03 Маусым, 2014

Бразилиядан баспана сұрады

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шарайна

АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден Бразилия билігінен уақытша баспана беруді ресми түрде сұрады. «Франс-пресс» агенттігінің ақпараттарына қарағанда, осындай өтінішті ол бірқатар елдерге де жолдаған сияқты. Эдуард СноуденБразилияның сыртқы істер министр­лігі Сноуденнен осы мәселеге қатысты өтініш түспегенін айтады. Эдвард Сноуден «Globo TV» телеарнасына берген сұхбатында өзінің Ресейге қалай келгенін атап өтеді. Оның айтуынша, Гонконгтан транзиттік бағыт бойынша Эквадорға Мәскеу арқылы ұшқан. Ол Ресейде қалуды жоспарламаған. Ең басты себеп, АҚШ үкіметінің төлқұжатын жарамсыз деп шешім шығаруы болған. Атап өтейік, өткен жылдың тамызында Ресей Сноуденге бір жыл мерзімге уақытша баспана берген болатын. Қорғаныс министрін ауыстырды Оңтүстік Кореяның президенті елдің қорғаныс министрі Ким Гван Чжинді министр қызметінен босатты, оны өзінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі етіп тағайындады. «Ренхап» агенттігінің хабарлауынша, Кореяның қорғаныс министрі лауазымына Хан Мин Ку отыруы мүмкін. «Севоль» паромы апатқа ұшырағаннан кейін осы елде бірқатар әскери басшылар қызметінен алынған болатын. Мысалы, президент жанындағы ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ким Чжон Су отставкаға кеткен еді. Кейбір болжамдарға қарағанда, «Севоль» паромының апаты, онда қаза тапқан адамдар салдары әлі біраз басшыға қауіп төндіретін секілді. Абхазия президенті отставкаға кетті Танылмаған Абхазия республикасының президенті Александр Анкваб отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл жөнінде «Апсныпресс» агенттігі ақпарат таратты. Александр Анкваб«Абхазия республикасы консти­туциясының 65-бабына сәйкес, елде тұрақтылықты сақтау мақсатында отстав­каға кету туралы шешім қабыл­дадым, – делінген оның мәлімдемесінде. – Ел тұрғындарын азаматтық бірлікті сақтауға шақырамын». Мамыр айының соңында Абхазияда оппозиция ереуілге шығып, олар президент әкімшілігін, сондай-ақ, үкімет пен мемле­кеттік телеарналарды басып алған болатын. Александр Анквабтың сөзіне қарағанда, билік оппозициямен келіссөз жүргізуге ниеттенген. Бірақ, ортақ келісімге қол жеткізе алмаған. Қан төгілмеуі үшін осындай қадам жасалып отырған секілді. Сонымен қатар, ол мәлімдемесінде ел парламентінің шешімімен сайланған президенттің міндетін уақытша атқарушы Валерий Буганбудың қызметі конституцияға сәйкес келмейтінін де атап өткен. Қауіпсіздік Кеңесін Ресей басқарады 1 маусымнан  бастап Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымына төрағалық етуді қолға алды. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің айтуынша, Ресейдің төрағалығы «аса қауырт» болмақ. Тұрақты өкілдің айтуынша, күн тәртібі бойынша, Таяу Шығыс проблемаларына баса көңіл аударылады. Сондай-ақ, Иемен, Ливия және Сирия мәселелері қарастырылады. Бұл негізінен осы елдерге гуманитарлық көмектер көрсетуге байланысты. Дипломаттың сөзіне қарағанда, осы маусым айында Судан, Оңтүстік Судан, тағы басқа да елдердегі проблемаларды шешу мәселелері бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі он бес елден тұрады, оған бес мемлекет тұрақты мүше болса, солардың бірі – Ресей. Төрағалыққа қарсылар да бар Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон, егер Еуропалық комиссияға Люксембургтің премьер-министрі Жан-Клод Юнкер сайланатын болса, Ұлыбританияның бұл одаққа мүше болатынына кепілдік бере алмайтынын айтқан. Жан-клод ЮнкерБритандық премьер-министр бұл жерде Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақпен арақатынасын айтып отыр. Одақтың Еуропалық комиссиясы оған мүше елдердің халқы таңдаған адамдарды сайлайды. Ал Кэмерон Ұлыбританияның Еуроодаққа мүше болуы 2015 жылғы сайлауда және 2017 жылғы өтетін референдумда белгілі болатынын алға тартады. Америкалық әскери істі болды Қырғызстанда осы елде орныққан америкалық әскери базасының қызметкері істі болды. Ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Әскери менеджер не үшін істі болған дегенге келсек, ол 22 жастағы әйел затына «жақындасуын» өтінсе керек. Онымен қоймай, масаң күйдегі ол әйелді  зорламақ болған көрінеді. Америкалыққа қатысты қозғалған қылмыстық іс осылай дейді.

Қысқа қайырып айтқанда: *Үндістанда тағы бір штат пайда болды. Оның атауы – Теленгон. Бұл осы елдегі жиырма тоғызыншы штат болып табылады. *Әлемге әйгілі футболшы Пеленің ұлы – Э.Ч.Несименту бұрын «Сантос» футбол клубында қақпашы болған екен. Ол есірткі бизнесімен айналысыпты. Жазасы – 33 жыл түрме. *Ұлыбританияда Уинстон Черчилльдің үлкен қызы Мэри Соамс қайтыс болды. Ол 92 жыл ғұмыр кешкен екен. Махачкаладағы бір балалар клубынан шыққан жасөспірімдер өзін нашар сезінген. Тексере келгенде, 15 жасөспірімнің тамақтан уланғаны анықталды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.