04 Маусым, 2014

Мемлекет тағдыры – баршамыздың және әрқайсымыздың тағдырымыз

531 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Мемлекет тагдыры

Председатель АДР АзильхановҚазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат әзілхановпен әңгіме – Жақында Дін істері агент­тігінің құрылғанына үш жыл толды. Атқарылған істер көпші­лік­­тің көз алдында. Десек те, ең бас­ты нәтижелер ретінде нені атар едіңіз? – Қазір Қазақстандағы діни ахуалды тұрақты деп айтуға толық негіз бар. Бұл – осы салаға жұмсалған орасан зор күш-жігердің нәтижесі. Агенттік тарапы­нан мемлекеттің дін саласындағы стра­те­гиялық бағытын айқындаған жаңа заң әзір­леніп, қолданысқа енгізілді. Діни бір­­­лестіктерді қайта тіркеу жұмысы жүр­­­гізіліп, Қазақстанның конфессиялық ке­­ңістігі ретке келтірілді. Осыған дейін рес­­­ми тіркелгенімен, жұмыс істемеген көп­­­теген діни бірлестіктер мен діни бір­лес­­тік деңгейіне жетпейтін діни топ­тар жұ­­мысын тоқтатты. Нақты қыз­мет ат­қа­ратындары өз қызметін жаңа заң та­ла­п­та­ры­на сәйкестендірді. Кон­фес­сия­лар­ға да талдау жасалып, нақты саны ай­қы­н­далды. 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 46 кон­фессияны құрайтын 4551 діни бірлестік тіркелген болса, қазір­гі көрсеткіштерге сәйкес 18 кон­фессияға біріккен 3449 діни бір­лестік қызмет атқаруда. Олар­дың жар­тысынан астамын, яғни 2400-ге жуы­ғын Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасына қатысты мешіттер құрайды. Со­­ны­мен қатар, Орыс православие шір­­кеуіне қатысты 299, Рим-като­лик шір­кеуіне қатысты 84 діни бірлестік қызмет атқа­рады. Қалған азшылық өзге діндерге, не­гізінен, протестанттық ағымдарға тиесілі. Діни рәсімдер мен жоралар­ды тек заңмен белгіленген орын­дарда ғана өт­кізуді жүйеге кел­тіру мақсатында діни ғимарат­тар­дың, мінәжатханалар мен намаз­ханалардың жұмысы ретке келті­ріл­ді. Қазір Қазақстанда 3195 ғибадат үйі жұмыс істейді, олардың 2382-сі – мұсыл­ман мешіттері. Республика бойынша 492 исламдық, 15 православиелік, барлығы 507 мінәжатхана қызмет атқаруда және рәсімдеуден өтуде. Яғни, діни рәсімдер мен жораларды бұрынғыдай әртүрлі мекемелерде, орталықтарда, оқу орындарында, т.б. жерлерде өткізе беруге болмайды, ол тек жоғарыда аталған заңмен белгіленген орындарда ғана жүзеге асуы тиіс. Заң аясында ғибадат ғимарат­та­рын салу тәртібі де белгіленіп, талаптары ай­қын­далды, оларды бұрынғыдай негізсіз сала беруге тосқауыл қойылды. Ендігі жер­де ғибадат ғимараттарын салу кез келген жеке немесе заңды тұлғаның қалауына байланысты емес, заңмен белгіленген тәртіпке және нақты қажеттілікке сәйкес жүзеге асырылады. Бұл үдеріс те мұқият бақылауға алынған. Айта кететін тағы бір мәселе – жаңа заң нормалары бойынша діни бірлестік ре­тінде тіркелмеген ешбір құрылым діни қызметпен айналыса алмайды. Осы талапқа сәйкес қайта тіркеу кезінде қоғам­дық қорлар, қоғамдық бірлестіктер, оқу орталықтары ретінде тіркеліп, діни қызмет атқарып жүрген бірқатар заңды тұлғалар қызметін тоқтатты. Олардың қазіргі іс-әрекеті де ұдайы назарда ұсталуда. – Осы арада діни оқу орын­дарының қызметі қаншалықты реттелді? – деген заңды сұрақ туын­дайды. – Діни бірлестіктермен қа­тар, ел ау­мағындағы барлық діни оқу орын­дары­ның қызметі жүйе­ге келтірілді. 