Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауы мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен серпіліс алып келді. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн», деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Жолдауды басшылыққа алған қоғамда бүгінде көптеген игі бастамалар жүзеге аса бастады. Соның бірі жуырда Кентау қаласында өтті. Шағын шаһарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тігін цехы іске қосылды. Мұнда алдымен мүмкіндігі шектеулі жандар дәріс алып, тігінші мамандығының қыр-сырын үйренуде. Мамандар үш айда 30 мүгедек жанға оқуды аяқтағандығы жөнінде сертификат бермек. Ал кәсіби маман атанғандары осы жерде тұрақты жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, тігін цехының жұмысы толық жүйеге қойылған кезде арнайы тапсырыстар арқылы кез келген киім түрлерін тігуді жоспарлап отыр. Жобаның негізгі үйлестірушісі «Асар» ОҚО мүгедектер қоғамдық бірлестігі.
– Елбасымыз өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсетілуі керектігін, бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз екендігін айтып өткен болатын. Жолдауда көрсетілген айқын басымдықтарды жергілікті жерде жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Мүгедек жандарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша да атқарып жатқан істеріміз бар. Әлеуметтік нысандарға пандустар орнатуға мекеме басшылары көңіл бөле бастады. Олар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауылшаруашылық кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Біз оларға осындай жұмыстарды ұсыну арқылы белсенді өмірге тарта аламыз. Сонда ғана олар өздерін қоғамның мүшесі, еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біз тек мүмкіндік беруіміз қажет, – дейді «Асар» ОҚО қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жораходжа Тасходжаев.
Бүгінде үкіметтік емес ұйымның облыста 20 мыңнан астам мүшесі бар. Соның 800-ге жуығы Кентау қаласында тұрады. «Сәби» қайырымдылық қоры сыйға тартқан екіинватакси де Түркістан, Кентау қалаларындағы жарымжан жандарға қызмет көрсетуде. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да жүріп-тұруы қиын жандардың үйлеріне барып, өз көмектерін беруде. Қоғамдық бірлестікке мүше азаматтардың ішінде өнерлі жастар өте көп. Олар әсем ән айтып, қолөнермен де айналысады. Түркістандықтар өткен жылы ел көлемінде өткен «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты республикалық акцияда үлкен сахнаға шығып, жүлдемен оралған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуларына да толығымен жағдай жасалған. Тіпті, өз араларынан жасақталған волейбол командасы мен теннисшілер Атырау, Шымкент қалаларында өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралыпты.
Қоғамдық бірлестік жергілікті әкімдікпен бірлесіп әр ай сайын 10 мүгедек жанды республикадағы оңалту орталықтарына, демалыс орындарына жіберіп отырады.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.