Руханият • 29 Қараша, 2022

Сәбиттің ірілігі, Әзілханның інілігі

355 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мына бір көне фото осыдан 78 жыл бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 29 қыркүйек күнгі санына жарияланған екен. Суреттің астына: «Брест атқыштар дивизиясының делегациясы –Алматыда» деген тақырыпша беріліп, сол жақтан бірінші тұрған аға сержант Ә.Нұршайықов, ортадағы аға сержант Қ.Мусин, оң жақ шеттегі аға сержант Т.Майшынов екені жазылыпты. Бұл суреттерді түсірген адам – Н.Казадаев.

Сәбиттің ірілігі, Әзілханның інілігі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы фотода сол жақ шетте тұрған – Қазақстан­ның халық жазушысы (1990), Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты (1987), Шығыс Қазақстан облысы­ның Құрметті азаматы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына алдағы желтоқсан айында 100 жыл толады. «Туған жылым ескіше ит, жаңаша 1922 жылы екен. Оны жақындарымның бәрі біледі. Бірақ қай айда, қай жылы туғаным ешкімнің есінде жоқ. Соғым екі кезде сойылады екен: байлар – ноябрьде, кедейлер декабрьде соятын болса керек. Мұны есейген кезде әкемнен сұрап білдім. Әкем кедей кісі болған. Ендеше, мен декабрьде туғанмын. Декабрьдің қай кезі – басы ма, ортасы ма, әлде аяғы ма? Басына да, аяғына да жақын ортасын алайын. Осылай деп есептеп, ес білгеннен кейін 1922 жылы 15 декабрьде тудым деп жазатын болдым», деген екен қаламгер өзінің естелігінде.

Әзекең жазушылығынан бөтен Екінші дүние­жүзілік соғыс ардагері. 1941 жылы желтоқсан айын­да әкесімен бірге майданға шақырылады. «Бесінші желтоқсанда военкоматтан әскерге ша­қыр­­ған қағаз келді. Кешке дейін ауыл аралап, аға­­йындармен қоштастық. Әр үйден дәм таттық. Үлкен­дер баталарын беріп, кішілер тілектестік біл­дірді», делінген жазушының естелігінде. Әкесі Нұршайық Украинаны жаудан азат етіп жүріп 1943 жылдың күзінде Полтава маңындағы Зуб­ково қаласында қаза табады. Өзі болса, 1941 жылы Алматыда жасақталған 100-ші қазақ бригадасы құрамында соғыс аяқталғанға дейін майдан шебінде болды.

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей 1944 жылы қыркүйек айының ортасында жоғарыда газетте суреті жарияланған үш жауынгер туған еліне майданнан делегат болып оралады. Осы келген сапарында бұлар үлкен жазушы Сәбит Мұқановтың шаңырағынан дәм татып, батасын алады. Осы кездесуде Әзілхан аға Сәбең өз қолымен сыйлаған атақты «Сұлушаш» поэмасын жүк қапшығына салып майданға алып қайтады. Бұл оқиға жайлы мақала барысында арнайы тоқталып, кеңінен әңгімелейтін боламыз.

* * *

Тарихи кездесу туралы Ә.Нұршайықов 2005 жылы жарық көрген 10 томдығының 3-кіта­бы­ның 307-бетінде: «Бірінші Беларусь майданында бірінші Брест атқыштар дивизиясының үш жауынгері Алматыға келіп, майданға қайтқалы да­йындалып жатыр едік. Біздің дивизия Қазақстан­да жасақталған бұрынғы 100-дербес атқыштар бригадасы негізінде құрылған болатын. Біз сол бөлімнен туған елге делегат болып келгенбіз. Киров көшесіндегі «Есік» мейрамханасы ол кезде «Делегаттар үйі» деп аталатын. Соның екінші қабатында едік. Таңертең коридордан: «Әлгі майданшы жігіттер қайда тұрады?», деген қарлығың­қы бір дауыс естілді. Одан кейін біздің есігіміз қағылды. Үстінде жұқа ақ плащы бар төртбақ денелі, бурыл шашты адам бөлмеге кірді.