2011 жылдың 1 қыр­күйегіндегі есеп бо­йын­ша, елімізде діни бірлестік ныса­нын­­дағы 29 діни білім беру мекемесі тір­кел­­ген еді. Дербес мәліметтер базасы жа­сақ­талмағандықтан, ола­р­дың саны туралы көрсет­кіш­тер­де ауытқушылықтар көп кез­дес­ті. Сонымен қатар, тір­кеу­ден өт­­кені­мен, нақты қыз­мет ат­қар­майтын діни оқу орын­дары­ның болғаны да жасырын емес. Енді жаңа заң талаптарына сәйкес, діни білім беру ұйымдарын тек республикалық немесе өңірлік діни бірлестіктер ғана құра алады. Сондықтан 2012 жылы жүргізілген қайта тіркеу кезінде бұған дейін діни бірлестік ретінде қызмет атқарып келген діни оқу орындары таратылды. Олардың бір бөлігі республикалық діни бірлестіктер құрамындағы оқу мекемелері ретінде қайта құрылды. Қазір елі­мізде исламдық бағыттағы – 13, христиандық бағыттағы 2 діни оқу орны қызмет атқарады. Олардың барлығы дәстүрлі діндерге тиесілі. Жаңа діни қозғалыстардың оқу орындары тіркелмеген. Осы орайда діни білім алғысы келе­тіндер үшін айта кететін жайт – мұндай білімді тек діни бірлес­тіктер жанынан құрылған арнайы мекемелерде ғана алуға болады. Жоғарыда айтылған қоғамдық бірлестіктер, оқу орталықтары немесе тіл үйрету курстары секілді мекемелер діни білім бере алмайды. Мұндай заңсыз әрекетке барғандар заң алдында жауап береді. Осыны халық білуі тиіс... – Сөзіңіз аузыңызда, бұрна­ғы жылдары «діни білім бере­тін жаз­дық лагерь­лер ұйым­дас­ты­ры­лады» деген хабар­лан­ды­ру­лар­ды көзіміз шалып қалу­шы еді. – Діни білім беретін жаздық лагерьлерге қазір шектеу қойылды. Діни бірлестіктердің діни білім бере­тін лагерь де, мектеп те ұйым­дастыруға құқығы жоқ. Мектеп жасындағы балалар діни білім алғысы келсе, ата-анасының келі­сімімен діни бірлестік жанындағы сауат ашу курс­тарына бара алады. Еліміздегі білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Сондықтан мек­тептерде діни рәсімдер жасалмауы және діни атрибутика қолданылмауы тиіс. Тағы бір назар аударатын нәр­се – жекелеген мектеп оқу­шы­­лары ата-анасының діни көзқарасына байланыс­ты кейбір пәндерге қатыспауы сирек те бол­са байқалып қалып жүр. Бұл, бірін­шіден, білім туралы заңды бұзу деген сөз. Екіншіден, мектеп бағдарламасына қажетсіз, кез­дейсоқ пәндер кіргізілмейді және баланың қалыптасуы мен дамуы­на кері әсер ететін бірде-бір пән оқы­­тыл­майды. Ата-ананың осын­дай қара­пайым заңдылықты түсінбей, қате көзқа­рас­тардың жетегінде кетуін заңсыз әрі зиянды әрекет деп қабылдау қажет. – Осы орайда «халал бала­бақ­ша» мәселесін айқындай кету де сұранып тұрған сияқты. – Бұл – заң түгілі, ақылға сыймайтын нәрсе. «Халал балабақша» деген стандарт еш жерде жоқ, бұ­ған қатысты ешбір заңнамалық тетік те қарастырылмаған. Сон­ды­қ­тан мұндай мекемелер ұйым­дастырылған жағдайда, олар заңдық тұрғыдан тексеріледі. – Ата-аналардың қате көз­қарасы де­мек­ші, қазір діни ұста­ным­дарына бай­ланысты баласына екпе жасатудан бас тарту оқиғалары да кездесіп қалып жүр. Осы мәселеге қатысты не айтуға болар еді?. – Бұл енді шын мәнінде білім­сіздіктің сал­дары. Ешбір дінде ден­саулықты сақ­тауға, күтуге, ауру­дың алдын алуға шек­­­теу қойыл­майды. Керісінше, әрбір өрке­­ниетті дін өз сенушілерінің тән сау­лығы­на үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ислам ұстанымдарына келсек, Мұхаммед пайғамбардың: «Аурудан емде­лің­дер. Алла тағала әрбір аурудың емін қоса