Аймақтар • 29 Қараша, 2022

Ағаш көшеті егілді

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкентте «жасыл қала» атты арнайы акция ұйымдастырылды. Осынау экологиялық іс-шара аясында мегаполистегі Қаратау ауданына қарасты Шымсити мен Тұран шағын аудандары көгалдандырылды. Атап айтқанда, көше аумақтарында 15 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.

Ағаш көшеті егілді

Бұл акцияның өтуіне қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйытқы болды. Шымсити мен Тұран шағын аудандарында ұйымдастырылған сенбілікке 650-ден астам қызметкер мен ерікті қатысты. Олардың ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекемелерден 146 қызметкер 2 мың дана тал-дарақ екті. Сонымен бірге тұрғын үй басқармасы мен оған бағынысты мекемелердің 60 қызметкері де мыңнан астам шыбық шаншыды. Ал аудан әкімдіктерінен сенбілікке 100 қызметкер шығып, 2 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызды.

Қысқасы, сенбі күні ұйымдастырылған «жасыл қала» акциясына жоғарыда аталған мекемелерден бөлек қалалық спорт, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары, дін істері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мәде­ниет, тілдерді дамыту және архивтер, сондай-ақ жайлы ортаны дамыту басқармаларының қызметкерлері белсене атсалысты. Жалпы, сенбілікте 600-ге жуық қызметкер көшет егу іс-шарасына қатысып, 6 арнайы техниканың қызметі пайдаланылды.

Ал жексенбі күні Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тағы бір экологиялық іс-шараны қолға алды. Бұл жолы аталған мемлекеттік органға қарасты «Дендросаябақ», «Жа­сыл белдеу» қызметкерлері және «Жасыл жер» мердігер мекемесінің жұмыс­шылары бі­рігіп, қала ішінде сенбілік өткізді. Со­ның аясында шаһардағы Шым­сити шағын ауда­нында жабайы алма, емен, үйеңкі және жабайы өрік сынды жал­пы саны 5 мыңға жуық тал көшеті отыр­ғызылды. Мұнымен қоса, көгал­дандыру акциясына 4 техника, атап айт­қанда, 2 су тасымалдаушы көлік пен 2 көшет тасымалдаушы трактор жұмылды­рылды.

Өтіп бара жатқан күз айының соң­ғы сенбісінде мегаполистің бас­қа да аумақтарын сенбілік акция­лары ұйым­дастырылды. Мәселен, шаһар ірге­сіндегі «Оңтүстік» арнайы эконо­ми­ка­лық аймағына баратын жолдың бо­йына Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Бейбітшілік шар­ты әскери күштері» ардагерлері және «Оң­түстік» АЭА жұ­мыс­шылары ұйым­да­сып, 1 800-ге жуық әртүрлі ағаш көшетін екті.

Күздің қара суығында көшет қон­дырған қалай болады, тал-дарақ үсіп кетпей ме деген сауалға қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Әбдіқадыров ке­рісінше, шыбықтар көктемде егілсе тамыр алып кетуі қиынға соғады деген жауабын алдық.

– Қазір талдар қысқы ұйқыға кетті. Осы кезді пайдаланып егіп алған жөн. Одан бұрын отырғызылған көшеттер солып қалуы мүмкін. Сондықтан біз әдейі ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп, ұйықтаған мезгілін күттік. Бұрын шаһарда тек бірыңғай қарағаш егілетін. Бұл шыны керек, қалаға онша көрік бермейді. Оның үстіне саясы да аз. Сол үшін арнайы тұқымбақта өсіріліп, өзіміздің климатқа әбден жерсіндірілген емен мен үйеңкі талдарының көшеттерін егіп жатырмыз. Бұлар әрі қала көркіне сән береді, әрі жапырақтары үлкен болған соң түбінде саялауға да жақсы. Сонымен бірге бүгінгі таңда ағаш көшеттерін сатып алу бойынша қосымша қаражат қарастыру мәселесі де жергілікті әкімдік тарапынан қаралу үстінде, – деді маман.

 

ШЫМКЕНТ