 – Ау, батырлар, сендер мұнда екенсіңдер ғой, – деді келген адам дауысы тамағына суық тигендей қырылдай шығып. Жаңағы коридордан естілген үн осы кісінікі еді. – Мен сендерді таба алмай жүрсем.

Осы арада менің есіме Орталық Партия комитетіндегі Қаппаров деген жігіттің кешегі айтқан сөзі сап ете қалды. Ол: «Сендер ауылдарыңа кеткеннен бері жазушы Сәбит Мұқанов іздеп жүр. Кеше де, бүгін де телефон соқты. Мен ол кісіге сендер жатқан жердің әдіресін бердім», – деген еді. Біз майданнан келіп Алматыда 2-3 күн болғаннан кейін, 5 күнге ұлықсат алып, облыстағы үйді-үйімізге кетіп, содан кеше ғана оралған болатынбыз. «Ендеше, бала күнімізден суреті таныс Сәбит Мұқанов ағай осы кісі болды-ау», дедім мен ішінен» деп жазыпты.

Қиырдағы қан майданнан уақытша оралған қазақ жігіттерін іздеп келіп, мол құшағына алып тұрып «Бұл менің майдандағы бәріңді де, тіріңді де, өліңді де қысқан құшағым» деуі Сәбеңнің нағыз абыздық дәргейге жеткен, қиын күндерді басынан өткеріп жатқан халқына, қан майданда қан кешіп жүрген азаматтарға деген ізгілігі емес пе?! Жалпы Сәбит Мұқанов көзі тірісінде еліміз бастан өткерген тарихи-саяси оқиғалардан тыс қалып көрген емес. Бүгінгі таңда даңғыл жазушы, халықшыл тұлға, бұқарашыл қаламгердің атына күйе жағып, артық әңгіме айтып жүрген жастардың ісі нағыз надандық, өзін әйгілеудің, танымал болудың жалған жарымсақ тәсілі ғана.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Сәбең «Правда» газетіне жарияланған қазақ халқының майдандағы ұлдарына жолданған жалынды хатқа бірінші болып қол қойғандардың бірі, әрі 1943 жылы көктемде Кеңес Одағының Батыр Мәлік Ғабдуллин Алматыға делегат болып келгенде, ол кісінің де алдынан шығып «Әрбір қазақ жауынгері жау ала алмайтын қамал болсын», деп майдандағы ерлерге сәлем айтып қана қоймай: «...Мәлік туралы роман жазуды ойлаймын. Ол үшін Мәліктің туған жеріне бару және майданда жүрген жерлерін көру қажет», деп Үміт Балқашевқа хат жазуы жайдан-жай емес (Мәлік ғибраты.//«Egemen Qazaqstan» газеті, 6.10.2016 жыл).

* * *

Әңгімені әрі қарай сабақтасақ, Сәбең үш жауынгерді үйіне қонаққа шақырады. «Үйге келіп, Мәриям жеңгелерің қолынан дәм татып кетіңдер!». Үш солдат бар қазақ құрметтейтін атақты жазушы шаңырағына шақырады деп ойламаса керек, абдырап қалады. Майдангер жігіттердің тосылып қалғанын байқаған Сәбең бір жапырақ қағазға: ­«ул. Артиллерийская, 39, кв.4. Мұқанов Сәбит» деп үйінің мекенжайын жазады да жайлап орнынан көтеріледі. «Екі сағаттан кейін дайын болыңдар, үйде күтем».

