Пікір • 30 Қараша, 2022

Халық алдындағы жауапкершілік

208 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент ауылды дамытудың нақты жоспарын әзірлеуді Үкіметке тапсырды. Елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару мәселесін шегелеп беріп, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын да жеткізді. Бұл мәселелерді Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде де айтты. Мемлекет басшысының ұстанымы – халық, тарих, ар-ождан алдындағы жауапкершілік екенін ескерсек, ел алдында көтерілген бұл сұрақтардың әрқайсысының өз мәні, жүгі мен жауапкершілігі бар.

Халық алдындағы жауапкершілік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Алып территориямыздың игі­лігін көру үшін алдымен аг­рарлық саясатты дамыту ма­ңызды. Ал аграрлық саясат ауыл-аймақта жатыр. Осыны ескерген Президент ауылдың жылдар бойы қордаланған мәселелерін жүйелі түрде шешуді қолға алуды тапсырды. Ауылға ең алдымен қолды болған жерін – жайылымы мен егісін қайтару керек. Екінші ауыл шаруашылығын жүргізуге қажетті, мәселен сумен қамту секілді келелі істерді шешу де күн тәртібінде тұрған өзекті сұрақтың бірі. Сусыз егіншілік те, бау-бақша да, мал шаруашылығы да алға баспайтыны белгілі. Сондай-ақ ескірген техникаларды жаңалау қажеттігі туындап отыр. Шаруа қожалықтарына нақты қолдау көрсету үшін осындай алға бастырар мәселелер тез арада шешілуге тиіс. Қазір ауыл шаруашылы­ғын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар әзірленді, қаржы қарастырылған десек те, ауыл-аймаққа одан бетер көңіл бөлу елдің жағдайын жақсартады. Ел тұрғындарының 40 пайызын өңірлерде, салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ауылдардағы тұрғындар құрайды. Президенттің қабылдап отырған шешімі осы ауыл-аймақты алдағы 5 жылда өркендетуді көздеп отыр.

Ұлықтау рәсімі кезінде Прези­дент көтерген маңызды мәселенің бірі – заңсыз шығарылған капиталды қайтару. Шетел асып кеткен қаржыны қайтару үшін арнайы заң жобасы әзірленбек. Қазақ «Кеткен малдан қайыр жоқ, егер іздегені болмаса» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл байлығынан түскен түрлі табыстың барлығын шетел асып кетуіне жол бермеу қажетін айтып отыр. Әрине, кеткен ақшаға іздеу салып, қайтқан қаржының өзін ел мүддесіне, мемлекеттік бағдарламаларға, стратегиялық түрлі тетіктерге қолдана білу бұл да ауқымды жұмысты қажет етеді. Осы уақытқа дейін әлеуметтік теңсіздіктің әсерінен қоғамда сенімсіздік, теріс көзқарас белең алғаны жасырын емес. Сондық­тан шетелге кеткен ел байлы­ғын, қазынасын ел бірлігін шашып алмай қайтадан жинақтау қазіргі Мемлекет басшысының алға қойған бірден-бір мақсаты болып отыр.

Бұған қоса Президент шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретіндердің бәрі қатаң жауапқа тартылатынын айтып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жерде либералдық саясатты жүргізу жайын сөз етіп отыр. Мемлекет әрбір кәсіпкердің қызметіне араласпайды және оның әрбір ісіне кедергі болмауын қадағалайды, әсіресе, бизнес иелеріне мораторий жариялау қатаң бақыланады. Мұндай жағдайлар өкінішке қарай елімізде болды. Сондықтан бұл мәселені Президент бекер қозғап отыр­ған жоқ. Елді алға жылжытатын кәсіпкерліктің көзі – шағын және орта бизнес, сол себепті олардың жұмыс жасауына толық мүмкіндік беруіміз керек. Олардың кәсібі арқылы сапалы тауар шығарып, сапалы қызмет көрсету арқылы елдегі өнеркәсіп, экономика саласы дами беру керек. Сондықтан да Президент мемлекет пен кәсіпкерлік әріптестік деңгейде болу керек деген қағидатты ұстанып отыр.

Еліміз осы жылы әлеуметтік, қоғамдық күйзелісті бастан кешірді. Осы кезде түскен жүк пен жауапкершілікті билік елмен бірге көтерді. Бір-бірін есту, бір-бірін қолдау, конструктивті диалог құру арқылы түрлі бастамаларға қол жеткізді. Бұл сөзсіз Ата Заңымыздағы өз­герістер, құрылымдық, конс­титуционалдық, демократиялық өзгерістердің барлығы саяси реформа арқылы жүзеге асты, соның алғашқы легі ретінде Конституциялық заңнамалар бекітілді. Елімізде саяси өмір қайта жаңғыруды бастан өткеріп жатыр. Бұл – саяси партиялардың дүниеге келіп, әрбір билік органдарына әділетті сайлау жолдары арқылы өтіп, әрбір тұрғынның мүддесін қорғайтын депутаттарды, әрбір тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдайтын үкімет өкілдерін қайтадан қалпына кел­тіру. Осының барлығы сөз­сіз азаматтық қоғамның заң құруы­мен байланысты. Сон­дық­тан алдағы Президентіміздің 7 жылдық мер­­зімінде халық игілігіне сай жұ­мыстар атқарыл­мақ, оны билік өз мойнына алады деп сенеміз. Президенттің ұстанымы халық, тарих, ар-ождан алдындағы жауапкершілік, оның мақсат-мүддесі де осы.

 

Мақсат ЖАҚАУ,

саясаттанушы