Пікір • 30 Қараша, 2022

Ел ертеңі – білікті маман

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзін Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында отырып тыңдадым. Тарихи сәттен түйгендерім көп. Соның ішінде, ел Президентінің кадрлық саясат төңірегінде айтқандары көңілге қонды.

Ел ертеңі – білікті маман

Кадр мәселесі – өте күрделі әрі аса маңызды. Ескі кадрлармен жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін ел біліп отыр. Әрине, елдің басқару жүйесіне бір мезетте «сая­си тазалау» жасау мүмкін емес. Дейтұрғанмен, бұл салада сең орнынан қозғалды.

Халық сенімсіздік танытып отыр­ған мемлекеттік жүйе дәл сол ескі кадрлар тұсында қалыптасты. Ал ескі саясаткерлер ескі жүйені таңдайды. Себебі бұл өздерінің сая­­си өмірлерін ұзар­туға мүмкіндік береді. Он­сыз да, елдегі жаңа бастамаларды өміршең етуге тиіс команда әлі де өткен күннің сарқыншағы. Бұл – бір.

Екіншіден, кадрлық саясатта командалық ауыс-түйіс, тамыр-таныстық, тіпті рушылдық «жанашырлықтар» әлі де бар. Саяси сахналарда белең алып жататын бұл жайсыздықтарды да түп-тамырымен жоятын уақыт жетті. Себебі жүрегі «қазақ» деп соғатын, іскер, білікті, білімді талай жас азаматтар санатқа ілікпей келеді.

Мұндайдан арылу үшін меритократия ұғымы енгізілгенін білеміз. Мұны ұлықтау рәсімін­де сөйлеген сөзінде ел Прези­денті де атап өтті. Бұл бастама та­мыр-та­ныстықты жойып, қызмет­тегі сатылы өсу қағидаты жақсы кадр­лар мен тәжірибесі мол маман­дардың ел басқару ісіне арала­суы­на мүмкіндік беруге тиіс.

Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап ететінін баса айтты. Басты қағидаты кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық болатын мем­лекеттік басқарушыларға, әсіресе, жас мамандарға басым­дық берілмек. Бастама басқару жүйе­сінің барлық сатысында, өңірлерде табысты жүзеге асса деген тілегіміз бар.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ,

«Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

Павлодар облысы