Осы оқиға жайлы қаламгер Әзілхан Нұршайықов өзінің бертінде жазылған естелігінде: «Алматының Алатау жақ беткейіндегі, шығыстан батысқа қарай жарыса жөнелген ұзын көшелердің бірі – қазіргі Құрманғазы көшесі ол кезде Артиллерия көшесі деп аталатын. Сол көшенің бойындағы бір қабат, ені мен көлденеңі бірдей кереге көз шифер шатырлы ақ үйді оп-оңай таптық. Сәбеңнің Арыстаннан кейінгі ер жетіп қалған екінші баласы Марат бізге есік алдында кездесіп, үйіне ертіп кіргізді» дей отырып, – жазушының үйі қабырға толы кітап болды. Кітаптан бос жерде жазу үстелі тұр. Оның алдына сары сапиян былғарымен тысталған ұзын диван мен бір кісілік шұңғыл кресло қатар қойылыпты. Біз диванға жайғастық та, Сәбең креслоға отырды. Ол кісі маған қырын қарап отырғандықтан, бет-жүзін есіме сақтап қалуыма мүмкіндік туды. Ол маңдайы жарты қарыс боп біткен, бүйрек бет ақшұбар кісі екен. Астыңғы ерні дүрдиіңкілеу, үстіңгі ернінің жоғары жағын ұстарамен ұқыптап басып отыратын тығыз өскен бурыл мұрт жапқан. Алысырақ қарағанда, Сәбеңнің көздері қысыңқылау сияқты көрінді, дейді.

Қысқасы, қоңыр қозыдай монтиып отырған үш солдатқа Сәбең үстел үстінде жатқан «Социалис­тік Қазақстан» газетін көрсетеді. Бұл газетте үш солдаттың фотосы жарияланған екен (суреттегі). – Біз де газетке үңілдік, – деп жазыпты Әзілхан аға. – Газет бетіне үшеуіміздің суретіміз жарияланып, оған қоса «Делегация келді» деген тақырыппен шағын мақала басылыпты. Біз ауылымызға кетіп қалғандықтан бұл оқиғадан хабарсыз едік...

о

* * *

Жоғарыдағы оқиғадан нендей ой түйеміз? Атағынан ат үркетін Сәбит Мұқанов майданнан оралған үш жауынгерді газетке шыққан суреттері арқылы арнайы іздеп тауып, онымен қоймай өз шаңырағынан дәм татырып аттандыруы ізгілік емей не?!

Әрине, Сәбең отырған жер қазақы әңгіменің қайнарындай ағытылары хақ. Бұл жолы да солай болған тәрізді. Бір кезде көсіле сөйлеп отырған жазушы үш жауынгерден Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова жайлы сұрап қалып­ты. Бұл Әзағаның тақырыбы болатын. Өйткені Нұршайықов Мәншүктің түйдей құрдасы һәм соғысқа бірге шақырылған майдандасы. Үлкен жазушының сұрағына орай Әзілхан Нұршайықов: «Мен Мәметованы үш рет көрдім. Алғашында, 1942 жылдың желтоқсанында артиллерия дивизионының штабынан бригада штабына донесение апарғанда кездестім. Онда Мәншүк бригада штабында писарь болатын. Екінші рет – 1943 жылы 5 мамырда баспасөз күніне арнап бригадалық газеттің редакциясы өткізген жауынгер тілшілердің слетіне қатыстым. Слеттен кейін ортамызда Мәншүк бар төрт-бес жауынгер мен бір-екі офицер бөлімшеге бірге қайттық. Бұл кезде Мәншүк пулеметші мерген қыз атанып жүрген-ді. Солдаттық өмірдің барлық ыстық-суығына пісіп, ширап, өңі күреңіткен, бүйрек бетті, өткір қара көзді сида қыз жас жолбарыстай шиыршық ататын еді. Біз жолда оны өз батальонына әкеліп салдық. Сонда Мәншүк жер үйінің қасында тұрып: «Әттең, жауды жеңіп, Алматыға аман-есен барып, дәл осындай жер үйде тұрсам да, арманым болмас еді» деп айтты» деп, өз куә болған сәттерді Сәбеңе айтып берген екен (Ә.Нұршайықов. Таңдамалы шығармалар. 3-том. Алматы:, Қазығұрт.  2005. – 312-313 б.).

