Саясат • 30 Қараша, 2022

Сот жүйесін жетілдіру

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында еліміздің сот жүйесін реформалау мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында осы саладағы ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер және сот жүйесін реформалау бойынша құрылған жұмыс тобы атқарған істің қорытындысы талқыланды.

Сот жүйесін жетілдіру

Жиынға Парламент депутаттарымен бірге Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ішкі істер, Әділет, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың, адвокаттар алқасының өкілдері және құқықтанушы ғалымдар қатысты. Іс-шараны Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков жүргізіп отырды.

Жиынды ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін реформалауды заңнамалық қамтамасыз етуге баса мән беріп отырғанын, бұл әділетті мемлекеттік басқару жүйесін құрудың негізі екенін атап өтті.

«Президентіміз наурыз айындағы Жолдауында барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айрықша айтты. Соңғы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін атап көрсетті», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Палата Спикері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат жанынан құрылған жұмыс тобы сот жүйесін реформалауға қатысты ұсыныстар әзірлегенін айтып, олардың негізгі бағыттарына тоқталды. Нақты айтқанда, судьяларға күштік органдардың қысымын төмендету және қылмыстық процесте бәсекелестікті дамыту тетіктері ұсынылды.

Одан бөлек, қамауда ұстауға балама бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейтуге арналған тетіктер де ұсынылды. Адамгершілік бағыттағы балама ретінде зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыс жасағандар үшін электронды білезік тағу мәселесі көтерілді.

Бастамалардың тағы бірі сот процесінде «іс бо­йынша объективті шындық» пен әділ шешімге кепілдік берумен байланысты. Жұмыс тобы азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарының тізбесіне «әділдік қағидатын» енгізуді ұсынды. Судья шешім шығарған кезде соған сүйенуге тиіс. Әрине, ол үшін бұл шешім заңға негізделуі және оның шегінен шықпауы қажет.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін медиативтік қызметтерге мемлекеттік кепілдік беруді енгізуге ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік орган басшылары және жоғары тұрған лауазымды адам жетекшілік ететін салаларда сот талқылауы болған жағдайда олардың міндетін белгілеу ұсынылды. Мұндай қадам жоғары тұрған органдардың үйлестіруші рөлін арттыруға, мемлекеттік органдардың күмәнді шешімдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Пікірталас барысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дау­ларды ішкі әкімшілік рәсімдер тетігі арқылы шешу қажеттігі де атап өтілді. Осы және басқа да шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген ауқымды ұсыныстар топтамасына негіз болды.

Солардың негізінде бірқатар тиісті заң жобалары дайындалды. Олардың қатарында «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға және іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері жөніндегі заңдарға енгізілген түзетулер бар.

Кездесуді қорытындылаған Сенат Төрағасы жұмыс тобы әзірлеген бастамаларды іске асыру үшін тиісті заңдарды жедел қабылдау қажет екенін айтты.

«Сот жүйесін жетілдіру жұмысы үнемі Мемлекет басшысының назарында. Бұл бағытта алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз осы салада сарапшылармен, ғалымдармен, судьялармен, заңгерлермен және халықаралық ұйымдардағы әріптестермен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайынбыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Спикері бүгінгі талқылау сот жүйесін реформалау, сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыруға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.

«Осы жұмыстың бәрі Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдар. Алдымызда тұрған басты мақсат та, азаматтардың бізден күтетіні де – осы. Бұл – Мемлекет басшысы айқындап берген маңызды міндет. Аталған жұмыстардың аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау – біздің ең басты міндетіміз. Сондықтан біздің жұмысымыз Әділетті Қазақстан құруға қажетті заңдарды қабылдауға бағытталуы керек. Сот жүйесін реформалап, жаңа сапалы деңгейге көтеру арқылы тиімді экономика мен дамыған қоғам құрудың негізін қалыптастырамыз. Осы бағытта бәріміз бірге табысты жұмыс істейміз деп сенемін. Бізде қоғамға ұсынатын, мемлекет басшылығымен талқылайтын және Мәжіліске беретін ұсыныстар аз емес», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі реформалауға арналған ұсыныстар мен тәсілдер тиісті заң жобаларын дайындау үшін уәкілетті органға жіберіледі.