жарат­қан» деген хадисі бар. Қаншама ауру­л­ардың емін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзі көрсеткен. Барлық ислам мемлекеттерінде ауру­дың алдын алу құралы ретін­де вакцинаның көптеген түрлері қолданылады. Басқаны былай қойғанда, Сауд Арабиясы Ко­роль­­дігінің өзінде белгілі бір ауру­лар­дың алдын алатын екпе-вакцина қабыл­дамағандарға қажылық жасауға рұқсат берілмейді. Біле білсек, небір жұқпалы жә­не қа­тер­лі аурулардың алдын алып, азамат­тардың өмірін сақ­тап қалу үшін мемлекетіміз рес­пуб­ликалық бюджеттен жылына бірнеше ондаған миллиард теңге қаржы бөледі. Мұндай игілік­ке қолы жетпей, азаматтары, әсіре­се, жас балалары мың-мыңдап жұқ­палы аурулардың құрбаны болып отырған экономикасы нашар қаншама мемлекеттер бар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналықты халқымыз бекер айтқан жоқ. Ал әрбір саналы азамат өзінің денсаулығын сақтаумен қатар, өзгенің денсаулығына қатер төндірмеуді де ойлауы тиіс. Заң тұрғысынан да, дін тұрғысынан да солай. – Әлеуметтік-діни тұрғыдағы мәсе­ле­лерді бір қайырып тастау үшін енді неке мәселесінің де басын ашып ал­сақ. Әңгімені әркімнің көкейінде жүр­ген сауалдан бастағым келеді. Өзі­ңізге белгілі, қазір мешіттерде неке­ні АХАЖ бөлімі берген заңды неке куәлігін көрсеткеннен кейін ғана қию қа­лыптаса бастады. Мұның сыры неде? – Мешіттерде некені АХАЖ бөлімінде ресми тіркеліп, заңды неке куәлігін алғаннан кейін қию мәселесі азаматтардың тағдыры мен құқықтарының қорғалуына деген алаңдаушылықтан туындап отыр. Өйткені, қазіргі кезде өкінішке қарай, неке жиі бұзылатын болды. Ресми тіркелген некелердің жылына үштен бірі бұзылады екен. Ал ресми тіркелмеген күйі бұзылып жатқандары қаншама! Олардың салдарын жалғызбасты ана мен жетім бала құқығын ешбір заңдық құжаты болмағандықтан, қорғау да қиын. Заңдастырылмаған некенің ең сорақы­сы – қазір жекелеген теріс діни топ­тар­дың арасында белең алып отырған ата-анасы­ның келісімінсіз үйлену, әйелін жаратпай қалса, ешқандай жауапкершіліксіз бір ауыз сөзбен талақ етіп тастап кету, көп ұза­май екінші біреуге, оп-оңай үйлене салу, көңілі қаламай қалса, тастап жүре беру секілді ойсыз әрі арсыз құбылыстар. Бұл – нағыз діни надандық пен шектен шығушылықтың көрінісі. Ислам атын жамылған теріс діни ағымдар өкілдері арасында көптеп кездесетін бұл құбылыс – ислам тұрғысынан қатаң айыпталатын іс-әрекет. Исламда отбасы институтына ерекше мән берілетіні, неке бұзылған жағдайдағы ана мен бала күнкөрісінің әке тарапына толық жүктелетіні әрбір мұсылман азаматқа мәлім жайт. Әйел-ана тағдырын тәлкекке салып, оны нәпсіқұмарлықтың нысанасы етуге ислам түбегейлі қарсы. Азаматтарының құқығы мен бостан­ды­ғына нұқсан келтіретін мұндай әрекет­терді мемлекет те қолдамайды. Мемлекет – заңдық институт, кез келген азаматты қандай да бір жауапкершілікке тарту үшін іс-әрекеттердің заңдас­тырылуы қажет. Сол себептен мешіттерде некені АХАЖ бөлі­мін­де ресми тіркеліп, заң­ды неке куәлігін алғаннан кейін қию қажет­тілігі күн тәртібіне қо­йы­­лып отыр. Бұған Қазақстан мұсыл­мандары діни басқар­масы да белсенді қолдау білдіруде. Неке­нің АХАЖ бөлімінде ресми тіркеліп ба­рып, мешіттерде шариғат жолымен қиылуы – зайырлы құқық пен діни құқық үйлесуінің көрінісі. – Орта мектептерге «Дінтану негіз­дері» пәні енгізілгелі бері