Саясат • 30 Қараша, 2022

Көмек көрсетілді

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері жағдаймен танысу және халыққа жедел көмек көрсету үшін Екібастұз қаласына келді. Халық қалаулылары үй-үйді аралап, жылытқыштар мен жылы киім-кешек тапсырды.

Көмек көрсетілді

Депутаттар арнайы құрылған жедел штабта төтенше жағдайдың жай-жап­сарын талқылады. Штаб жұмысына облыс басшылығының, барлық техникалық қыз­мет­тің, энергетикалық кәсіпорындардың және Энергетика министрлігінің өкілдері қатысты.

Мәжіліс депутаты Артур Платонов бүгін­де гуманитарлық көмекті жеткізу жұмы­сы белсенді жүріп жатқанын атап өтті.

«Партия тұрғындарға көмек көрсету ісіне бел­сенді атсалысып жатыр. Мобильді брига­да­лардың құрамындағы қоғам белсенділері үй-үйді аралап жүр. Жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлер, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жиналуда», деді ол.

Осы күні депутаттар қала тұрғындары үшін жылыту пункті орналасқан №36 мектепке барды. Қалада дәл осындай 12 пункт ашылды. Сондай-ақ халық қалаулылары Екібастұздағы қалалық ауруханаға барды. Қазіргі уақытта мұнда 240 емделуші бар.

«Терапия және педиатрия бөлімшелерінің жұмысымен таныстым. Аурухана штаттық ре­жімде жұмыс істеп жатыр. Жоспарлы жә­не жедел жеткізілген емделушілерді қа­был­дайды», деді Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров кінәлі адам­дарды жауапқа тарту мәселесі туралы ойын білдірді. «Еліміздің энергетикалық актив­теріне аудит жүргізу қажет. Түскен қар­жыны жаңғыртуға емес, өз қалтасына салған азаматтар заң алдында жауапқа тартылуы қажет», деп атап өтті Ерлан Саи­ров. Ал Мәжіліс депутаты Вера Ким Екі­бас­тұз­да азаматтарға көмек көрсету үшін «Жас­тар Рухы» жастар қанатының волонтерлер штабы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Екібастұзда апаттық-қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр.