1993 жылы екі тарап Үкіметаралық бірлескен комиссия құрды. Содан бері ол екіжақты диалогтің барлық аспектісі бойынша негізгі алаңға айналды. Таиланд астанасы Бангкок пен Қазақстанның бас қаласы Астана, сондай-ақ Таиландтың әлемге әйгілі туристік орны Паттайя мен Қазақстанның үшінші ірі қаласы Шымкент «бауырлас қалалар» атануы да – екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ынта-ықылас айғағы.
Екі ел өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге ниетті. Қазіргі уақытта Қазақстан Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып саналады. Екіжақты сауда 2021 жылы 64,94 млн долларды құрады. Таиландтан Қазақстанға экспортталатын негізгі тауарлар – автомобильдер мен оның бөлшектері, машиналар, пластикалық табандықтар, тоңазытқыштар, резеңке бұйымдар, асыл тастар, зергерлік бұйымдар және медициналық жабдықтар. Инвестициялық салаға келетін болсақ, екі ел ынтымақтастығын кеңейту үшін әлі де зор әлеует бар. Қазіргі таңда мұнай-газ саласында прогреске қол жеткізілді. 2018 жылы Тайландтың PTT Public Company Limited компаниясы мен Қазақстанның «ҚазСтройСервис» компаниясы Таиландта ұзындығы шамамен 200 шақырым болатын 5-ші газ құбыры жобасының құрылысы бойынша 150 млн доллардан астам сомаға келісім жасасты. Таиландтың Қазақстанға салатын инвестициясына келсек, 2019 жылы осы елдің PTT Public Company Limited компаниясы Маңғыстау облысындағы игеріліп жатқан мұнай кен орны – Доңға жобасындағы Partex Holding B.V. акцияларының 20 пайызын сатып алды. Тайландтың жетекші агроөнеркәсіптік конгломераты Charoen Pokphand Алматыдағы үй жануарларына арналған азық өндірісі бизнесіне шамамен 700 мың доллар көлемінде инвестиция құйды. Ал Charoen Pokphand компаниясы Қазақстанды Орталық Азиядағы өз өнімдерін өткізетін орталық ретінде пайдалануға ұмтылып отыр.
Адамдар арасындағы қарым-қатынас тағы бір келешегі бар сала болып саналады және ол Таиланд пен Қазақстанның арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл Таиландтың қазақстандық туристер үшін ең таңдаулы туристік бағыттардың бірі ретінде танымал екендігінен байқалады. COVID-19-ға дейінгі кезеңде Таиландқа 50 мыңнан астам қазақстандық турист келді. Қазіргі таңда «Air Astana» авиакомпаниясы Таиланд пен Қазақстан арасындағы тікелей рейстерді қалпына келтірді. Осыған орай Таиландқа келетін қазақстандық туристер саны артады деп болжанып отыр. Бұған қоса, 2022 жылдың 1 қазанынан бастап Таиланд COVID-19 сыныптамасын қауіпті жұқпалы аурудан бақылаудағы жұқпалы ауруға дейін төмендетті. Сондықтан Таиландқа келетін саяхатшылардан бұдан былай вакцинация дәлелі немесе тест нәтижесін көрсету талап етілмейді. Ал Қазақстанға COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін бірнеше мың таилық барған. Олардың саны алдағы кезде, яғни COVID-19 пандемиясы эндемиялық сипатқа ие болған кезде өсе түседі деп болжанып отыр. Өйткені табиғаты сұлу жерлері мол, кең-байтақ аумаққа ие Қазақстан Таиланд саяхатшылары үшін бірегей туристік бағыттарды ұсынады. Қазақстан Үкіметі берген 30 күндік визасыз режім және Таиланд Корольдігінің Үкіметі бекіткен ұшып келгенде берілетін 15 күндік визаны тағы 15 күнге (2022 жылдың 1 қазанынан 2023 жылдың 31 наурызына дейін) ұзартуға рұқсат ету екі ел адамдарының арасындағы байланыс пен туризмді ілгерілетуге үлкен үлес қосқаны күмәнсіз.
Көпжақты ынтымақтастықта Таиланд пен Қазақстан тең де маңызды серіктестер ретіндегі ынтымақтастық байланыстарын сақтаумен қатар, бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, мұндай ынтымақтастықты Таиландтың Қазақстан негізін қалаушы және қазіргі төрағасы болып отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) белсене қатысуынан көруге болады. АӨСШК-ке келсек, Таиланд АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің барлығының орнықты даму саласындағы әлеуетін арттыруға көмектесу үшін орнықты даму және Таиландта әзірленген жеткіліктілік экономикасының философиясы (SEP) бойынша әртүрлі оқыту курстарын ұйымдастыру арқылы орнықты даму саласындағы Сенімді Нығайту Шараларын іске асыру жөніндегі үйлестіруші рөлін атқаруға ұмтылады. Таиланд пен Қазақстан достық қарым-қатынастарын Азиядағы ынтымақтастық диалогі (ACD) және Азия-Еуропа кездесуі (ASEM) сияқты аймақтық алаңдарда да жалғастыруда. Жаһандық ауқымда, мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымында Таиланд пен Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, дауларды бейбіт жолмен шешу сияқты мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас.
Таиланд пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өту мақсатында 2022 жыл ішінде ірі мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Таиланд Корольдігінің Премьер-министрі, генерал, жоғары мәртебелі Прают Чан-Оча мен Қазақстан Республикасының Президенті, жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның құттықтау ноталар алмасуы символдық ишарат және осы айтулы оқиғаны атап өту болып саналады. Таиланд Корольдігінің Астанадағы елшілігі екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге септесетін, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығын мерекелеуге арналған бірнеше іс-шараны ұйымдастыруда шешуші рөл атқарды. Қазақстандықтар арасында тай мәдениетінің танымалдылығын ескере отырып, 2022 жылдың қыркүйегінде муай-тайдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Оған Таиландтан 5 кәсіпқой боксшы қатысып, қазақстандық боксшылармен күш сынасты, сондай-ақ жас қазақстандықтарды тай боксы өнерімен таныстыру мақсатында мастер-класс өткізді. Тағы бір есте қаларлық іс-шара – 2022 жылдың қазан айының ортасында Орталық Азия тұрғындарын тай фильмдері арқылы тай мәдениетімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылып, Орталық Азияның барлық елінде әлеуметтік желі платформаларында көрсетілген Тай кинофестивалі.
Келесі тарауға зер салсақ, Таиланд пен Қазақстанның екіжақты ынтымақтастығын дамыту мен кеңейту үшін кең мүмкіндік пен әлеует бар орасан кеңістікті көреміз. Екі елдің географиялық тұрғыдан қашықта екеніне қарамастан, олардың өзара пайдалы болуы үшін пайдалануға болатын ортақ сипаттары бар. Екі елдің Азиядағы стратегиялық жағдайын, Таиландтың ASEAN – материгінің орталығында, ал Қазақстанның Орталық Азияның орталығында орналасқанын ескере отырып, екі ел де өңірішілік және өңіраралық экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерді біріктіруде орталық буындар ретінде қызмет ете алады және маңызды рөл атқара алады.
Шығыс экономикалық дәліз немесе EEC – Таиланд Корольдігі Үкіметінің инвестициялық саладағы флагманы бұл мақсатты айтарлықтай толықтыра алады, өйткені ол Таиландты ASEAN-ның жетекші экономикалық аймағына және ASEAN елдерімен, Азия-Тынық мұхиты өңірімен, Үнді мұхиты жиегімен және одан тыс жерлермен, құрлық, теңіз және әуе арқылы тығыз байланысы бар технологиялық өндіріс пен қызмет көрсету орталығына айналдыруға бағытталған. Елдің Таиландты инновациялық және құндылықтарға негізделген салаға айналдыруға арналған 20 жылдық «Тайланд 4.0» стратегиясының негізіне алынған EEC бұрынғы танымал Шығыс жағалауының кеңейтілімі болып саналады және өзін бастапқы кезде елдің үш шығыс провинциясында, атап айтқанда, Районг, Чонбури және Чачоенсаода шоғырланған өңірлік даму бастамасы ретінде көрсетіп отыр.
EEC-ке 12 мақсатты S бейнелі сала кіреді, атап айтқанда, (1) жаңа буын автомобиль жасау, (2) зияткерлік электроника, (3) озық ауыл шаруашылығы және биотехнология, (4) болашаққа арналған азық-түлік, (5) құны жоғары және медициналық туризм, (6) автоматтандыру және роботтехника, (7) авиация және логистика, (8) медициналық және кешенді денсаулық сақтау, (9) биоотын және биохимия, (10) цифрлық сала, (11) қорғаныс және (12) білім беру мен адам ресурстарын дамыту. EEC сонымен қатар осы 12 мақсатты саланың орны болуға тиіс ілгерілетуші аймақтарды қамтиды. Бұл ілгерілетуші аймақтарға жоғары жылдамдықты темір жол таспасына арналған EECh, цифрлық паркке арналған EECd, медициналық орталыққа арналған EECmd, инновациялық платформаға арналған EECi, EECa немесе Шығыс әуежай қаласы және Genomics Thailand-қа арналған EECg кіреді. Арнайы инвестициялық ынталандырулар мен қосымша артықшылықтар EEC салаларындағы инвесторлардың нақты қажеттіліктерін ескеріп әзірленген (https://www.eeco.or.th/en/incentives-schemes).
Таиланд пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір әлеуетті бағыты – Таиланд Корольдігі Үкіметі COVID-19 пандемиясынан кейін орнықты қалпына келтіру және әлдеқайда жасыл болашаққа арналған Таиланд ұлттық стратегиясы аясында қабылдаған Биоциклді жасыл экономика моделі (BCG экономика моделі). Таиланд адам құқықтарын кеңейтуге және орнықтылыққа бағытталған даму тәсілі ретінде әзірлеген жеткіліктілік экономикасы философиясын (SEP) басшылыққа ала отырып, BCG экономикалық моделі қалпына келтіруді ғана емес, сонымен қатар 2030 жылға қарай Орнықты даму мақсатына (SDG) қол жеткізуге бағытталған. BCG моделі ресурстардың тиімділігіне, қалдықтарды азайтуға және төмен көміртегі шығарындыларына негізделген экономикалық өсуге күш салады. Таиланд контекстінде бұл модель төрт саланы, атап айтқанда, (1) ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері, (2) медицина және денсаулық, (3) биоэнергетика, биоматериалдар мен биохимикаттар, (4) туризм мен креативті экономика салаларын ілгерілету үшін қолданылады.
Таиланд биыл Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығына (АТМЭЫ) төрағалық ететіндіктен және АТМЭЫ Экономикалық көшбасшыларының кездесуі 2022 жылдың қараша айында өткендігіне байланысты, АТМЭЫ-ны барлық мүмкіндікке ашық етуді, барлық өлшемде бірігуді және барлық аспектіде теңдестіруді елдің басымдығы етуге тырысты. Таиландтың «Аш. Қос.Теңдестір» тақырыбы COVID-19 пандемиясынан туындаған кедергілерді жоюға және BCG экономикалық моделін Азия-Тынық мұхиты экономикасына интеграциялау арқылы өсімге қол жеткізуге арналды.
Таиланд Корольдігі елшілігі