біршама уақыт өтті. Қандай өзгерістер күтілуде? – Ел азаматтарының дін туралы білімі­нің дұрыс қалыптасуы мектеп қабыр­ғасынан басталуы тиіс. Сондықтан қазір осы бағытқа да күш салынуда. Орта мектептердің 9-сыныбында оқытылатын «Дінтану негіздері» пәнінде әлемдік және дәстүрлі дін­дер, жаңа діни қозғалыстар, те­ріс пиғылды және радикалды діни ағымдар жөнінде негізгі түсі­ніктер берілетіні белгілі. Қазіргі таңда Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапы­нан аталған пәнді заман талабына сай жетілдіру мақсатында ке­шенді шаралар атқарылуда. Пән­нің қоғамтанулық мазмұнын күшейте отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәс­түр­лі құндылықтарын таныту мақ­­сатында «Дінтану негіздері» пәнінің атын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгертуге шешім қабылданды. Пәннің жаңа бағдарламасы жасақталып, маз­мұ­нына өзекті толықтырулар енгізілді. Таяу мерзімде аталмыш пән­нің оқулық, хрестоматия, оқушы дәптері және мұғалімге арналған құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешенін жасау қолға алынбақ. «Зайырлылық және дінтану негіз­дері» пәнінен сабақ беретін мұға­лімдердің біліктілігін арттыру мақсатында 1 айлық мерзімді қам­титын білім жетілдіру курсы­ның жүйелі, толыққанды бағдарламасын жасау және жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпыға бірдей білім беретін орта мектептерді білікті маманмен толық қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарында «Тарихшы, қосымша мамандығы бойынша дінтанушы» педагог кадрларын даярлау мүм­кін­діктері қарастырылып жатыр. – Дінді жалпы халық тұты­натын болғандықтан, діни әде­биеттер мәселесіне де кез келген азамат бейтарап қарамасы анық. Осы орайда бір байқалатыны – бұрынғыдай көше бойлап, есік қа­ғып, діни әдебиеттерді кез кел­­ген жерде кедергісіз тарату үде­ріс­тері саябырлаған сияқты көрінеді. – Иә, бұл да жаңа заңның жа­ғым­ды нәтижелерінің бірі. Діни әде­биеттер мәселесі толығымен дер­лік жолға қойылды деуге негіз бар. Ең маңыздысы – тиісті заң­на­малық актілерге сәйкес дінтану сараптамасы мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Агенттік қызмет ат­қар­ған 3 жыл ішінде еліміздегі діни кітаптар айналымы толық бақылаудан өтіп, 25 000-ға жуық әдебиетке сараптама жасалды. 300-ге жуық әдебиетке теріс қорытынды беріліп, олардың ел аумағында таратылуына тосқауыл қойылды. Түзеу мекемелеріндегі діни кі­­тап­тар толық сараптамадан өт­­кізілді. Мәдениет және бі­лім мекемелеріндегі, діни оқу орын­дарындағы кітаптар да тек­сері­ліп, ретке келтірілді. Агент­тік­тің ұсынуымен радикалды және теріс пиғылды ағымдар идео­­ло­гиясының алдын алуға ба­ғыт­талған ағартушылық маз­мұндағы әде­биеттер мүдделі мем­ле­кет­тік мекемелер арқылы көптеп шығарылуда. Сараптама жүргізумен қатар, діни әдебиеттердің таратылуына да бақылау ор­натылды. Қазір олар республика бойын­ша арнайы стационарлық үй-жайлар ре­тін­де бекітілген 235 кітап дүкенінде және заңмен белгіленген орындарда таратылуда. Дегенмен, азаматтар тарапынан заң нор­маларын білмегендіктен немесе заңға мойынұсынбаушылықтан туындаған заң­сыз діни әдебиеттер тарату фактілері де жоқ емес. Мұн­­дайда тиісті органдар тара­пы­нан нақты әкімшілік шаралар қол­данылады. Өткен жылы осындай 78 факті анықталып, айыпты тұлғалар әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. – Дін тарату дегенде миссио­нерлік тура­лы сұрақ ойға орала кетеді. Бай­қауымызша, елімізде миссио­нерлердің қара­сы аз емес. Олар жайлы заңнама не дейді? – Заңнама бойынша Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының, шетел­­діктер мен азаматтығы жоқ адам­­дардың миссионерлiк қыз­­мет­пен айналысуына тыйым са­лынбаған. Мұндай тәжірибе әлем­дік қоғамдастықтағы діни сенім бос­тандығын қамтамасыз ететін мем­лекеттердің барлығына дерлік тән. Бірақ, бұл миссионерлік қызмет­ке шектеусіз құқық берілген деген сөз емес. Біріншіден, миссионерлік қызметті жүзеге асырушы тұлға мін­­детті түрде тіркелуге және жыл са­йын қайта тiркеуден өтуге тиіс. Ол миссионерлік қызметпен тиіс­ті құ­жаты болған жағдайда ғана ай­налыса алады. Екіншіден, мис­сио­нерлік қызметтің заң ая­сын­да­ғы өзіндік талаптары бар, ол та­лап­тарға сәйкес келмеген тұл­ға­­ны миссионер ретінде тір­кеу­ден бас тартылатыны да заңна­ма­да көрсетілген. Үшіншіден, мис­сио­нер­дің ел аумағындағы қыз­меті де нақ­ты өңірлермен шек­теледі. Ол тек өзі тіркелген өңірде, өз діни бір­лестігіне мүше азаматтар ара­сын­да ғана діни қызмет атқара алады. Осындай бақылау шараларының нәти­жесінде соңғы жылдары елі­міз­дегі миссионерлер саны 300-400 ара­лығын­дағы тұрақты көр­сеткіштен артып отырған жоқ. Миссионерлердің басым бөлі­гі еліміздегі католиктік және право­славиелік діни бірлестіктердің өкіл­дері болып келеді. Заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асыру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде заңмен қадағаланады. Өт­кен жылы осындай ниеттегі 70 адамға айыппұл салынып, тиісті әкімшілік шара қолданылды. – Ғаламтор кеңістігі де назар­дан тыс қалып отырмаған болар? – Иә, діни-экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық кеңістігіне шектеу қою бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Агенттік тарапынан 5000-ға жуық ға­ламтор ресурсына монито­ринг жүргізілді, 176 материалға дін­­тану сараптамасының теріс қоры­тын­дысы берілді. Оның 45-інің Қазақстан аума­ғында таратылуына тосқауыл қою жөніндегі сот шешімдері шықты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағартушылық бағыттағы «E-islam» порталы жасақ­талып, іске қосылды. Соны­мен қатар, танымал әлеу­меттік желі­лерде Агенттіктің ресми па­рақ­­­тары ашылды. Агенттіктің рес­ми сай­ты үздіксіз әрі сапалы түрде жұ­мыс жүр­гізуде. Дін саласындағы бас­ты оқи­ғалар, қабылданған нормативтік-құ­қық­тық актілер, жаңа құрылымдар мен ха­лық­аралық шаралар сайтта жедел көрініс та­бады. Агенттік сайтын пайдаланушылар қатарында еліміздің ғана емес, Ресей мен АҚШ-тың, басқа да алыс-жақын шет­ел­дердің өкілдері көптеп саналады. Пайдаланушыларды қызықтыратын бар­лық сауалдарға жауап берілетін арнайы блогтар да сайтты тартымды ете түсуде. – Агенттік құрылған кезеңнен бас­тап қолға алған шаралардың бірі ақпараттық-насихат жұмыс­тары болғанынан көзі қарақты оқырман хабардар. Бұл саладағы жұмыстар да жалғасын тапқан болар? – Әрине, жалғасуда. Орасан зор күш-жігер дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұ­мыс­тарға жұмсалып келеді. Ақпа­рат­тық-насихат топтары мен бұ­қа­ралық ақпарат құралдары ар­қы­лы тұрғын халыққа үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жасөс­пірімдер, жастар және әйелдер аудиториясына арналған мақсатты жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағытта жүргізілетін жұмыстардың елеулі бөлігі радикалды және теріс пиғылды діни ағымдар идео­логия­сының алдын алу шараларына арналса, ендігі бір бөлігі осындай ағымдар ықпалына түскен тұлғаларға тікелей бағытталған. Ақпараттық-насихат топтарына қажетті жүздеген ақпараттық-әдістемелік материалдар дайындалып, жарық көрді, тұрғын халыққа және мақсатты аудиторияларға таратылды. Айтылғандардан басқа, Агент­тік­тің үйлестіруімен Діни бір­лес­­тіктермен байланыстар жө­нін­дегі кеңес, Үкіметтік емес ұйым­дармен жұмыс жөніндегі кеңес, Консультативтік-сарап­та­ма­лық кеңес, БАҚ-тарда діни тақырыптарды жариялау жөнін­дегі әдістемелік кеңес секілді құ­ры­лымдар дін саласындағы сая­сатты сауатты да байсалды түрде жүргізу мақсатына жұмыл­дырылуда. Теріс пиғылды діни ағым­дардан зардап шеккендерге көмек көрсететін 25 ұйым еліміздің бар­лық аймақ­тарында қызмет атқаруда. – Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мемлекет­тің жаңа сая­­си бағыты» атты Қазақ­стан хал­қына Жолдауында қазақ­стан­дықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мә­дени нормаларына сәйкес қа­лыптастыру міндетін атап көр­сеткен болатын. Бұл бағытта Агенттік қандай жұмыстар жүргізуде? – Біздің қазақстандық қоғамның жағ­дайында қазір дін және дәстүрлі құн­ды­лықтар үнқатысуы маңызды орын ала­ды. Теріс пиғылды діни ағымдар идео­л­огиясының ең жа­ғымсыз ықпалы дәс­түрлі рухани-діни құндылықтарды ыды­рату арқылы діни сананы өзгерту үде­­рісі болып отыр. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалып­тасқан құн­ды­лықтарды күйрету арқылы өзін ор­нық­тыруға жол ашады. Ал бұл өз кезе­гінде дәс­­түрлі құндылықтармен бір­ге, ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қа­лып­тас­тыр­ған құндылықтарды қор­ғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бү­тін­дігін қор­ғау болып табылатыны сөзсіз. – Дәстүрлі құндылықтар демекші, қазір қазақтың мұсыл­мандығына күмәнмен әрі сынмен қарайтындар саны көбейген секілді. Бір байқалатыны, ондайлар қазақтың өз арасынан шығып отыр... Сіз не дейсіз? – Қазақ – мың жылдан бері мұсылман халық. Оның дәстүрі мен дүниетанымы исламмен балталаса бұзылмастай болып тамырласқан. Біз кімнің алдағанына арбалып, өткенімізді өнегесіз, тарихымызды тұлдыр демекпіз? Біздің дініміз – біздің рухымыз. Ол – біздің өткеніміз, бүгініміз, болашағымыз. Оны зерттеп-зерделеуге әркімнің құқығы бар. Бірақ тер­геп-тексеруге, айыптап, қа­­ра­­лау­ға, күзеу мен бұзуға ешкімнің құқығы жоқ. Қазақ исламға бүгін келген жоқ. Мың жыл бойы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) салған жолмен жүрген ұлт­тың ұлы ғұламалары қалдырған ата дініміз – ислам. Сондықтан бүгінгі дін атын жамылып, саясатқа суарылған жатжұрттық ілімдердің мақсатын үйрету емес, күйрету деп бағалаған жөн... – Сөзіңіз аузыңызда, еліміздегі мешіт жамағаттарының ара­сынан жік шығып, екіге жарылу көрініс беруде. Ислам­ның бөлінуді емес, бірігуді наси­хаттайтындығына қара­мас­тан, оның ішінде алауыз ағымдар пайда болды. Дін саласындағы уәкілетті органның бұл мәселедегі ұстанымы қандай? – Еліміздің тарихымен, мәдениетімен, рухани құнды­лық­тарымен қабыспайтын жат діни көзқарастарды насихат­тап жүрген кез келген