Қоғам • 02 Желтоқсан, 2022

Шекараны бүкіл ел қорғайды

569 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хантәңірінің етегі, Райымбек батырдың мекенінде қоңыр тіршілік кешіп жатқан халықтың шекарашыларға деген көңілдері алабөтен. Осы өңірден құрылған ерікті жасақшылар тобы бар. Бұл өз алдына, Сүмбе ауылының үлкені мен кішісіне дейін қырағы. Мал қайырып жүріп, шекараға жақын маңнан бөтен адамды байқап қалса, дереу шекарашыларға хабарлайды. Мұны шекараны шекарашылар ғана емес, бүкіл ел қорғайды деп білгендіктен жасайды.

Шекараны бүкіл ел қорғайды

Сүмбе ауылының Абай атындағы орта мектебінде қырағы тұрғындарды ұлықтауға арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға Райымбек аудандық мәслихатының депутаты Е.Жұмаханов, Сүмбе ауылдық округінің әкімі Е.Бестібаев бастаған ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары, сондай-ақ Шекара қызметінің ардагері отставкідегі полковник Қазақбай Ертішпаев қатысты. Ел шебінде ізі сайрап жатқан саңлақ сардардың шекара түбіндегі ауылға алыстан ат арылтып жетуінің өзіндік себебі бар. Қазақбай аға сонау 70-ші жылдары өзінің ел шебіндегі алғашқы қызметін осы ауылдың шетіндегі шекара заставасында бастаған. 

«Отан шекарадан – демек дәл осы ауылдан, сіздерден басталады», деді подполковник Қ.Әділов. Ол мемлекеттік шекараны қорғау ісіне белсене атсалысып жүрген азаматтарға алғысын айтып, жыл басынан бері ұсталғандардың ішінен 20-дан астам шекара бұзушының жергілікті тұрғындардың арқасында қолға түскеніне тоқталып өтті.

Бұдан кейін сөз тізгінін алған ҰҚК Шекара қызметінің «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері отставкідегі полковник Қ.Ертішпаев «Шекараны бүкіл халық қорғайды» ұранының әсіресе шекара аймағы үшін маңызы зор екенін айта келіп, ел шебіндегі өз басынан өткізген қызықты оқиғаларымен бөлісті.

«Біз де жас, біз де өз елінің патриоты болдық. Бойымыздағы осы рух бізге күш беріп, күні-түні шекарадан шыққан жоқпыз. Халықпен тығыз араласып, шекараны бірге қорғадық. Осында отырған ерікті жасақшылар ол кезде өздеріңдей мектеп балалары болатын. Шекарашыларға қарап бой түзеген балалар да аз болған жоқ. Мектеп бітірген сол балалардың ішінен шекарашылардың оқуына түсіп, офицер атанғандар да болды. Сендерден де сондай патриоттық рухты, Отандарыңа деген сүйіспеншілікті күтемін», деді Қ.Ертішпаев.

Іс-шара барысында жергілікті тұрғындардың ішінен шекараны күзету ісіне белсене атсалысқан ауыл азаматтары ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының мақтау грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ шекара қызметкерлеріне «Шекара қызметіне – 30 жыл» мерекелік медалі де табысталды.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.