара қалсаң, түрік ағайындар жаны қалмай күтеді. «Үйден қырық адым шықсаң – мүсәпір боласыңды» да басқаша қабылдайсың. «Мына қазақ мүсәпірлерге алдыңғы жақтан орын беріңдер» деген сөзді ілкі естігеніңде тіксініп қалғаныңмен, бара-бара жүрегіңе жылы тиеді. Өйткені, түрікше «мүсәпір» мейман сөзінің мағынасын береді. Бауыржан Жақып Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Аққора ауылында туған. Мұны еске алып отырғанымыз тағы бір эстетикалық парадокске оқушы назарын аудару еді. «Атыңнан айналайын, Абыралым...» өлеңінде атом, сутегі бомбаларының жарылысынан жарадар болған ауданды Қажы атаның аруағын шақырып, әйгілі Әміренің әнімен, Тәттімбеттің күйлерімен « емдеп» тербетеді. « Тамыздың жиырма тоғызы... Күн емес, алып шар шықты, Аспан көзінен қан шықты. Дегелең деген өр таудың Кеудесінен сол күн жан шықты. «Тамыздың жиырма тоғызы..» – ұзақ өлең. Жыраулық толғау іспеттес күйден диалектикалық жаңа сапаға көшіп, одаға айналады. Тамыздың жиырма тоғызы... Шерменде болған өтті күн. Желбіреді енді Көк туым Елбасым беріп пәрменді, Полигон жабар жетті күн, Кеудемді теуіп текті жыр, Оған да жиырма өтті жыл...» Жиырма жылда жиырма ғасырлық жолдан өткен Қазақстан – ғажапстан жаһанды жұтуға айналған атомдай дәу-перінің жұтқыншағын тығындап, Жер-Ананың, адамзаттың «жандырып жанын өрт» етпеуге, «айықпас дертке шалдықтырмауға» шақырады... Поэзия – өмір оқулығы. Бір жағы педагог, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар бойы сабақ беріп келе жатқан Бауыржан, оқырманын жағымды характерлердің іс-әрекетін, ой-сезімдерін терең сезініп түсінуге баулиды. Бауыржанды оқығанда туатын ойлар ағыл-тегіл. Көбі көңіліңе ұялайды. Кей шақта әне-жері, мына жері дегізеді. Ініге ағалық ақыл қосу артықтық ете қоймас... Ғабең жарықтық (Мүсірепов): «Көршім сиырымыз бұзаулағанда: «С новым счастьем!» – деп келуші еді. Ал, бізде бақыт сөзі үйіңде нәресте іңгәлағанда шын қалпын табады», – деп отырушы еді. Ескілікті әдет, бірақ үстіміздегі уақыттың мүдделері бүлдіршін зәрулігін өте-мөте қатты сезіндіруде. «Киіз үй», «Алаша», «Білте шамның жары­ғы», «Домбыра», «Қасқырдың терісі», «Ауыл­дың қысын сағындым», «Қолтаңба», «Үш тал үкі» өлеңдері – ақынның балалық шағының тәтті күндерін елестетеді. Лирикалық геройдың ғана емес, қазақ атаулының бір кезде бастан кешкен бал дәурені туралы жырлар қилы-қилы проблемаларды қозғайды. Ал, «Әжемнің ұршығы» өлеңі жіті сезімді баланың ержетуі кезеңімен ұласады. Оқыған жанды зәрулі, заманауи ойларға бастайды. Санамалағанда былайша келеді. «Кетсең де алыс күнге ұшып, Кетпейсің естен, ендеше, Өзің боп мені жүр құшып, Сен тоқып берген кеудеше». Немере өз балаңнан да ыстық көрінеді. Ата-баба атанғандардың бәрінің басында бар нәрсе. Мұны – бір дейік. Екіншісі – тұнып тұрған пәлсапа. «Бір сәтке, әже, тыншып па ең, Шүйкеге мол жіп жиылып.  Отырушы едің ұршықпен, Уақытты қоса иіріп». Әр адам - тарих ұршығы. Ұршықты томпитып барып жер томпайтады. Өлеңнің үшінші қисыны бәрінен де бөлектеу. Алдымен уақыттың қатыгездігіне байланысты. «Сен жоқта көңіл серги ме, Сағындым аңсап бұл - шыным. Иесіз қалды төргі үйде Киелі сенің ұршығың». Әжесінің аялы алақанының табы қалған ұршықты көргенде Бауыржан, мүмкін, көзіне жас та алатын шығар... Кім біліпті. Бірақ өлең жолдарын оқыған адам қилы-килы ойға шомады. Поэзия табиғатында көп қырлы, көп сырлы дүние ғой. Иесіз қалған ұршық бүгінгі замана әйеліне байланысты, жалпы ел, тіпті адамзат тағдырына қатысты шар­тарапты проблемаларға ден қойғызады. Бауыржанның ұршықтың иесіз қалғанына қапаланатынын өз басым әйелдің әр үйдің алтын діңгегі болудан қалып бара жатқандығымен түсіндіру керек деп есептеймін. Әйел атаулы теңдік алғанына 100 жыл толыпты. Қазір от басы, ошақ қасында отырмайды. Еркектермен бірдей сыртта қызметте. Кезінде бәріміз бұған қол соқтық, ескі заманды күллі жаһан болып жамандадық. Төргі үйде иесіз қалған ұршыққа мән бермедік. Бауыржан әжесінің ұршығын көзі­нің қарашығындай сақтар. Ал, келесі ұрпақ­тар ше? Күресінге лақтырып тастауы да мүмкін... Қазірдің өзінде дүние жүзі бұқаралық ақпарат құралдары гөй-гөй салуда. Мәнісіне құлақ түрмесіңе болмайды. Әйелдің теңдік алып, ер адамдармен бірге қызмет қылуы – тым қымбатқа түсуде, әсіресе өркениетті елдерде – халық саны азайған үстіне азайып бара жатыр, – деп дабыл соғулары жайдан-жай емес... Орта есеппен алғанда, орыс, француз, ағылшын әйелдері әрі кетсе екі нәресте, әйтпесе көбіне жалғыз ғана бала табады екен. Ақ нәсілді халықтардың бүгінгі заманда күрт азайып бара жатқаны сол себептен. Ал, қазақ әйелдері ше?! Олар да табыскерлік жағынан ешбір бұрымдылардан кем соқпайды. Үйде де, сыртта да жұмыс істеп жүріп, «Әлди, әлди, ақ бөпемді» бала көтерер шағында екі-ақ рет айтуға мұршасы келсе сол... «Ұлан-байтақ жерде бір уыс шөкімдей ғанамыз» деп зарланамыз, ебеп-себебінің түп тамырын қазбаламаймыз. Иесіз қалған қазақ ұршығы бұрынғыдай толысып томпаймайды. Уақыт жіп қылып жөнді иіре алмайды, Бауыржан інім! Бауыржан ақындығы үстіне көрнекті ғалым. «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» атты докторлық диссертациясына оппонент болғаным есімде. Барша көркем жанрлардың ұйтқысы ойтолғақ жанрын саралаудағы үздік еңбегі үшін кезінде «Дарын» сыйлығымен марапатталғанын білеміз. Публицистикалық һәм ақындық талант бір адамның бойынан табылатыны сирек кездесетін жәйт. Сондықтан «Әжемнің ұршығы» өлеңінің идеясын толық қандырмай аяқталғаны өкінішті. Не нәрсенің де жемісін әбден пісіріп алмай, жұла бермеуге керек. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.