Өнер • 30 Қараша, 2022

Шертпе күйлер шеруі

750 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ күй өнері дегенде, оның үлкен мектебіне жататын шертпе күйлерге соқпай кете алмаймыз. Осы орайда, 1-3 желтоқсан аралығында Алматыда өтетін республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі – ұлт руханиятын насихаттауда үлкен оқиғаға айналмақшы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбаев мәлім етті.

Шертпе күйлер шеруі

«Қазақтың күй өнері әр­түр­лі жанрдан, аймақтық ерек­ше­ліктерден тұратыны белгілі. Со­лардың арасында мәнерге бай дәстүрлі бөлігі – шертпе күй. Сон­дықтан шертпе күй­лерге ар­налған фестиваль бірін­ші­ден күй сайысы, екіншіден Қазақ­стан­ның түкпір-түкпіріндегі та­­лант­­ты орындаушылар бас қо­­сып, сұхбаттасатын күй жәр­мең­­кесі болмақ. Конкурс бағ­­дар­ламасында еліміздің өңір­лерінде дамыған күйшілік мек­тептер­дің, сондай-ақ қазақтың классика­лық күй мектебін жаса­ған ірі тұлғалар – Тәттімбет, Қо­жеке, Сүгір, Әлшекей, Бейс­ем­бі сияқты ірі күйшілердің шығармалары, халық күйлері орындалады. Фольклорлық санамызда қалған көне саздар да осы фестиваль аясында тартылады. Жаңа заман композиторларының шертпе күй саласындағы еңбектері де қамтылады. Кешегі ірі күйшілер Т.Момбеков, К.Күмісбеков, атақ­ты Н.Тілендиевтен қалған әдемі шертіс, осы замандағы С.Тұрыс­беков, Б.Ысқақов, М.Әбуғазы сияқты майталман күйшілерге дейін жалғасқан тамаша мәнер бар, дәстүр бар. Осының бәрі күй бағдарламасына арнайы енгізілді. Бұл күй өнерінің тойы болмақ», деді күйші Жанғали Әлімханұлы.

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі Мәдениет комитеті төр­ағасының орынбасары Данияр Әлиевтің айтуынша, қазақ өнері мен мәдениетін насихаттау мақсатында қолға алынған ірі жобалар арасынан ойып орын алатыны – осы «Шертпе күй» фестивалі 1-3 желтоқсан аралығында Ал­маты қаласында межесіне жетеді.

Қазіргі жаһандану заманында сананың деколонизациясын сақтап қалатын жауһарлардың бірі күй өнері десек, қателеспейміз. Бұл мұраны ұлттық дәстүріміздің мәйегі ре­тін­де де атап өтуге әбден тұрар­лық.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің базасында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бұған дейін мұндай шара республика көлемінде Тал­дықорған қаласында өткен болатын. Байқау 2 турдан тұрады және фестивальдің жабылуы болады. Қазылар алқасының құрамына Жанғали Жүзбай, Секен Тұрыс­бек, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбуғазы, Батыржан Мықтыбаев енді.