Елорда • 30 Қараша, 2022

Бұқаралық спорт – басым бағыт

423 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астана халқының бұқаралық спортқа бетбұрысы жылдан жылға күшейіп келеді. Белсенді өмір сүруге шақыратын бұл бағыттағы іс-шаралар дағдыға айналып, тұрғындардың денсаулығын ғана емес, ауызбірлігін де нығайтуға әсер етіп жатыр. Осы дәстүрден айнымай, жыл басынан бері елордада 350-ге жуық спорт іс-шарасы ұйымдастырылды, оған 60 мың адам қатысты.

Бұқаралық спорт – басым бағыт

Мемлекет басшысы былтырғы Жол­дауында спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысуға кең жағдай жасаудың маңызына тоқталды. Президент тарапынан бұл бағытқа басымдық беру туралы тапсырмалар әуелден айтылып келеді. Оның біразы 2020 жылы 30 желтоқсанда қабылданған бұқаpалық споpтты одан әpi дамытуды көздейтiн дене шынықтыpу және споpт мәселелеpi бойынша Заңда қамтылды. Атап айтқанда, дене шынықтыpу даяp­лығының, балалаp-жасөспipiмдеp клубтаpының және дәpiгеpлiк-дене шынықтыpу диспансеpлеpiнiң желiсiн кеңейту, дене шынықтыpу және споpт бойынша сабақтан тыс секциялаpды жүpгiзгенi үшiн мұғалiмдеpге базалық лауазымдық жалақының 100% мөлше­piнде қосымша ақы енгiзу, бiлiм беpудiң баpлық деңгейiндегi дене шынықтыpу сабақтаpында ұлттық споpт түpлеpi бойынша мiндеттi компонент енгiзу жөнiндегi ноpмалаp бар. Сондай-ақ халықпен жұмыс iстеу үшiн споpт нұсқаушылаpын штаттық орынмен қамтамасыз ету көзделген.

Дене шынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Самат Жыл­қыбаевтың айтуынша, бүгінде Астанада 672 дене шынықтыру және спорт ұжым­дары жұмыс істейді. 2022 жылы елордалық оқушылар саны 209 мыңды құраса, оның 52,8%-ы, яғни 110,5 мың бала спорт секцияларына қатысады. Сондай-ақ қаладағы 34 колледжде оқитын 28 мың студенттің 70,5 пайызы немесе 20 мыңы спортпен шұғылданады. Ал 15 жоғары оқу орнында білім алып жүрген 63,5 мың студенттің 42,5 мыңы спортқа бейім.

Астана халқын спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту үшін жыл басынан бері 248 нұсқаушы-әдіскер енгізілді. Қаладағы дене шынықтыру, сауықтыру және спорт жұмыстарын 3 403 штаттық қызметкер ұйымдастырып жүргізеді. Биыл дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелерде жаттықтырушылар саны 410 жаттықтырушыны құрап отыр. Астана қаласы әкімдігінің Олимпиадалық резервті даярлау орталығында 21 жат­тық­тырушы, жалпы білім беретін мектептерде 785 жаттықтырушы бар.

Балалар мен жасөспірімдер арасын­да бұқаралық спортты дамыту үшін 2021 жылы 1 мамырдан бастап мемле­кеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нор­мативтік қаржыландыру тетігі енгізіл­ді. Мемлекеттік спорт тапсыры­сы аясында 4-17 жас аралығындағы бала­лар контингенті бар 25 спорт түрі бойын­ша 577 секция жұмыс істейді. 36 мыңнан аса жолдама алған балалар спорт секцияларына тегін барады. Әр бала­ның спорттық және шығармашылық бағытта екі жолдамаға дейін алуға мүм­кіндігі бар. Қазіргі кезде 28 аула клубында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 3 мыңнан аса бала тегін оқып, жаттығады. Сондай-ақ әкімдік тарапынан бала күнінен спортпен айналысып келе жатқан жастар назардан тыс қалмай, оларға осы бағыттағы жолын ары қарай жалғастыруы үшін ЖОО-лардың білім гранттары беріліп келеді. Былтыр бір ғана спорт саласы бойынша 50 грант бөлінді. Бұл бағдарлама алдағы уақытта да жалғасын табады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес Астанада бұқаралық спортты дамытуға бағытталған арнаулы бағдарламалар мен түрлі жоба қолға алынған. Соның бірі – «Қолжетімді спорт» жобасы. Бұл бастама қала тұрғындарын спорт түрлеріне баулуға бағытталған, сондай-ақ бірнеше спорт секциясына тегін қатысуға мүмкіндік береді. Аталған жоба алғаш рет 2021 жылдың қазан айы­нан бастап қаладағы спорт залдарында жүзеге асырылды. Спорттың 6 түрі (фитнес/зумба, скандинавиялық жүріс, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі) бойынша жаттығулар 40-тан аса жерде өткізілді. Скандинавиялық серуендеу саябақтарда өтті. Кез келген адам спорт түрін таңдап, аптасына 3 рет жаттығу жасауға мүмкіндік алды. Жобаға жоғары санатты жаттықтырушылар, спорт ше­бер­лері, білікті нұсқаушылар тартылды. Жаттығулар клуб аулаларында, спорт орталықтарында және спорт сарайларында, соның ішінде «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика манежінде, Тәуелсіздік сарайында, «Алау» мұз сарайында өткізілді. Жоба елорда тұрғындары арасында және Instagram әлеуметтік желісінде танымал болды. Күн сайын Instagram-да жаттығулардан бейнематериалдар мен фотосуреттер жарияланып отырды.

