Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2022

Үздік әрі белсенді үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

410 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағандыда еліміздің түкпір-түкпірінде тең қоғам үшін тынымсыз еңбек етіп жүр­ген үкіметтік емес ұйым­дарға республикалық сый­лықақы тапсырылды. Атаулы іс-шараға Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы қатысты.

Үздік әрі белсенді үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

Үкіметтік емес ұйымдарға сый­лықақы оларды ынталандыру үшін 2017 жылдан бастап беріліп келеді. Бұл сыйлық – аталған ұйымдардың әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге қосқан үлесіне тарту. Биылғы респуб­ликалық байқауға 15 бағыт бойынша еліміздің 213 үкіметтік емес ұйымы қатысса, ірік­теу кезеңіне оның 189-ы өткен екен. Соның 54-і жеңімпаз деп танылып, Қарағанды қаласында марапаттау рәсімі өтті.

– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елде­гі қоғамдық-саяси реформа­лардың жаңа бағытын жариялады. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық берілгені белгілі. Үкі­меттік емес ұйым өкілдері ха­лық пен билік арасындағы байла­ныс­ты нығайтып, қоғамдық диа­лог­­тің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан да біздің негізі мақсаты­мыз­дың бірі – олар­дың әлеуметтік баста­маларына қол­дау көрсету, көтерілген мәселенің шешімін табуына жағдай жасау. Мемлекеттің аза­маттық қоғам институтына қа­тыс­ты тиімді жұмысының арқасында бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қатары 5 есеге артып, олардың саны 23 мыңға жетті. Соңғы 18 жылда әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс көлемі аймақтарда 100 пайызға ұлғайды. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін көрсетеді, – деді Дархан Қуандықұлы.

Бұл марапатты бүгінге дейін рес­публикада 300-ге жуық ұйым иелен­ген екен. Биыл байқауға қатыс­қан­дарды сараптаған қазылар алқасы да жаңарған. Сонымен әлеуметтік бастамалар мен белсенділігі үшін еліміздің әр өңіріндегі үкіметтік емес ұйымның 54 өкілі жеңімпаз атан­ды. Жеңімпаздардың 21,8 пайы­зы – әлеуметтің осал топтарды қол­дау, 12,7 пайызы – білім, 10 пайы­зы – ақпарат, денешынықтыру, спорт саласындағы, 10,9 пайызы – халық­ты жұмыспен қамту, 9 пайызы – жас­тар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау бағытындағы, 15 пайызы ауылдық үкіметтік емес ұйымдар.

Жалпы, елдің бар өңірінде 52 азаматтық орталық жұмыс істейді. Ол орталықтар үшінші сектор әлеуе­тін арттырып, үкіметтік емес ұйым­дарға бір терезе қағидаты бойынша әдіс­темелік қолдау көрсетіп келеді. Осы іс-шара аясында үкімет­тік емес ұйым­­дардың жобалық порт­фелі 15 мың­­ға дейін өскен. Соны­мен бірге Дар­­хан Қыдырәлі министрлік тара­пы­нан азаматтық сектормен жұмыс істеу, ҮЕҰ-мен жобалық ын­ты­мақ­тас­тық­ты трансформациялау бойынша бір­қатар бастама қолға алынғанын айтты.

– Үкіметтік емес ұйымдарды қар­жы­­лай қолдау тетіктерін жетіл­діру бойынша заң қабылданды. Заң ая­сында қоғаммен жұмыс істейтін жаңа мемлекеттік қолдау тетігі – стра­тегиялық әріптестік енгізілді. Ауыл­дық жерлердегі азаматтық бас­тамаларды қолдау тетігі әзір­ленді. Гранттық қаржыландыру жүйе­сін ауылдық қоғамдық ұйым­дар­дың сұранысына бейімдеп, жеңіл­де­тілген режім ұсынылды. «Қоғам­дық бақылау туралы» заң жоба­сы әзірленді, – деді Дархан Қуандықұлы.

Министрдің сөзінше, саладағы басты стратегиялық құжат – елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2030 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы іске асып жатыр. Волонтерлік қыз­метті дамыту арқылы азаматтық бел­сенділікті арттыру шарасы қабыл­данып келеді.

Жұмыс сапары барысында министр Қарағанды қаласындағы Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орта­лы­ғының ашылуында болды. Кеше ғана есігін айқара ашқан Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орта­лығы Қарағанды қаласының жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ашылды. Он екі маман мүмкіндігі шектеулі жандарға бар­лық қажетті ақпараттық-консуль­тациялық және ресурстық қолдау көрсетуге дайын.

– Бұл жобаның басты мақсаты – оларды әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттандыру және кеңес беру. Біз әлеуметтік бейімделуге, Мем­ле­кеттік қызметтерді алу үшін құжат­т­арды ресімдеуге, оңалтудың тех­ни­калық құралдарын таңдауға көмек­тесеміз. Біз әлеуметтік қызметтер порталы жұмысының қыр-сырын түсіндіре аламыз. Біздің орталықта заңгер мен психологтің кеңестері де қолжетімді, – деді орталық басшысы Аслан Қабегенов. Орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бар. Қызметкерлер онлайн және офлайн форматта да көмекке дайын.

Өңірге сапары аясында министр Мүгедектердің халықаралық күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты. 3 желтоқсан – БҰҰ ұйғарымы бойынша Мүгедек адамдардың халықаралық күні болып жарияланған. Бұл күннің мақсаты – инклюзивті қоғамды дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға тең құқылы азамат ретінде араластыру. Елімізде мүгедек жандардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бар. Мүгедектіктің алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту бүгінде қоғамның басты назарында.

Деректерге сүйенсек, аймақта 55 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғын тұрады. Ол – облыс тұрғындарының 5 пайызға жуығы. Облыс бюджеті­нен оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін 1 млрд теңге қаржы бөлінген. 2021 жылдан бас­тап, мұндай құрал-жабдықтарды «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы тапсырыс беріп, алуға мүм­кіндік жасалған.

– Өмірдің қиындықтарына мо­йымай, мәселелердің шешім табуына үлес қосып жүрген жандар бүгін ортамызда. Сіздердің бой­ларыңыздағы қайсарлық, өмірлік ұстаным біз үшін зор өнеге. Сіздер облыстың ең белсенді азаматысыздар. Облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі мемлекеттік қол­дау көрсетіледі, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

2022 жылы 25 мың азамат оңал­ту­ға қажетті құралмен қамты­лып, көмек көрсетілген. Бүгінде аймақ­та арнайы әлеуметтік қызмет көрсе­тетін 70 ұйым бар. Бірінші жарты­жыл­дықтың қорытындысы бойынша мұндай қызмет түрінің игілігін 9 мыңнан астам адам көріпті. Аймақта мүгедектермен жұмыс жөнінде әкім кеңесшілері бар. Мүмкіндігі шектеулі 4 тұлға жергілікті билік ұйымдарына ұсынылған. Облыстың 11 өңірінде «Инватакси» – тегін көлік тасымалы оң жолға қойылыпты.

Ал салтанатты іс-шарада аймақ­та азаматтық ұстанымдарымен әлеу­мет­тік мәселелер түйінінің шеші­луіне мұрындық болған бірқатар үкіме­ттік емес ұйым өкіліне марапаттар тапсырылды.

 

Қарағанды