Одан кейін аға сержанат батыр қызды соңғы рет 15 қазан күні көргенін, Мәншүк станокты пулеметін арқалап сапта кетіп бара жатқанын, ертеңінде алай-дүлей шайқас басталып, 1943 жылдың 16 қазан күні ол ерлікпен қаза тапқаны жайлы естігенін айтады. Содан тебіреніп толғанып, «Жан құрбы» деп жыр жазғанын жеткізеді.

Сәбең болса: – Әзілхан сол жазған жырың­ды көрсетші, – деп өтінеді. Бұл оқиға туралы Ә.Нұршайықов өзінің естелігінде: «Сәбең менің өлең жазылған дәптерімнің алғашқы оншақты бетін ақтарып шығып «Жан құрбы» деген өлеңді тауып алды да, жазуымды еркін ажырата алмағандықтан: – Өзің оқып жіберші, – деп маған ұсынды» дейді. Үлкен жазушы өтінген соң Әзекең:

Қара көз, қазақ қызы Мәншүк батыр,

Орнатқан дұшпанына заманақыр,

Өлтірген талай сұмның қанын шашып,

Өнерің естен кетпес толып жатыр.

Абырой-атағыңа намысың сай,

Ісіне қаһармандық көңілім жай,

Керемет кешегі өткен ерлігіңді,

Ешқашан ұмытпаспыз жан қалқатай.

Дұшпанның ортасында жалғыз қалдың,

Жалындап, жасқанбастан ұрыс салдың,

Бойдағы от, болат «максим» серігіңмен,

Жауыңның екі жүздей жанын алдың,

Сынған жоқ өлсең-дағы сенің сағың,

Өшкен жоқ, өрлей түсті, жастық бағың,

Еске алып, атағыңа бас иеміз,

Жан құрбы, торқа болсын топырағың, –

деп терлеп, тепшіп оқып беріпті.

Мән-жайдан хабары мол Сәбит Мұқанов бұл жырды терең күрсіне отырып тыңдаған екен. Соңында: «Әзілхан, андағы өлең кітапшаңды маған тастап кет. Мен тегіс оқып шығайын да, замечениелерім болса айтайын. Ертең келіп, алып кетерсің, мақұл ма?» дейді.

Сөйтіп, бұл дәптер сол күйі Сәбеңнің қолында қалып қояды. Ұқыпты жазушы кейін жас қаламгердің құрбысының қазасына арнап жазған жауқазын жырын жерде қалмасын деп «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 28 қараша күнгі санына жариялатыпты (суретте).

Қонақ жауынгерлер сыбаға асын ішіп, аттанар алдында Сәбең қойын дәптерін шығарып үш солдаттың Қазақстанда тұратын туыс-туған­дарының әдіресін жазып алыпты. Мысалы, Әзілхан Нұршайықов – Семей облысы, Жарма ауданы. Қабыш Мусин – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы. Тәкен Майшынов – Талдықорған облысы Ақсу ауданы. Кейін осы үш аудан басшыларына өз атынан хат жазып, жауынгерлердің артында қалған отбасы, туыс-туғандарына көмектесіп тұруын өтінген екен. Бұл да үлкен ізгілік емес пе?!

Сәбең жігіттермен өз шаңырағында қошта­сып тұрып: «Мен сендермен бірге қазақтың бір қызын да майдан шебіне жіберемін» деп шкаф­­та тұрған «Сұлушаш» поэмасының бір дана­сын суырып шығып: «Брест атқыштар дивизия­сы­ның жауынгерлеріне, сендердің Отанға деген махаб­баттарың Сұлушаш – Алтай – Қайсар арасындағы достық, жолдастық махаббаттай берік болып, жауды жайпай, жеңіспен елге келіңдер деп. Автор. 1994 ж. 30 қазан. Алматы» деп қол қойып ұстады. Сөйтіп, бұл кітап Әзілхан арқылы майданға барады.