Бұл жоба былтыр желтоқсан айының соңына дейін жалғасып, 20 мыңға жуық азаматты қамтыды. 2022 жылдың сәуір айынан бастап жоба Қазақстанның 7 қаласында қолға алына бастады. Бұл – Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Петропавл, Ақтау және Талдықорған қалалары. Жалпы алғанда, барлық қала­ны қоса есептегенде жобаға 120 білікті нұсқаушы мен жаттықтырушы жұмылдырылды.

Шыныққысы келетін тұрғындар үшін алысқа ұзамай, ауласында да спорт­пен айналысуға жан-жақты жағ­дай жасалып жатыр. Аулаларды жатты­ғу құралдарымен жабдықтап қана қой­май, оларды тұрақты пайдалануға ынта­ландыратын іс-шаралар да жиі ұйым­дастырылып келеді. Сондай баста­малардың бірі – #AulaFit жобасы «Манхэттен-2», «Олимп Палас-2», «Азат-2» тұрғын үй кешендерінің аулаларында жүзеге асырылуда. Жоба бойынша жазда дене шынықтырудан арнайы сабақтар аптасына 5 сағат, қыста 3 сағат өткізілді. Жо­баға білікті жаттықтырушылар қатысты. Былтырдан бастап футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалар фитнесі бо­йынша барлық аулада тегін жаттығулар ұйымдастыру қолға алынды.

«2020 жылы 25 мамырдан бастап Астана қаласында #AulaFit қанатқақты жобасы басталды. Тұрғындар өз аулаларында тәжірибелі жаттықтырушылардың нұсқауымен спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды. Аға буын, жастар мен балалар күн сайын спортпен шұғылданады, бос уақытын, демалысын қызықты және пайдалы өткізеді, психологиялық қолдау алады. Біз осы жоба арқылы тұрғындардың бір-бірімен қалай танысқанына, достасқанына куә болдық. Барлығы ашық-жарқын және спортпен шұғылдануға деген ықыласы зор. Жасы егде тартқан кісілер де жастардан қалмай білікті жаттықтырушылардың сабағына тұрақты қатысады. Болашақ Олимпиада чемпиондары осындай аулалардан шығады», деді С.Жылқыбаев.

Сонымен қатар Астанада ұлттық спорт түрлерін дамытуға ден қойылған. Мұның бір дәлелі ретінде «Асар жолы» қайырымдылық акциясын атауға болады. Бұл жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу көзделген. Осы орайда ұйымдастырушылар қалалық ипподромдардың бірінде киіз үй тігіп, асық атып, құрылтай өткізді. Марафонға мұрындық болғандар – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қала әкімдігі мен «Asar Ume» қайырымдылық қоры. Акция барысында кәсіпкерлер мен басқа да қайырымды азаматтар әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға бас­пана беріп, қолдау көрсетті.

Бұл бағыттағы жұмыстар да цифр­ландыру арқылы кеңінен көріне бастады. Айталық, бұқаралық спортты дамыту мақсатында «One sport» жобасы әзірленіп жатыр. Яғни арнайы мобильді қосымшада қаладағы барлық спорттық инфрақұрылым, спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізілетін залдар, спорт мекемелеріндегі жаттықтырушылар, спорттық іс-шаралар жөнінде ақпараттар қамту жоспарланған. Осы орайда Астанада 1 016 спорт нысаны жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Оның ішінде дене шынықтыру нысандары – 804, білім беру мекемелері – 215, спорт мектептері – 9. Күніне 7 мыңнан аса адам шұғылданатын 32 ірі спорт нысаны бар.

«Қаламызда түрлі спорт нысандары халықтың игілігіне жарап жатыр. Ол орындарда жаттығуларға арналған қосымша сағаттар бөлінеді. Осылайша, спорт нысандары қала тұрғындары мен өскелең ұрпағымыз үшін қолжетімді болмақ. Осы бағыт­тағы жұмыстарымызды ары қарай жал­ғас­тырамыз. Халық тарапынан түсіп жатқан ұсыныстар да ескеріледі. Мыса­лы, спорттық құрал-жабдықтар сатып алу мәселесі де көп айтылады», дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ қаланың шет аймақтарын­дағы тұрғындардың да дене шынық­тырумен ұдайы айналысуына қажетті инфрақұрылым жасақтау назардан тыс қалған емес. Бірер жыл бұрын Пре­зи­дент пәрменімен елорданың төрт шетінде, атап айтқанда, «Көктал-2», «Өндіріс», «Үркер» және «Железно­дорожный» тұрғын алаптарында спорт­тық сауықтыру кешенін салу жоспар­ланған еді. Бүгінде солардың екеуі «Көктал-2» мен «Өндіріс» маңында пайдалануға беріліп, оқу-жаттығу жиындары жүргізіліп жатыр. Ал «Үркер» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарындағы сауықтыру кешенінің құрылысы жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы керек.

Бұған қоса бұрыннан бері бұқараның белсенді жиналатын орнына айналып кеткен спорт нысандарын талапқа сәйкес жөндеп-баптау жұмыстарына мән беріледі. Бұл ретте Қ.Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы мен «Қазақ­стан» спорт сарайын қайта жаңғыр­ту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа­ланатын нысандар екі жылдан кейін есігін айқара ашады.