Қоғам • 29 Қараша, 2022

Армандар орындалады

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғам емі күрделі немесе айықпас дертке шалдыққан балалардың көңілін аулап, өмірге құштарлығын оятумен шектелмей, қолдан келгенше жәрдемдесуге әркез да­йын. Мұның дәлелі, «Армандар орындалады» жобасы аясында демеушілер 3 пен 14 жас аралығындағы 110 баланың арман-мұратын орындады. «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық бірлестігі қолға алған әлеуметтік жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан бөлінген грант арқылы үйлесімді іске асырылды.

Армандар орындалады

Жоба жетекшілері ауыр дертке шалдыққан балалардың өмірге құштарлығын арттыратын жобаға меценат, медиа саласының майталмандары, кәсіпкерлер мен еріктілерді тартты. «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің еріктілері елдің барлық өңірінде балалардың бос уақытын қызықты өткізу үшін 51 іс-шара ұйымдастырды. Оған 600-ге жуық бала қатысты. Жобаға елдің әр аймағынан 500-ден астам ерікті жұмылдырылып, 100 серіктес қолдау көрсетті. Бұл жоба алғаш рет «Менің арманым» қайырымдылық қорының бастамасымен Алматыда басталған болатын. Содан бері бел­сенді жастар меценат пен қоғам белсенділерінің басын қосып, жыл ішінде 100-ге жуық баланың арманын орындады. Аталған ізгі жобаны республика көлемінде ұйымдастыру үшін мемлекеттен қолдау қажет-ақ. Сондықтан белсенді жастар жобаны кеңейте түсу мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсынды. Сәйкесінше, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жобаны іске асыруға грант бөлді.

«Қазақстан медицина жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш әлеуметтік жобаның мақсат-міндеті мен нәтижесі туралы баяндады.

– Биыл жоба сәтімен іске асты деп айтуға толық негіз бар. Жоба жанашырлары келер жылы да игілігі мол іске қолдау көрсетсе құба-құп. Арманда шектеу жоқ. Десек те кейде бір емес, бірнеше баланың арманы ұштасып жатады. Мұндай сәттерде сол жасөспірімдердің басын қосып, ауқымды іс-шара ұйымдастырамыз. Осылайша, жекелей есептегенде 100-ден астам баланың арманын орындасақ, кейбір ауқымды іс-шараларда 500-ге жуық баланы қамтыдық. Жыл басында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен жобаға 25 млн теңге бөлінді. Қаражаттың басым бөлігі жұмысты үйлестіруге жұмсалса, меценат, демеушілер қарастырған 20 млн теңгеден астам қаржыға балалардың арманын орындауға жәрдемдестік. Елімізде жомарт жандар көп. Солардың арқасында 20-дан астам баланың денсаулығында оң нәтиже байқалса, 2 бала толық сауығып, ем алуды тоқтатты, – деді бірлестік төрағасы.

Жобаның негізгі мақсаты – ерекше қабілеті бар және айықпас дертке шалдыққан балаларға жәрдемдесу. Бұл мәселеге қоғамның назарын бұру да өзекті. Себебі сырқаты асқынған балаларға тек медициналық көмек қажет деп шорт кесіп, байлам жасауға болмайды. Мысалы, Ұлыбританияның Кембридж университетінің ғалымдары 2016 жылы зерттеу нәтижесінде «Бала­ларға моральдық қолдау көр­се­тудің пайдасы медициналық көмек­тен кем емес» деген тоқтамға келді. Де­мек игі жоба балалардың өмірге құштарлығын арттырып, дамуына жәрдемдеседі. Әсілі, ауыр дертке шал­дыққандардың өмірі аурухана мен үй маңайында өтетінін көреміз. Ал «Армандар орындалады» жобасы арқылы балалар күнделікті ем-шарадан тыс ойын-сауық орталығына барып, бір сәт сергіп қайтады. Қоғам белсенділері мен еріктілер аурухана, хоспис және интернаттағы пациенттерге кітап оқу бөлмесін жасақтап, сурет салу, мүсіндеу сағаты сияқты шығармашылық бағытта көңіл сергітетін іс-шаралар өткізді.

«Армандар орындалады» жоба­сының жетекшісі Шамиль Ванкеев сырқаты асқынған балаларға көмек­тесуден қол үзбейтінін жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Балалар жылын» жариялаған соң, елімізде қоғамдық бірлестік мүшелері балаларды ынталандыру мақсатында түрлі іс-шараларды қолға алды. Соның ішінде «Армандар орындалады» жобасының орны ерекше. Жобаның өзектілігі, мақсатымыз әуелден дамуында ерекшелігі бар, сырқаты асқынған балалардың арманын орындау болған еді. Осылайша, жасөспірімдерге моральдық тұрғыда көмек көрсетуге қоғамның назарын аударуды көздедік. Жобаны қолға алғалы көптеген ұйыммен, қоғамдық бірлестікпен, бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс істедік. Осы арқылы жоба балаларға ғана емес, бізге де керек екеніне көз жетті. Бүгінде елімізде ауыр халде жатқан 10 мыңға жуық бала бар. Яғни өмір сүруге құштар балаларға қоғам болып қолдау көрсеткеніміз дұрыс деп ойлаймын, – деді жоба жетекшісі.

Жыл басында жоба жетекшілері «Армандар орындалады» жобасы туралы игі іске ел назарын аударды. Ізінше еліміздің әр аймағында «Тілектер ағашы» акциясын өткізіп, сауда-ойын-сауық орталықтарына 17 ағаш қойды. Әр ағашқа 30-ға жуық баланың арман-тілегін жазып ілді. Мұндай ағаштар ірі ойын-сауық орталықтарында әлі де тұр. Міне, осы «Арман ағашындағы» балалардың тілегін орындауға демеушілерден 20 млн теңге қаржы бөлінді. Сол қаражат есебінен балалар елге танымал әнші­лермен жүздесті. Олардың ішінде БАӘ, нақтырақ айтсақ, Дубайға сапар шеккен балалар да бар. Ерікті жастар полиция қызметкері, өрт сөндіруші, тіпті қиял-ғажайып ертектегі «ханша­йым» болуды тілеген балғындардың да арманын орындаған. Сондықтан Даун синдромына, балалардың церебральды сал ауруына, аутизмге шалдыққан ерекше балаларды қуантуды көздеген жоба жетекшілері игі бастаманы келер жылы да жалғастыруға ниетті.