ағым қазақстандық қоғам­ның дәс­түр­лі ұстанымдарына, ішкі тұ­рақ­тылығына нұқсан келтіреді. Мұн­дай шетін құбылыстармен күресу – Агент­тіктің де, басқа мемлекеттік органдар мен тиісті құрылымдардың да басты міндеті. Ислам атымен әрекет етіп жүр­ген жат көзқарастағы ағым­дарға келсек, ел аумағында өз ұстанымдарын насихаттайтын мұндай топтардың бар екені жасырын емес. Рухани тамырынан, дәстүрлі құндылықтарынан қол үзіп қалған бүгінгі буынның бірқатар өкілдері осындай шетін идеологияға алданып, өз ұлты­ның салт-санасына, дәстүрлі құнды­лықтарына қарсы шығуда. Агенттік жүргізетін ақпараттық-насихат жұмыстарының пәрменді бөлігі осындай адасқан азаматтарымызға түсіндіру және қайта бейімдеуге бағытталуда. Осы тұста атап өтуге тиіс бір жайт бар. Бас мүфти Ержан Мал­ға­жыұлы бас­та­ған имамдар тарапынан мешітке келе­тін халыққа бөлінбей, бір жамағат бо­лып бірігіп, ынтымақ құрып, бір-бірі­не түсіністікпен қарап, туындаған мәсе­лелерді үнқатысу және түсіндіру арқылы шешу ба­ғытында жасалып жатқан жұ­мыс­т­ар зор. Қолға алынған игі істердің нә­ти­жесінде еліміздің мешіттерінде мұн­дай келеңсіз жағдайлар азайып келе жатыр. – Халықтың санасын сан тарапқа тартқылап жүрген теріс пиғылды секталардың әрекетіне қатысты не айтар едіңіз? – Теріс пиғылды секталардың іс-әрекеті де Агенттік назарынан тыс қалып отырған жоқ. Ресми түрде тіркелген діни бірлестіктердің нақты бақылауда болатыны белгілі. Ал секталық сипаттағы діни ұйым­дар көбіне идеология түрінде қыз­мет етеді. Сондықтан оларға қар­сы күрес те идеологиялық-ағар­ту­шылық си­патта жүргізіледі. Жоғарыда сана­ма­­ланған Агенттік жұмыстарының әр­бі­рінде дерлік секталық сипаттағы діни ұйымдарға қатысты іс-қимылдар қам­тылған. Ал азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, имандылығына нұқ­сан келтіретін, отбасының бұзылуына, т.б. бүлдіргіш әре­кет­­терге себеп болған нақ­ты жағ­дай­лар айқындалғанда бұған өз құ­зыреттері шегінде құқықтық органдар да араласып, тиісті шаралар қолданып келеді. Осы орайда мен Қазақстан аза­мат­­тарын қырағылық пен белсен­ділік таны­туға шақырар едім. Сек­та­лық сипаттағы ағымдардың қоғамға тигізген зардабы туралы ауызекі әңгімеде көп айтылады, ал азаматтар нақты жағдайлар бойынша құқықтық органдарға шағым жасауға келгенде енжарлық танытады. Жекелеген діни ағымдардың насихаты салдарынан отбасынан айырылған, зайырлы білім алудан, ақы төленетін еңбектен, медициналық көмектен бас тартқан және соның кесірінен зардап шеккен жандар туралы олардың ата-анасы, ағайын-туыстары, достары дер кезінде тиісті орындарға хабарлап отыруы қажет. Осы орайда дін саласына қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтардан ақпарат қабылдауға, теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккендерге кеңесшілік-психологиялық көмек көрсетуге арналған «Қауырт желі – 114» қызметін пайдалану қажеттігін көпшілік назарына салғым келеді. Бір ғана мемлекеттік органның мүм­кін­дігі бәріне бірдей жете бермейді. Көп болып көтерген жүк қашанда жеңіл болады. Оның үстіне адам тағдыры, азамат тағдыры ешбірімізді бейжай қалдырмауы тиіс. Жеке адам тағдырынан мемлекет тағдыры құралады. Ал мемлекет тағдыры – баршамыздың және әрбіріміздің тағдырымыз. Біз осыны есте сақтауымыз қажет. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».