* * *

Үш жауынгер 1944 жылдың қараша айының аяғында дивизияға оралады. Ол тұста Брест атқыштар дивизиясы маршал Рокоссовскийдің басқа­руындағы І-Беларусь майданы құрамында Буг және Нарев өзендерінің құйғанында бекіністе тұрған екен. Бұл құрам кешікпей Полшаны жаудан азат етіп, 1945 жылдың 19 қаңтарында Шығыс Пруссияға басып кіріп, төрт тәуліктің ішінде: Найденбург, Танненбург, Едвано, Алленштайн қалаларын, арада апта өткенде, Ликк, Нойендорф, Биалла қалаларын тізе бүктіреді. Осылай екпіндей ұмытылған қазақ сарбаздары ақпан айында: немістің ірі орталықтары Торунь, Данциг, Элбинг, Хойнице, Тухелді толық иеленеді.

«Аяғымызбен жау жерін таптап келе жатқан біздің көкірегімізде туған ел жатты. Жаудың әр қаласын алған сайын көзімізге асқар Алатау, сүйікті Сарыарқа елестейтін еді. Өйткені туған ел бізбен бірге, қасымызда, жеңімпаздар сапында болды. Сәл тыныс болса, жауынгерлердің жабыла оқитыны «Абай» романы мен «Сұлушаш» поэмасы еді» деп жазыпты Әзілхан аға бертіндегі естелігінде.

Осындай алапат жорық күндерінің бірінде, нақтырақ айтқанда 18 ақпан күні гвардия сержанты Әзілхан Нұршайықов дастарқанынан дәм татырған заңғар жазушы Сәбит Мұқановқа майдан шебінен хат жазады. Өйткені өткен жылы Алматыдан аттанарда Сәбең барған соң барлық мән-жайды баяндап хат жазып тұр деп аманат айтқан еді. Майдангер өзінің сәлем хатында, қазақ жауынгерлері жауды жапырып, фашистер ордасын ойрандап келе жатқанын, осы бір нәтижелі жеңіске Алатаудың бөктерінде жатып-ақ, қан кешіп жүрген қазақ жігіттерін нәрлі сөзбен жігерлендірген сіздің де үлесіңіз бар, деп хатын аяқтапты.

Соғыстан кейінгі мамыражай уақыт – 1950 жылы Сәбеңнің 50 жасы ел көлемінде атап өті­леді. Осы мерейтойға «Социалистік Қазақстан» газеті 23 мамыр күнгі санын арнайды. Газеттің ортадағы айқарма бетіне: қолына қалам-найзасын толғай ұстап, ертедегі қазақ батырлары сияқты тұлпардың үстінде тұрған Сәбит Мұқановтың тұлғасы салынып, оның «50» деген цифрмен салынған биік бөгеттен орғытып бара жатқан сәті бейнеленеді. Газеттің осы санына көппен бірге Әзілхан Нұршайықовтың «Оқопқа келген кітап» атты шағын суреттеме-жазбасы жарияланған екен.

Осы мақаласында Ә.Нұршайықов, жоғарыда айтылған оқиғаларды және автордың қолтаңбасымен майданға келген поэма жайлы тәптіштеп жазып, соңғы сөзін: «С.Мұқанов адамды өзіне тартып тұратын өзгеше қасиеті бар адам. Оны бауырмалдық деуге болады. Ол кісінің бауырмалдығы адамның мамандық тұрғысына, қызмет дәрежесіне, үлкен-кішілігіне, ұлттық тегіне қарамайтын. Сәбеңнің осы бауырмалдығының арқасында көп адам онымен дос, сыйлас, сырлас, сапарлас, табақтас болды. Оның түпсіз әңгімелерін тыңдап, жазушыны жанымен бақылады» деп жазған екен.

Сөзімізді түйіндер болсақ, «Сәбиттің шы­ғар­малары – қазақтың көркем шежіресі, өзі – бауырмалдықтың үлгісі» деп замандасы Ғабиден Мұстафин айтқандай, дәл қазіргі қазақ қоғамына ізгілігі мол, қайырымы таудай обал мен сауапты ­айыра алатын, кісілігі кемел Мұқанов сияқты тұлғалар жетіспей жатыр.

р