03 Маусым, 2014

Еуразиялық экономикалық одақ аясында алып кәсіпорын жұмысы жанданбақ

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
industria03АСТАНА. 3 маусым. Түрлі қиындықтар кездессе де жұмысын қожыратпаған Қостанай облысындағы  «Соколов-Сарыбай» комбинаты енді Еуразиялық экономикалық одақ аясында еңбек өнімділігін арттыра түспек. Бұл туралы «24kz» хабарлады. «Соколов-Сарыбай» бірлестігі жылына шамамен 16 млн. тонна темір кені шикізатын және дайын темір жентектерін өндіреді. Соның басым бөлігі Ресей мен Қытайға экспортталады. Дегенмен, әлемдік дағдарысқа байланысты кейінгі уақытта сыртқа сатылатын өнім біршама кеміген. Алайда, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы бұл олқылықтың орынын толтыратынына сенім мол. «Соколов-Сарыбай» акционерлік қоғамының президенті Мұхамеджан Тұрдахунов: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз еуразиялық интеграцияның мән-маңызын халыққа түсіндіріп, жеткізуіміз қажет. Бұл еліміздің, біздің кәсіпорынның, жалпы өнеркәсіп саласының дамуына серпін береді. Негізгі тұтынушымыз Магнитогорск металлургиялық комбинатымен байланымыз нығая түсетін болды. Біз үшін Ресей нарығына кең жол ашылады. Қазір кәсіпорын кен өндіру орындарын кеңейтуді көздеп отыр. Әсіресе, темір шикізатының сапалы және бай қоры бар «Қашар» кеніш орнына үлкен маңыз берілуде. «Соколов-Сарыбай» бірлестігіне қарасты «Қашар» кенішінің қоры бір ғасырға жетеді. Қазіргі оның тереңдігі – 420 метр. Жоба бойынша 800 метрге дейін қазылады. Бұл кеніш орынына теміржол вагондары және ауыр жүк көліктері тартылған. Болашақта конвейермен кен шығару жүйесі іске қосылмақ. Кеніш орынындағы техникалардың барлығы жаңа. Жақында тау-кен жұмысына арналған Hitachi экскавторлары алынды. Әлемде мұндай техникалар санаулы. 180 тонналық алып жүк машинасы қатары таяуда 12 көлікке толықты», – деді. Қазіргі таңда «Соколов-Сарыбай» бірлестігінің жұмысшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясында көптеген игіліктерге қол жеткізілетін болды деп санайды. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «24kz». Фото: kostanay.kz.