Бүгінде Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді дамыту және оның рөлін арттыру, қазақ тілін белсенді түрде үйрену, сондай-ақ, күнделікті қызметте қолдану үшін қызметкерлердің қызығушылығын арттыру жөніндегі саясат жүзеге асырылып келеді. Бұған еліміздің прокуратура органдары да қомақты үлес қосып отыр.
Мәселен, жуырда прокуратура органдары қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік қызметте – мемлекеттік тілмен» атты республикалық байқау өтті. Байқауға Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, Астана, Алматы қалаларының прокуратуралары, Бас әскери прокуратура, Бас көлік прокуратурасы және облыстық прокуратуралардың өкілдерінен құралған 19 команда қатысты.
Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, мемлекеттік тілдің қызмет етуі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан байқауды өткізудің басты мақсаты мемлекеттің тіл саясатын қолдау, прокуратура органдарындағы қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және насихаттау болып табылады.
Әрбір команда мемлекеттік тілді білу мен оны өзінің күнделікті кәсіби қызметінде қолдану деңгейін көрсетті. Байқауға қатысушылар әртүрлі қызметтік жағдайлардағы ауызша сөйлеу шеберліктерімен жарысып, қызметтік құжаттарды әзірлеу, оларды сапалы аудару дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ, әділқазылар сот процесіндегі мемлекеттік айыптаушының рөліндегі прокурор шешендігінің сапасы мен мәдениетін бағалады.
Құрамына Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, Мәдениет, Әділет министрліктерінің өкілдері, Парламент депутаттары, Бас прокуратураның қызметкерлері, прокуратура органдарының ардагерлері енген қазылар алқасы байқаудың нәтижелерін бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».