Кадр мәселесі – өте күрделі әрі аса маңызды. Ескі кадрлармен жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін ел біліп отыр. Әрине, елдің басқару жүйесіне бір мезетте «саяси тазалау» жасау мүмкін емес. Дейтұрғанмен, бұл салада сең орнынан қозғалды.
Халық сенімсіздік танытып отырған мемлекеттік жүйе дәл сол ескі кадрлар тұсында қалыптасты. Ал ескі саясаткерлер ескі жүйені таңдайды. Себебі бұл өздерінің саяси өмірлерін ұзартуға мүмкіндік береді. Онсыз да, елдегі жаңа бастамаларды өміршең етуге тиіс команда әлі де өткен күннің сарқыншағы. Бұл – бір.
Екіншіден, кадрлық саясатта командалық ауыс-түйіс, тамыр-таныстық, тіпті рушылдық «жанашырлықтар» әлі де бар. Саяси сахналарда белең алып жататын бұл жайсыздықтарды да түп-тамырымен жоятын уақыт жетті. Себебі жүрегі «қазақ» деп соғатын, іскер, білікті, білімді талай жас азаматтар санатқа ілікпей келеді.
Мұндайдан арылу үшін меритократия ұғымы енгізілгенін білеміз. Мұны ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел Президенті де атап өтті. Бұл бастама тамыр-таныстықты жойып, қызметтегі сатылы өсу қағидаты жақсы кадрлар мен тәжірибесі мол мамандардың ел басқару ісіне араласуына мүмкіндік беруге тиіс.
Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап ететінін баса айтты. Басты қағидаты кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық болатын мемлекеттік басқарушыларға, әсіресе, жас мамандарға басымдық берілмек. Бастама басқару жүйесінің барлық сатысында, өңірлерде табысты жүзеге асса деген тілегіміз бар.
Данияр ЖҰМАДІЛ,
«Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Павлодар облысы